Әуесқой бокста талай биіктерді бағындырып, үнемі үздіктер қатарынан көрініп жүрген отандастарымыз кәсіпқой бокста да жеңісті жолдарын сәтті жалғап келеді. Мәселен, күні кеше АҚШ-тың Калифорния штатында ұйымдастырылған бокс кешінде әлем чемпионаты мен Азия ойындарының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл мексикалық Даниэль Эчеверриамен жұдырықтасып, қарсыласын мерзімінен бұрын тізе бүктірді. Екінші орта салмақта өткен жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланғанымен, отандасымыз бәсекені үшінші раундта нокаутпен аяқтады. Бұл – жерлесіміздің кәсіпқой бокстағы үшінші жеңісі.
Ал тағы бір екінші орта салмақта жұдырықтасатын отандасымыз, WBA International белбеуінің иегері Бек Нұрмағанбет Венесуэла өкілі Эбер Рондонды небәрі бірінші раундта сұлатып салды. Әуесқойлар арасында Азия чемпионы атанған жерлесіміздің бұл – кәсіпқой бокстағы тоғызыншы жекпе-жегі және тоғызыншы айқын жеңісі.
Енді екі боксшы 6 мамырда Мексиканың Гвадалахара қаласында өтетін Сауль Альварес (58-2-2, 39 КО) пен британиялық Джон Райдер (32-5, 18 КО) арасындағы бокс кешінде өнер көрсетеді.