Еңбек • 17 Сәуір, 2023

Боцман

279 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Каспий теңізінің ғана емес, еліміздің тыныштығын, бейбіт өмірін қорғау жолында кірпік қақпай көк айдын төсінде жүрген жігіт шәкірт тәрбиелеуге, білгенін жастарға үйретуге құштар екен. Осылайша, өз қызметін сүйетін боцман «зейнетке осы қызметтен шықсам» деп армандап қояды...

Боцман

...Нұрлан Санатаевты ке­медегі жұмысына өмір тол­қын­дарының өзі қақпақыл­дап әкелгендей. 1993 жылы 10 қыр­күйекте Маңғыстау об­лысының Бейнеу ауылын­да өмірге келген ол Ы.Алтын­са­рин атындағы орта мектептің 9 сыныбын бітірген соң кәсіп­тік лицейде оқып, оператор мамандығын алады. 2011-2012 жылдары Луговой станса­сындағы №42062 құрлық әскери бөлімінде Отан алдын­дағы азаматтық борышын өтеп, ту­ған ауылына оралған соң тұ­рақты жұмыс табыла қой­майды. Жүк тасымалдаушы, күзетші, жүргізуші сынды жұмыстарды тапқанымен, табысы аз әрі кейбірі мерзімдік, маусымдық жұмыстар болып шығады. Нұрлан көп ойлана келе 2015 жылы туған кү­нін­де Ақтаудағы №21814 әскери бөлімімен келісімшартқа қол қойып, әртекті кемелер диви­зионы «Сарыарқа» зымыран артиллериялық бөлімінің тех­нигі болып орналасады. Екі жыл техник болып теңіз­дегі әскери өмір, кемедегі жауапкершілік туралы біраз тәртіп-талапқа үйреніп қалған Н.Санатаев 2017 жылы аталған бөлімнің топ басшысы болып тағайындалады. Араға 4 жыл салып қызметіне тиянақты жас жігітті басшылық кеме боцманы – бас старшина етіп тағайындайды. Қазір Н.Санатаев кеменің ішкі таза­лы­ғы, тамақ, көрпе-төсек, киім-кешек, арқан, катер, зәкір, та­мақ­тың сақталуы сынды жауапты міндеттер жүктелген қызметті шырқ үйіріп жүр.

«Өзім құрлық әскерінде болдым, қызметке орналасқан соң кемемен теңізге алғаш шығу оңай болған жоқ, теңіз ауруымен ауырып тұрдық. Қа­зір жұмысыма әбден үйрендім, өзіме ұнайды, 8 жыл бойы тұ­рақ­ты осы «Сарыарқа» кемесін­демін. Келешекте білімімді же­тіл­діріп, келісімшарт мерзі­мін ұзартқым келеді», дейді Нұрлан Қаржауұлы.

Қыс мезгілінде теңізге сиректеу шыққанымен күн жылынысымен аптасына 2-3 рет, кейде апталап теңізде болады. Аса жауапты қызметке орналасқан соң облыстың ең шалғай ауданындағы ата-анасын Ақ­тау­ға көшіріп әкел­ген болатын, бүгінде қа­ра шаңы­рақтағы «ата-ана қолын­дағы бала» атанған Нұрланның отбасында кішкентай ұлы мен қызы өсіп келеді.

«Сарыарқа» кемесімен түрлі әскери халықаралық сайыстарға қатысып жүр­ген Нұрлан: «Әлі бірінші орын бұйырмай тұр», деп күледі ауыл баласына тән аңқыл­даған адалдықпен. 2016 жы­лы Тәжікстанда өткен халық­аралық «Теңіз кубогі» сайы­сында додаға қатысушы «Орал» кемесіне қосымша боц­ман ре­тін­де барып, екеуі 2-орынды місе тұтса, 2017 жы­лы осы са­йыс Бакуде өтіп, «Сарыарқа» эки­пажы 2-орын­мен оралды. Араға екі жыл салып Әзербай­жан аста­на­сынан тағы да 2-орын­­­ды еншілесе, 2021 жы­лы Иран­­­да өткен сайыс­та судан құтқару кезеңі бойын­ша «Са­ры­­­арқа» кемесінің тобы 1-орын­ды иеленді, ал 2022 жы­лы кеме тобы «Теңіз кубогі» халықаралық сайысынан 2-орын­ның жалауын желбіретіп оралды.

 

Маңғыстау облысы