Шахмат • 18 Сәуір, 2023

Дин Лижэнь таразы басын теңестірді

199 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада өтіп жатқан классикалық шахматтан әлем чемпионатының алтыншы партиясы қытайлық гроссмейстер Дин Лижэньнің айқын жеңісімен аяқталды. Сөйтіп, жарыстың алтыншы күнінен кейін қос шахматшы арасындағы бәсекеде есеп қайта теңесті – 3:3.

Дин Лижэнь таразы басын теңестірді

Бұл нәтижемен олар әлем чемпио­натының рекордын орнатты. Яғни бұған дейін ұйымдастырылған жаһан­дық біріншіліктің бірде-бірінде алты партиядан кейін төрт жеңіс тіркелмеген екен. Мәселен, 2016 жылғы бәсекеде шах­матшылар алты турда тек екі мәрте жеңіске жеткен болса, 2018 жылы барлық партия тең нәтижемен аяқ­талған. Ал елордадағы турнирде әзірше екі гроссмейстер бір-бір мәрте ғана тең ойнады.

Дин Лижэнь кейінгі партияларда сауатты ойын өр­генін көрсетіп, шахмат сарапшыла­рының назарын өзіне аударта білді. Екінші партияда ақ тастармен ойнаса да, ресейлік Ян Непомнящийге жол берген қытайлық шахматшы кейінгі бәсекелерінде қарсыласына лайықты қарсылық көрсетіп келеді. Диннің алғашқы жеңілісінен кейін көпшілік «енді қытайлық шахматшы Янның қарқынына төтеп бере алмайды. Тіпті бәсеке мерзімінен бұрын аяқталып қалуы ғажап емес», деген пікірде еді. Алайда ФИДЕ-нің қазақ тіліндегі комментаторы әрі шахматшы Олжас Меңғали екінші партиядан кейін Дин Лижэнь алғашқы партияларда сәтсіз ойнағанымен, бір­те-бірте өз ойынын тауап, бабына енеді деген болатын. Міне, са­рапшымыздың айтқаны дәл келіп, қытайлық шахматшы әзірге Ян Не­пом­­нящийге дес берер емес.

Сонымен қатар кейінгі партияларда Дин Лижэньнің командасы өте жақсы жұмыс істеп жатқанын да айта кетке­німіз жөн болар. Осы жарыс алдын­да командасын түгелдей өзгерткен ресей­лік шахматшы Динді айқын басым­дықпен жеңу үшін ешқандай айла-амал таба алмай, пұшайман болып жатыр.

Алтыншы партияға тоқталар бол­сақ, ойынды ақ тастармен бастаған Дин Лижэнь кезекті жеңісіне қол жеткізді. Ол алғашқы жүрісінде лондондық позицияны таңдап, қара тастарға қысым көрсетуге тырысты. Матчтың бел ортасына дейін екі ойыншы жүрісінен жаңылмай, тең нәтижені ұстап тұрды. Бірақ бәрібір ақ тастардың басым­дығы байқала бастады. Мұны сезген Непомнящий де көп уақытын шар­шы тақтаның алдында емес, өз бөл­месінде өткізді. Ал бұл жайтты мамандар ресейлік шахматшы өзінің жүрісіне көңілі толмай жатқандықтан деп түсіндірді.

Нәтижесінде, 40-жүрістен кейін ақ тас ойынды толық өз бақылауына алып, кезекті жеңісіне бір табан жа­қындай түсті. Ал 44-жүрістен кейін Ян Непомнящий де жеңілгенін мойындаудан басқа амал қалмады. Сөйтіп, төрт сағатқа жалғасқан алтыншы партия 44 жүріспен өз мәресіне жетті.