Алматы • 17 Сәуір, 2023

Қайтқан жердің қайыры

340 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде заңсыз иелікке өткен жер телімдерін халық игілігіне қайтару ісі жалғасып жатыр. Жақында Алматы облысының прокуроры Берік Адамовтың төрағалығымен жер заңнамасын сақтау мәселелері бойынша алқа отырысы өтіп, басқосуда жерді тиімді пайдалану мен заңсыз алынған жерлерді қайтару тақырыптары талқыланды. Нәтижесінде Алматы облысының аумағындағы заңсыз жекешеленген және пайдаланылмай жатқан бірқатар нысан мемлекет меншігіне қайтарылды.

Қайтқан жердің қайыры

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Заң азаматтардың бәріне бірдей қызмет етуге тиіс. Бұған дейін орын алған «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер әшкереленіп, жер телімдерін заңға қайшы меншіктеу фактілеріне қатысты тексеру жұмыстары қарқын ала бастады. Бұл жолы прокуратура Болат Назарбаев пен Әлия Назарбаеваға тиесілі бірқатар шұрайлы жердің мемлекет меншігіне өткенін мәлімдеді.

Құзырлы орган өкілдері хабар­лағандай, жалпы ауданы 2 мың гектар болатын жер телімдері Алматы облы­сының Жамбыл және Қарасай аудан­дарының аумағында орналасқан. «Жан­дану» шаруа қожалығы иемденіп келген құйқалы жер Жамбыл ауда­нының жер қорынан бөлініпті. Дегенмен тексеріс нә­тижесінде кадастрлық құжатта екі қаулы бойынша да жалдау шарттары тіркелмеген. Ал МЖК ААЖ базасында бұл туралы мәліметтер мүлде жоқ. Шаруа қожалығының жалға алу шарты да болмай шыққан. Бір қызығы Ә. Назарбаеваға тиесілі қожалыққа жер телімін беру кезінде заңнама талаптары өрескел бұзылып, тіпті сауда-саттық та өткізілмеген.

«Жер телімін беру туралы шешім шығарар алдында жергілікті атқару­шы орган оларды территориялық бел­гісіне сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша игерілу-игерілмеу жағдайын айқындауға, жер телімін алдын ала таңдауды жүзеге асыруға, жер комиссиясының қорытындысын дайындауға, жерге орналастыру жобасын әзірлеуі және бекітуге тиіс еді. Жергілікті атқарушы органдар бұл жұмыс­тарды шешім қабылдағанға дейін жүр­гізбеген, сөйтіп жер беру тәр­тібі бұзылған», делінген Алматы облы­сының мамандандырылған аудан­аралық экономикалық сотының мәлім­демесінде. Осылайша, 2014 жылғы 15 қаң­тардағы №4 жер телімін сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылды.

Бұл тұрғыда жергілікті әкімдіктер мен тиісті басқармалардың заң талабына көз жұма қарағанын айту керек. Мәселен, Қарасай ауданының Үш­қоңыр ауылдық округінде орналасқан көлемді жер Б.Назарбаевқа жеке орман шаруашылығын жүргізу үшін ұсы­нылған. Алайда прокуратура атал­ған учаскені жер заңнамасының талап­тарын бұза отырып берілгенін нақты­лады. Қарасай ауданының Алматы қала­сымен шектесетін тұсында орын теп­кен бұл жер телімін пайдалану тәр­тібі мен режімін Үкімет анықтауға тиіс болған. Мұндағы тағы бір шикілік, жерге орналастыру жобасы жергілікті атқарушы органның құқық беру туралы шешімі қабылдағаннан кейін әзірленіп, бекітілген.

Осыған дейін де белгілі тұлғаларға тиесілі жер телімдеріне қатысты даулы мәселелер қоғам­да қызу талқыланған еді. Мәселен, өткен жылы Алматы қала­сында жер заңнамасын бұ­зудың 33 дерегі тіркелген болса, бұл шикіліктің 31 дерегі мемлекеттік органдардың еншісінде. «Көсеуі ұзынның қолы күймес» дегендей, Алматы әкімдігі тарапынан – 11, қалалық Жер қатынастары басқармасы – 15, «Азаматтарға арналған Үкімет» корпорациясынан 5 заң бұзу­шылық анықталған. Үш тұлға әкімшілік жауап­кершілікке тартылып, айыппұл арқалаған.

Елдегі елеулі өзгерістер жеке тұлға­лардың мүддесіне емес, халық игілігіне қызмет етсе игі. Кейде бір заңсыз шешім бірнеше келеңсіз жай­дың туындауына әкеліп жатады. Кейінгі уақыт­тары мұндай келеңсіздіктердің жолын кесуге аза­мат­тық қоғам өкілдері үн қосып жүр. Қарапайым халықтың әділетті қоғам орнатуға белсене араласуы Президент айтқан игі нәтижелердің жүйелі жүзеге асуын жақындата түспек. Ал құзырлы орындар бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғаса беретінін айтады.

 

АЛМАТЫ