Мәселе • 16 Сәуір, 2023

Қосшы қаласының зәруліктері

517 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қосшы қаласы – елорданың іргесіндегі қарқынды өсіп жатқан елді мекен. Халық саны 80 мың адамнан асқан шаһарда мектеп, балабақша, аурухана секілді тұрғындарға қажетті нысандар жетіспеушілігі өзекті болып тұр. Ал қала аумағындағы қолайлы жер учаскелерін иемденіп алған кейбір «латифундистер» ол жерлерді не өздері пайдаланбайды, мемлекеттің әлеуметтік нысандар салуына мүмкіндік бермейді.

Қосшы қаласының зәруліктері

Жуырда қала прокуратурасы­ның актісі бойынша құны 65 млн тең­геге бағаланған жер учас­ке­лерінің бірі мемлекет меншігіне қай­тарыл­­ды. Бас про­куратура бер­ген мәлімет­ке қара­ғанда, жер заң­намасының қол­данылу барысына талдау жүргізу барысында жергілікті атқарушы органдар­дың коммерциялық мақ­сатта­ғы жерді беруде заң талапта­рын өрескел бұзғандығы анық­тал­ған. Атап айтқанда, 2016 жылы Қосшы ауылдық округі әкімінің өкі­мімен жауапкершілігі шектеулі серіктестікке ауданы 3,2 гектар жер учаскесін уақытша пайдалану құқығы берілген. Осы өкімнің негізінде ЖШС мен Целиноград ауданының жер қатынастары бө­лімі арасында жер учаскесін уақыт­ша өтеулі пайдалану туралы шарт жасалған. Алайда 2016 жылдан бас­тап кәсіпорын оны мақсатқа сай пайдаланбай, бос жатып қалған. ­Ал жоспардағы құжаттарға сай ­ЖШС ол жерде тұрғын үй кешенін са­луы керек болған.

Қала әкімдігінің Жер қаты­настары, сәулет және қала құры­лысы бөлімінің басшысы Аслан Тай­масовтың айтуынша, бұл жер учаскесі Қосшы елді мекені «қала» мәртебесін алғанға дейін пай­да­лануға берілген. Алайда тиісті жұ­мыстар басталмауына байла­ныс­ты жалдау мерзімі ұзартылып отыр­­­ған. Қадағалау органы жер учаскесі ­Жер кодексінің 48-бабының нор­ма­ларын бұза отырып, атап айт­қан­да, сауда-саттық (конкурстар, аукцион­дар) өткізілмей берілгенін анық­тады. Ақмола облысының Мамандандырылған ауданаралық эко­номикалық сотының өткен жыл­дың 7 қарашасында шығарған шеші­мімен жерді мемлекетке қайтару тала­бы қанағаттандырылып, биыл 16 ақпанда заңды күшіне енді.

– Ақмола облысының жер пайдалану заңдылығын қадағалау инспекциясы бар. Прокуратураның ұсынысымен сол мекеме аталған жер учаскесінің мәселесімен айналысып, жалдау шарттары заңға қайшы деп танып, сотқа талап-арыз ұсынды. Қалалық әкімдік, яғни біз сотқа үшінші мүдделі тарап ретінде қатысып, жеңіп шықтық. Нәтижесінде, жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Алдағы уақытта ол жерге әлеуметтік бағыттағы тұрғын үйлер салу жоспарланып отыр, – деді Аслан Исағалиұлы.

Бас прокуратураның мәлі­метінше, кадастрлық құны 65 млн теңге болатын бұл жер учаскесі Қосшы қаласының орталығында орналасқан және инвестициялық тартымдылығы өте жоғары. Оның дәлелі – аталған ЖШС 2021 жылы учаскені басқа заңды тұлғаға 120 млн теңгеге жалға бергенінен бай­қауға болады.

– Қосшыда пайдаланылмай жат­қан жерлер әлі де көп, – дейді Аслан Таймасов. – Бұл жерлердің жекеменшікке өтіп кету тарихы 2000-жылдардан басталады. Кезінде ауыл бол­ғандықтан, жер кеңшар­дың иелі­гінде еді. Алғашқыда елді мекен маңайындағы жерлерді жеке компаниялар ауыл шаруашылы­ғы­на пайдалану мақсатында алған. Бірақ ауылдың өсуіне байланыс­ты ол мақсатта пайдалана алмай­тын болғандықтан, өздері бас жос­пар құрып, жерлерді бөліп, же­ке тұлғаларға сатып жіберген. Қа­зіргі күні әрине біз ол жерлер­ге ешқандай талап қоя алмаймыз. Өйткені бәрі жеке адамдардың қо­лында. Кезіндегі ауылдың бас жос­пары бойынша олар өз учаскелеріне тұрғын үй салып алды. Енді бізге 2022 жылы қаланың бас жоспа­рын жасауға бір жыл уақыт берілді. Ауыл мен қаланың жоспарлары өзгешелеу болуы мүмкін. Алдағы уақытта жаңа бас жоспар бойын­ша жекеменшіктегі учаскелер пай­даланылмай жатқан болса, біз олардың иелеріне талап қойып, мемлекетке қайтарып алу бойынша жұмыстар жүргіземіз.

Аслан Исағалиұлы халық ара­сындағы «мемлекет жерімізді тартып алайын деп жатыр» деген қа­уесет әңгіменің негізсіз, жал­ған еке­нін айтады. «Заң бойын­ша сатып алған жекеменшік жер учаскеле­ріне ешкім тиіспейді. Тіп­ті үй салып алғанымен, оның әлі күнге құжаты жасалмаған болса да, оны келіп ешкім бұзып тастамайды. Егер жол өтетін, мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандар салынатын орындар болса, Жер кодексінің талаптары бойынша келіссөздер жасалып, мемлекетке қайтару жұ­мыс­тары жүргізіледі», дейді ол.

Жоғарыдағы мемлекетке қай­тарылған жер учаскесінен өзге, осы уақытқа дейін Қосшыдағы 30-40 гектардай жер мемлекет иелігіне өткен. Оның ішінде кейбірі сот ар­қылы жүзеге асса, арасында жер иелері өз еркімен қайтарған фак­тілер де бар көрінеді.

«Заң бойынша бизнеске ком­мерциялық мақсаттағы жерлер тек ашық аукцион арқылы беріледі. Тікелей жер комиссиясы арқылы немесе әкімнің жарлығымен жер беруге рұқсат етілмейді. Қосшы қала болғалы 2 жылдың ішінде ешкімге жер учаскесі берілген емес», деді әкімдік өкілі.

Естеріңізде болса, өткен жы­лы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жайы­лымдарын мемлекет меншігіне мәжбүрлеп алып қою жөнінде тапсырма берді. Қала әкімдігі өкілінен осы тапсырманың орындалу барысы жайында да сұрадық.

– Қосшы қаласының өзінде ауыл шаруашылығы жайылымдары жоқ. Дегенмен өткен жылы қыркүйек айында іргеміздегі Тайтөбе ауылы Қосшы қаласының құрамына кірді. Ол жақта 7 мың гектардай ауыл шаруашылығы жерлері бар. Қазіргі күні біз оның мақсатқа сай пайдаланылу барысына тексеріс жүргізіп жатырмыз. Бұл – біраз уақыт алатын жұмыс. Прокуратура, жер инспекциясы және әкімдік үшжақты тізе қосып, олардың бәрін тексеріп, тиісті шешімдер шығарамыз, – деді Аслан Таймасов.