Теннис • 17 Сәуір, 2023

Финалдық кезеңге жолдама алды

283 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Теннистен Қазақстанның әйелдер құрамасы ел тарихында екінші рет командалық әлем чемпионаты саналатын Билли Джин Кинг кубогі жолындағы жарыстың финалдық кезеңіне жолдама алды. Елордадағы Ұлттық теннис орталығында өткен бәсекеде ел мақтанышы Елена Рыбакина бастаған жерлес­тері­міз әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентектің отандас­тарын 3:1 есебімен қапы қалдырды.

Финалдық кезеңге жолдама алды

Іріктеу жарысының алдындағы жеребе тарту рәсімінде Қазақстан – Польша матчын дүниежүзілік рейтингте 45-орында тұрған Юлия Путинцева мен әлемнің 19-ракеткасы Магда Линетт бастайтыны белгілі болды. Қарсыластар осы матчқа дейін өзара жеті рет кездесіп, соның бесеуінде Магда жеңіске жеткен екен. Тек екі ойын­да ғана жерлесіміздің мерейі үстем болған.

Астанадағы бәсеке басталған бетте биылғы Аустралия ашық біріншілігінің жартылай финалисі М.Линетт «ә» дегеннен екі брейк жасап, 4:0 есебімен алға ұзап кетті. Путинцева қарсыласына қарағанда топырақ төсенішіне ертерек бейімделуі үшін елордаға бір апта бұрын келсе де, алғашқы төрт геймде өте көп қателік жасады. Бесінші геймде ғана құмдауыт кортқа бейімделе бас­таған Юлия Линетт допты ойынға қосқан сәтте брейк жасап, кейіннен өз мүмкіндігін тиімді пайдалана білді – 4:2. Осыдан кейін Пу­тин­цеваның ойыны жүре бас­тады. Спорт кешеніне жиналған жан­күйерлердің қызу қолдауының арқасында ол соңғы төрт геймде қарсыласына бірде-бір ұпай бермей, тамаша камбэк жасады – 7:5.

Ю.Путинцева екінші сетті де сәтті бастады – 2:0. Содан соң тағы бір брейк жасап, таблодағы есепті 4:1-ге жеткізгенімен, Линетт сол бойда есе қайтаруға ты­­рысты. Дегенмен, жерлесіміз мықтылық танытып, екінші сетте де жеңіске жетті – 6:3. Осылайша, бірінші ойыннан кейін Қазақстан 1:0 есебімен алға шықты.

Ұлттық құрама сапында 18-жеңісіне қол жеткізген Юлия Путинцева Қазақстан тен­нисшілері арасында ең көп жеңіске жеткен спортшы атанып, өз рекордын жаңартты. Кейінгі орындарға Қазақстан əйел­дер құрамасының қазіргі капитаны Ярослава Шведова мен Зарина Диас жайғасқан. Олардың еншісінде ұлттық құрама сапында 14 жеңіс бар. Юлия Билли Джин Кинг додасында 2014 жылдан бері өнер көрсетіп келеді.

Путинцеваның ізін ала кортқа Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина шықты. Ол рейтингте 253-сатыға жайғасқан 22 жастағы Вероника Фальковскамен шеберлік бай­қасады. Ұлттық теннис орталы­ғына жиналған теннис жанкүйер­лері бұл кездесуде Рыбакинаның айқын жеңісіне сенімді болған еді. Алайда Фальковска Астанаға Польшадан бекер келмегенін байқатып, бірінші сетте отандасымызды біраз састырды.

Алғашқы партияның алтыншы гейміне дейін екі теннисші де допты ойынға қосуда сенімді ойнап, ұпайдан шашау шығарған жоқ. Тек сегізінші геймде Елена брейк жасап, содан кейін өзі сетке доп бергенде сауатты ойнап, бірінші сетті 6:3 есебімен өз пайдасына жазды. Екінші сетте де Рыбакинаға ұпай үшін біраз тер төгуге тура келді. В.Фальковска 2022 жылғы Уимблдон турнирінің жеңімпазына қанша қарсылық көрсеткенімен, Елена бұл жолы да польшалық теннисшіге еш мүмкіндік берген жоқ – 6:4. Осы­лайша, Қазақстан құрамасы жарыстың алғашқы күнінде 2:0 есебімен алға шықты.

Екінші жарыс күніне жоспар­ланған үш матчтың алғаш­қысында кортқа шыққан Елена Рыбакина Магда Линетті бір жарым сағатқа жалғасқан матчта 6:4, 6:2 есебімен жеңіп, Қазақстан құрамасын қатарынан екінші мәрте Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңіне шығарды. Ал матч тағдырына еш әсер етпейтін жұптық сында Анна Данилина мен Юлия Путинцева Польша қыздарына 2:1 есебімен есе жіберді.

Қазір ақтық кезеңде былтырғы жеңімпаз Швейцария мен финалист Аустралия қарсыласын күтіп тұр. Ал жеңілген құрамалар биыл қарашада плей-офф сатысында бақ сынайды. Былтыр Қазақстан құрамасы командалық әлем чемпионаты аталып кеткен бәсекенің финалдық кезеңінде алғаш рет өнер көрсетіп, С тобында Испания және Ұлыбритания құрамаларымен шеберлік бай­қасқан болатын.