Денсаулық • 17 Сәуір, 2023

Қант диабетінің қаупі

318 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Адам ағзасы ықылым замандардан бері үздіксіз зерттеліп жатса да, әлі күнге дейін ғұламаларға да сырын бермей келе жатқан кеселдер көп. Мәселен, қазіргі таңда қант диабеті дейтін дерттің жастарда ғана емес, сирек те болса жас балалардан да табылып жатқаны оқымыстыларды ойлантып отыр.

Қант диабетінің қаупі

Швециядағы Лунд университетінің ғалымдары жүргізген зерттеулер кезінде қант диабетімен байланысы жоқ PAX5 деп аталатын ген бөлініп шығарылған. Зерттеушілер ген 2-типті қант диабеті бар адамдарда ұйқы безінің бета жасу­ша­ларында экспрессияланатынын (іске қо­сы­латынын) анықтады, бұл инсулин секрециясының бұзылуына әкеледі.

Екінші типті қант диабеті ұйқы безі аралдары деп аталатын жасушалар тобының инсулин секрециясының жет­кіліксіздігімен сипатталады. Ал дені сау адамдарда ұйқы безінің аралшық жасу­шалары инсулин шығарады. Екін­ші типті қант диабетімен ауыратын науқастарда жасушалар инсулиннің жет­­кілікті мөлшерін шығармайды, бұл кө­бі­несе инсулинге төзімділікпен бірге қандағы глюкозаның жоғарылауына немесе гипергликемияға әкеледі.

«Миллиондаған адам қант диабетіне шалдығып жатыр, бұл дерт әлі де өрши тү­седі деген болжам бар. Халықаралық қант диабеті федерациясы өкілдері қант диабетімен ауыратындардың саны 2030 жылға қарай 643 миллионға, ал 2045 жылға қарай 783 миллионға жетеді деген сәуегейлік жасап отыр. Сондай-ақ 2-типті қант диабеті адамның өмір салтына байланысты шығатын ауру еке­нін ұмытпауымыз керек. Бұл аурудың өршу қаупінің факторларына жас, артық салмақ және отырықшы өмір салты жатады. Уақыт өте келе қант диа­беті жүректің, қан тамырларының, көздің, бүйректің және жүйкенің за­қымдалуына әкеледі. Сондықтан 2-типті қант диабетінің алдын алу үшін зиянды азайту тұжырымдамасын ұс­тануға кеңес береміз, ол зияны жоқ ба­ла­маларды ұсыну арқылы адамның өмір салтын түзетуді ұсынады. Яғни бір­тіндеп теңшелген тамақтануға көшу, саламатты дене салмағына қол жеткізу, жаман әдеттерден бас тарту және дене­шынықтыру», дейді нарколог-дәрі­­гер, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ про­фессоры, «Психикалық денсаулық саласында жұмыс істейтін мамандар қауымдастығы» РҚБ президенті Сағат Алтынбеков.

Өз кезегінде ғалымдар 2-типті қант диабетінің патофизиологиясына ықпал ететін гендерді анықтау үшін адамның ұйқы безі аралдарын зерттеп, зерт­теуге қатысушылардың арал жасушаларында дифференциалды экс­прес­сияланған 395 генді анықтаған. Екі эксперименттік жағдай арасындағы экс­прессия деңгейлеріндегі байқалған айыр­машылық статистикалық маңызды болған жағдайда ген «дифференциалды экспрессияланған» деп аталады. Табылған 395 геннің 94-і ғана белгілі болып шыққан, ал қалғандары адамдардың 2-типті қант диабетіне қаншалықты бейім екенін анықтау үшін зерттелген.

Қорыта келгенде, PAX5 деген бел­гілі бір геннің шамадан тыс экспрессия­­сы лейкемияға қатысты бета-жасушалар­­дың инсулин секрециясының бұзылуы­мен тығыз байланысты болып шықты. Осы уақытқа дейін бұл геннің қант диабетімен байланысы белгісіз болып келген.

PAX5-ті 2-типті қант диабетімен байланысты жаңа ген ретінде анықтау аурудың генетикалық себептерін түсіну­ге көмектеседі. Болашақта ғалымдар бұл ақпаратты ауруды емдеуде генді өңдеу технологиясын пайдалануға үміт артып отыр. Осы зерттеулердің авторы Шарлотта Линг: «Біздің келешек­тегі мақсатымыз – PAX5 белсенділігін «генетикалық қайшымен» реттей отырып, 2-типті қант диабетімен ауыратын адамдарда PAX5 деңгейін қалпына келтіру», деген мәлімдеме жасап отыр.

 

АЛМАТЫ