АСТАНА. 9 шілде. Бүгін түн ортасы ауа Белу-Оризонти қаласында Бразилия және Германия құрамалары бірінші жартылай финалдық ойын өткізіп, немістер 7:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
«Неміс мәшинесі» ойынның 26-минутына дейін есепті 5:0-ге жеткізді. Ол бес голды да ешбір қиындықсыз және қарсыластар тарапынан еш кедергісіз оңай соқты. «Селесао» қорғаныс шебі біржола қақырап кеткендей әсер қалдырды.
Бразилия – Германия 1:7 (0:5).
9 шілде. Белу-Оризонти. «Минейран» стадионы. Төреші – Марко Родригес (Мексика).
Бразилия: Жулио Сезар, Марсело, Давид Луис, Данте, Майкон, Луис Густаво, Фернандиньо (Паулиньо, 46), Оскар, Бернард, Фред (Виллиан, 70), Халк (Рамирес, 46).
Германия: Мануэль Нойер, Бенедикт Хёведес, Матс Хуммельс (Пер Мертезакер, 46) Жером Боатенг, Филипп Лам, Бастиан Швайнштайгер, Сами Хедира (Юлиан Дракслер, 73), Месут Озил, Тони Кроос, Томас Мюллер, Мирослав Клозе (Андре Шюррле, 56).
Голдар: Томас Мюллер (11), Мирослав Клозе (22), Тони Кросс (23, 25), Сами Хедира (26), Андре Шюррле (69, 78), Оскар (90+1).
Ескерту: Данте (67).
Бұған дейін бұл командалар әлем чемпионатында бір-ақ рет кездескен екен. Ол 2002 жылы Жапония мен Корея бірігіп өткізген біріншілік кезінде орын алып, бразилиялықтар 2:0 есебімен ұтқан екен. Ал мына матч бәрінің ту-талақайын шығарды.
Кездесу бразилиялықтардың шабуылымен басталды. Олар осы аралықта қақпаға үш рет ұрып үлгерді. Бірақ 8-минутқа қарай «бундестим» ойынды теңестіре білді. Осыдан бастап германиялықтар қарсы жаққа шолғынға шығуға көшті. Олардың алғашқы соққыларының өзі қауіп төндірді. Кенет... 11-минутта немістер күтпеген жерден гол салып кетті. Оны команданың бас мергені Томас Мюллер түсірді. Келесі голды 22-минутта Мирослав Клозе салып, барлық чемпионаттардағы голары санын 16-ға жеткізді. Бұл – жаңа рекорд! Ал осы рекордтың соңын ала, 23 және 25-минуттарда Тони Кросс қақпа алдында өзіне ешкімнің тосқауыл қоя алмағанын пайдаланып, екі бірдей допты жібек тордың аумағынан бір-ақ шығарды. Арада бір минут қана өткенде, Сами Хедира тап осындай жағдайда бесінші голды да салып үлгерді.
Екінші таймда осы ойын сол күйі қайталанды. Мұнда тағы Бразилия шабуылмен бастады. Бірақ ұзаққа бармады. Сәлден кейін қайтадан немістер тізгінді ұстады. Мұның ақырында алаңға 56-минутта шыққан Андре Шюррле екі рет қарсыластар қақпасын нысанаға дәл алды. Ол 69 және 78-минуттарда есепті өсіріп, 7:0-ге жеткізді.
Ал ең соңынан, 91-минутта бразилиялық Оскар бір доптың қарымтасын қайтарды. Осылайша күні кеше Алматыда «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасындағы есеп қайталанды. Онда да жеңімпаз команда бар голын салып болғасын, ұтылушы жақ бір голдың орнын толтырып еді.
Сонымен, Германия - финалда.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото: Sportbox.ru.