Күрес • 16 Сәуір, 2023

Астанадағы тарихи жеңіс

482 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мадияр Құрамысов жаттықтыратын Қазақстанның еркін күрес шеберлері өткен Азия чемпионатында жеті жүлде жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте жеке-дара көш бастады. Нақтылап айтсақ, біздің балуандар 4 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль олжалады. Барлығы – 7 жүлде! Өткенге зер салсақ, бұған дейін сары құрлықтың басты додасында Қазақ елінің әнұраны бірде-бір рет төрт мәрте шырқалмаған екен. Сол себепті де «Осы жолы біз тарихи жеңіске қол жеткіздік» деп нық сеніммен айта аламыз.

Астанадағы тарихи жеңіс

Еркін күрестен өткен жарыстың алғашқы күні Қазақ елінің әнұраны екі мәрте шырқалды. 70 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Санжар Досжанов осындай дүбірлі додаға тұңғыш рет қатысып отырғаны­на қарамастан, дара талантымен оқшау­ланып, Жақсылық Үшкемпіров атын­дағы жекпе-жек сара­йы­на жиналған жанкүйерлерді қуаныш пен шаттыққа бөледі. Тұсаукесер кез­десуінде ол Оңтүс­тік Кореяның өкілі Су­хион Пакты оңай ұтқанымен, одан кейін­гі бәсе­ке­лерде өзінің жанкештілігі мен та­бан­ды­­лығының арқасында жеңіске жетті.

Ширек финалда Санжар қырғыз­стандық Оразбек Тоқтомәмбетовпен кездесті. Бұл бәсеке 4:4 есебімен аяқ­­­­талды. Соңғы ұпайды Досжанов ие­ленгендіктен, төреші жерлесіміздің қо­лын көтерді. Жартылай финалда ол иран­дық Мортеза Гиаси Шекамен әбден «шайқасты». Бірінші кезең тең аяқ­тал­ғанымен, екіншісінде біздің балуан оңтайлы әдісін жүзеге асырып, жеңісті қарсыласының уысынан жұлып әкетті. Финалда Санжар Зафарбек Отахоновпен айқасты. Алғашында қандасымыз екі ұпай олжалады. Өзбек спортшысы «та­разы басын теңселтемін» деп біраз әре­кеттенді. Бірақ Досжанов оған ондай мүм­кіндік бермеді. Төрешінің ысқырығы естілгенше, таблодағы есеп өзгерген жоқ. Санжар – Азия чемпионы!

чпр

Санжар Досжановтың күресу мәнері ерекше. Бәсеке қызған тұста ол қарқынын күрт үдетеді. Қарсыласын әбден әбігерге салып, бір сәтке де дамылдауына мүм­кіндік бермейді. Өзі де өте сауатты қор­ғанады. Бір бай­қағанымыз, Досжанов күресіп жатып, аяғын қарсыласына оңай ұстата салады. Қарсы беттегі балуан аяғынан шап бергенде, оны кө­теріп алып аунатып жібереді де, үс­тінен басып қалады. Осылайша, таза жеңіске жетеді немесе қажетті ұпайды қоржынға салады. Кезінде осы айла-тәсілді әйгілі Әбілсейіт Айханов жиі қолданатын. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары атой салған апайтөс дәл осы әдіспен талай жекпе-жекте жеңіске жеткені көзі қарақты көрермендердің есінде. Күні кеше ғана Азия чемпионы атанған балуанның осы тактиканы ұстануы бекер емес. Кейін білдік, Санжар да дәл сол Әбілсейіт Айханов пен Аман­жол Бұғыбаевтай күрес өнерінің көкжалдарын дүниеге әкелген Жетісу облысы Сарқан ауданының тума­сы екен. Қазіргі кезде ол Ғалымжан Өсербаев пен Еркебұлан Кешубаевтың қол астында жаттығып жүр. Ал оның мықты спортшы болып қалыптасуына Ерлан Қожасбай мен Самат Ерғалиев сынды білікті мамандардың да сіңірген еңбегі орасан екенін айта кеткен абзал.

Санжар Досжановтың жеңісті жолын Болат Сақаев жалғастырды. 79 кило салмақта сайысқа түсіп жүрген ол былтыр Алматыда өткен Болат Тұрлыхановтың мемориалында Қазақстанның еркін күрес шеберлері арасынан жалғыз өзі бас жүлдені олжалап, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналған көрермендердің ыстық ықыласына бөленген еді. Бұл жолы да Болат барын салды. Ширек финалда жапониялық Яжуро Ямасакиді жолынан ығыстырған ол келесі межеде ирандық Амирхоссейн Мортеза Кавусимен күш сынасты. Бұл бәсекеде таразы басы ұзақ уақыт бойы теңселіп тұрды. Шешуші тұста ширақ қимылдаған Сақаев Парсы елінің өкілін сан соқтырып кетті. Финалда Болатты Өзбекстанның атақты балуаны Бекзат Абдурахмонов күтіп тұрды. Ол – Токио Олимпиадасы мен әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындары мен құрлық чемпионатының екі дүркін жеңімпазы. Осындай дүлдүлмен еш қаймықпай айқасқан Сақаев үш ұпай озып, Азия чемпионы атанды.

57 кило салмақта Рахат Қалжан бел­десті. Былтыр Ұланбатырда күміс­пен күптелген ол Астанада қола медаль­ді қанағат тұтты. Ширек финалда қырғыз­стандық Алмас Сманбековтен ұтылған Рахат үшінші орын үшін тартыста моң­ғолиялық Занбазар Занбанбудтан айласын асырды. Ал Нұрболат Әбдуалиев (61 кило), Мұхтар Санжар (65 кило) және Бекзат Үркімбайдың (97 кило) бұл жарыс­та жолдары болмады.

97 кило салмақ дәрежесінде Қы­тайдың намысын қазақтың ұлы Әбу­сайман Хабила қорғады. Оның өнері жақсы әсер қалдырды. Алғашында үн­дістандық Депак Депакты бас кө­тертпей ұтқан ол іле-шала әлем чем­пионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы, Ислам ынтымақтастығы ойындарының жеңімпазы, ирандық Моджтаба Голейджден 13:8 есебімен басым түсті. Алайда финалда Бахрейннің намысын қорғаған дағыстандық Ахмед Тажудиновке есе жіберіп, күміс медальді мойнына ілді.  

Жарыстың соңғы күні тағы бес сал­­мақ дәрежесі бойынша белдесулер өтті. Бір кереметі, бес жігітіміздің төртеуі ақтық сынға жолдама алды. Солар­дың арасынан Дархан Есенғали мен Азамат Дәулетбековтің өнерлеріне тамсандық. 74 кило сал­мақта күрескен Дархан бастапқы бәсекелерінде сингапурлық Хонг Лоу мен қырғызстандық Әді­лет Жапарқұловты жолынан оңай ығыс­тырғанымен, жартылай финалда Магомедрасул Аслуевпен біраз тіресті. Бұл балуан Бахрейннің намысын қорғағанымен, оның тегі дағыс­тандық екені белгілі. Екеуара тартыс қазақтың пайдасына шешілді. Финалда Есен­ғали жапониялық Кирин Кино­шитаны 7:2 есебімен қапы қалдырды.

29 жастағы Азамат Дәулетбеков үшін былтырғы жыл аса табысты болған еді. Ол Қазақстанның еркін күрес шеберлері арасынан жалғыз өзі Азия чемпионы атанып, жалғыз өзі әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді. Семей өңірінің тумасы биыл да бабында екенін байқатты. Елорда төрінде Дәулетбековке тең келер ешкім табылмады. Шешуші тұста ол әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Азияның үш дүркін чемпионы, Әлем кубогінің екі дүркін күміс жүлдегері, ирандық Әли­реза Карими Маханимен күресті. Атағы алысқа жа­йылған пехлеванмен еш қай­мықпай айқасқан Азамат көздеген мақсатына қол жеткізіп, екінші рет сары құрлықтың бас балуаны атанды.

92 кило салмақтағы Ри­забек Айтмұқан Астанада барлық қарсыласын сыпыра ұтып, ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Көрермендер 19 жастағы жалынды жігіттің тех­никалық арсеналының молдығы мен өжеттігіне риза болды. Ең бастысы, ол батыл күреседі, дер кезінде шұғыл шешім қабылдай біледі, үнемі шабуыл өтінде жүреді және бір сәтке де дамылауды білмейді. Десек те финалда біз Ризабекті мүлде танымай қалдық. Бастапқы бәсекелерінде шар­шап қалды ма, әлде басқа да себептер болды ма, әйтеуір, шеуші тұста тым сыл­быр қимылдап, жапониялық Араш Ио­ши­даның «жетегімен» жүрді. Нәти­же­сінде, Күншығыс елінің өкілі алтын алса, қан­дасымыз күміс медальді қанағат тұтты.

Аса ауыр салмақтағы Юсуп Батыр­мұрзаев та дәл сондай жағдайды басынан кешірді. Үндістандық Кумар Анирудх пен өзбекстандық Сардорбек Холматовты жауырынымен жерге қадаған жерлесіміз финалда моңғолиялық Лхагва­герел Мұңхтурге жол берді. Бұл бәсекеде екеуі итерісіп қана жүрді. Алты минут аралығында бірде-бір әдіс жасалған жоқ. Тек актив-таймның арқасында бір-бір ұпайдан еншіледі. Кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Ережеге сәйкес соңғы ұпайды Моңғолияның алыбы еншілегендіктен, төреші жеңісті соған берді.

Тарихқа үңілсек, отандық еркін күрес шеберлері Азия чемпионатындағы өздерінің ең зор табысына 2006 жылы қол жеткізген екен. Осыдан 17 жыл бұрын Алматыда ұйымдастырылған байрақты бәсекеде жерлестеріміз Қазақ елінің әнұранын үш мәрте шырқатты. Аталған жарыста Леонид Спиридонов (66 кило), Нұржан Қатаев (96 кило) және Марид Муталимов (120 кило) алдына жан салмады. Соның нәтижесінде Қазақстан құра­масы жалпыкомандалық есепте жеке-дара көш бастаған-тын.

2021 жылы тағы сол Алатау баурайын­да жалауы желбірген жарыста жоға­рыдағы нәтижені қайталадық. Қоржы­нымызға тағы үш алтын түсті. Ол кезде Сырбаз Талғат (70 кило), Нұрқожа Қайпанов (74 кило) және Олег Болтин (125 кило) қарсылас шақ келтірмеді. Бірақ жалпы есепте екінші орында қалып қойдық. Өйткені ирандықтардың бізден бір күмісі артық еді. Ал өзге жарыстарда жерлестеріміз үш рет топ жарған емес.

Күні кеше ғана Астанада аяқталған Азия чемпионатында бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткіздік. Қазақтың төрт бірдей өр мінезді өрені оза шауып, күллі Алаш жұртының абыройын асқақтатты. Оған тағы екі күміс пен бір қола медальді қосыңыз. Бұл – Қазақстанның еркін күрес шеберлерінің тарихи жеңісі!

Жалпы есепте Қазақстаннан кейінгі екінші орынға Жапония құрамасы жай­ғасты. Күншығыс елінің өрендері 1 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль олжалады. Үшін­ші орынды Иран иеленді. Парсы елінің пех­левандары 1 алтын, 1 күміс және 3 қола­ны қоржынға салды. Сондай-ақ жеңіс тұғы­рына көтеріл­гендердің қатарында Моң­ғолия (1+1+3), Қырғызстан (1+1+2), Үн­дістан мен Бахрейн (1+0+2), Өзбек­стан (0+2+2) және Қы­тайдың (0+2+1) спортшы­лары бар. Ал өзге мемлекеттердің өкіл­деріне дүбірлі додада жеңіс тұғырына кө­терілу бақыты бұйырмады. 

впа