Шахмат • 16 Сәуір, 2023

Непомнящий тағы да алға шықты

236 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада жалауы желбіреген классикалық шахматтан биылғы әлем чемпионатының бәсекелері бел ортасына таяп қалды. Бес партияның қорытындысы бойынша ресейлік Ян Непомнящий 3:2 есебімен алда келеді. Бүгін гроссмейстерлер алтыншы партиядан кейінгі үшінші демалыс күнін өткізіп жатыр.

Непомнящий тағы да алға шықты

Дин дес берер емес

Шахматтан әлем тәжіне үміт­кер қытайлық Дин Лижэнь барша жанкүйер мен сарапшыларды таңғалдырып, төртінші партияда әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Бәсекені ағылшындық жүріспен бастаған Дин ресейлік гроссмейстерді 47-жүріске келгенде құрығына түсіріп, төрт сағатқа жалғасқан матчта басым түсті.

Екінші партияда ақ тастармен ойнап, қарсыласына жол берген Дин Лижэнь бұл жолы қателескен жоқ. Дегенмен ол төртінші партияда да әдетінен жаңылмай, көп уақытын өз бөл­месінде өткізіп, жүріс жасау кезінде ұзақ ойланды. Ал Ян Непомнящий болса, өзіне өте сенімді ойнады.

Алғашқы жүрісті жасаған Дин бұл жолы өзінің қалыпты жүрісінен бас тартып, бірінші қадамын c4 пен бастады. Ал Не­помнящий бұған Nf6 жүрі­сімен жауап қайтарды. Он бірінші қадамға дейін гроссмейстерлер көпшілік аса таңғалатындай жүріс жасаған жоқ. Өйткені екеуі де румыниялық шахматшы, осы әлем чемпионатындағы қытайлық шахматшының секунданты Рихард Раппорт пен германиялық Илья Зара­гацкийдің 2013 жылы ойна­ған партиясының жүрісін қай­талаумен болды.

Ал 28-жүріске келгенде Ян небәрі екі минут қана ойланып, Кd4 жүрісін жасағанда, шахмат мамандары Непомнящийдің өрескел қате жібергенін айтты. Ал 47-жүрістен кейін ресейлік гроссмейстер жеңіл­генін мо­йын­­­дамасқа амалы қалмады. Төр­­тінші партиядан кейінгі баспасөз мәслихатында Дин: «Жеңіске жеткеніме қуа­ныш­тымын. Өте қиын матч болды, бірақ ойын тізгінін өз қолым­да ұстап, ма­ңызды жеңіске қол жеткіздім. 29-жүрісімді жа­сағаннан кейін бұл партияда жеңіске жететінімді білдім», деді қытайлық шахматшы.

Ал Ян Непомнящий матчтың әдеттегідей өте тартысты өт­кенін айтып, 15-қадамнан кейін өз позициясын дұрыс б­ағам­дай алмағанын мойындады.

 

Янның ойластырған қадамы

Рет бойынша 5-партия­ны Ян Непомнящий ақ тас­тармен бас­тады. Ол бірінші партиядағыдай бұл бәсекені де испаниялық жү­ріспен ашып берді. Алғашқы жү­­рістерді қарсыластар тез-тез жасап, по­зицияға кіргенде кө­бірек ойлана бастады. Әсіресе, қара тас­тармен ойнаған қытайлық шахматшы әр жүрісін өте ұзақ ойланып жасады. Ал ресейлік Непомнящий төртінші турда же­ңілістің кермек дәмін татса да, бесінші партияда жүрістерін өте жылдам жасап отырғаны баршаны таңғалдырды.

Қытайлық гроссмейстер бесінші партия барысында ай­тарлықтай қателіктерге жол берген жоқ, бірақ әр жүріс сайы­н позициясы нашарлай бас­­тағанын іштей сезіп отырды. Ал Ян мұндай сәтте орталық алаңды күшейтіп, ойынды өз бақылауында ұстауға тырысты. Әйтсе де, 30-жүрістен кейін Непомнящий айқын ба­сымдыққа ие бола бастады. Дин соңына дейін қарсылық көрсетуге ты­рыс­қанымен, 48-жү­рістен кейін өз жеңілісін мойын­дады.

– Бүкіл матч бойы қорғаныста ойнау оңай болған жоқ. 29-жүрісте жасаған қателігім ойын тағдырын шешіп кетті десем де болады. Осыдан кейін менің барлық позициям әлсіреп қал­ды, – деді Дин Лижэнь.

Ал Непомнящий алғашқы жүрістер дайындық барысында алдын ала ойластырылған қа­дамдар болғанын және соның ар­қасында матч бойы бірнеше сәтті позицияда ойнағанын айт­ты.

Газет беттеліп жатқанда әлем тәжіне үміткер шахматшылар өздерінің алтыншы партиясын ойнап жатқан болатын. Ал гроссмейстерлер бүгін төртінші демалыс күнін тиімді өткізуге тырысып жатыр.