Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жалынды жастар аудан орталығы Сарыөзек ауылындағы №12740 әскери бөлімінде даярлықтан өтіп жатыр. Мұндағы әскери мамандар тәртіп қанша қатал болғанымен, мерзімді әскерге алынған жауынгерлердің бір күндік өмірімен танысуға мүмкіндік берді. Әлеуметтік желідегі алыпқашпа қауесеттер қорғаныс саласының беделін түсіргені жасырын емес. Сондықтан сол салаға жауапты мамандар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін арнайы шақырып, сарбаздардың жайын елден естігенше, көзбен көруімізді сұраған еді. Бізді күтіп алған Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің басшысы, майор Абзал Сартаев еліміздің әр өңірінен келген жауынгерлермен ашық әңгіме жүргізуге мүмкіндік берді.
Түркістан облысының Сайрам ауданындағы Қасымбек датқа ауылының тумасы Сұлтанбек Тілестің әскерге алынғанына 6 ай болыпты. Осы уақыт ішінде жақын дос, тәлімгер ұстаз тапқан жас жігіт дүниеге деген көзқарасы өзгергенін айтады.
«Әскерге дейін ойым басқа-тұғын. Мұнда келгеннен кейін әскер туралы ойым түбегейлі өзгерді. Қорқатын түгі жоқ. Керісінше, адам өмірінің айтулы бір кезеңі деуге болады. Қазір жастарды кей ретте күштеп әкеліп жатыр. Шынында, ешқандай қиналмай-ақ келе беруге болады. Әлімжеттік жасау, ұрып-соғу деген мұнда жоқ. 6 айдың ішінде ондай нәрсені өз басым көрмедім. Былайша айтқанда, өзіне қол жұмсайтындай зорлық болған жоқ», деген жас сарбаз Сұлтанбек Бақытбекұлы замандастарын әскерге келуге шақырды.
Таңғы 6.30-да ұйқыдан тұратын сарбаздар алдымен жаттығу жасап, белгілі бір қашықтыққа жүгіріп келеді. Сосын төсегін қыр шығарып, мұқият жинаған жауынгерлер жуынып, тазаланғаннан соң сапқа тұрып, асханаға кезекпен кіреді. Әрбір минутты тиімді пайдалануға үйрететін әскери тәртіп, таңғы астан соң сарбаздарды плацта саппен жүруге баулиды. Сосын аптасына 2 рет – дүйсенбі, жұма күндері арнайы құқықтық дайындық сабағы өтеді. Онда елімізді қорғау жолында ерлік көрсеткен батыр бабалардың өмір жолы, әскери шешімдері мен ұрыс жүргізу тәсілдері таныстырылып, қазіргі әлемде орын алып жатқан оқиғалардың себеп-салдары, залал-зардабы, басқыншылық пен Отан қорғаудың айырмашылығы сынды тақырыптар талқыланады. Бұдан кейін түскі ас. Тамақтан кейін телебағдарламаларды тамашалауға немесе газет-журнал, кітап оқуға уақыт беріледі. Одан соң әрбір рота өзіне тиесілі бағыт бойынша дайындықты пысықтайды.
Мәселен, түркістандық Сұлтанбек Бақытбекұлы «Д-30» маркалы зеңбіректің нысана көздеушісі ретінде теориялық білімін жетілдіреді. Осылайша, 2-3 сағатты әскери техниканың тілін меңгеруге жұмсаған сарбаздар етігі мен сырт киімін тазалап, кешкі асқа барады. Мұнан кейін киімнің жағасына салынатын ақ матаны ауыстырып тігу үшін инеге жіп сабақтайтын жауынгерлер сағат 20.30-да теледидардың алдына жиналады. Еліміздегі жаңалықтармен танысқан соң өзара пікір алмасып, көркем фильм тамашалайды. Түнгі тексерістен соң 22.30-да казармада кезекшілерден басқа сарбаздар жаппай ұйқыға кетеді. Осылайша, бір күнді түйіндеген жауынгер темірдей тәртіпке үйреніп, әскери өмірдің ширатар, шынықтырар әдетін меңгереді. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі осыны меңзесе керек.
Тағы айта кететіні, жауынгерлер сенбі, жексенбі күндері ата-аналары, бауырларымен телефон арқылы сөйлесіп, бейнебайланыспен жүздеседі. Сұлтанбектің сөзін қатарластары Нұрсұлтан Аманжол, Әлішер Секренов, Рахман Елемес те растап, өз басынан өткерген оқиғаларын әңгімелеп берді.
«Сарыөзектің сызды ауа райы солтүстіктің аязынан да қатты болатынын сезінгенде таңғалдым. Мен өзім Ақмола облысының Астрахан ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылынан келдім. Алғашында температура төмен болғанына қарамастан, сүйектен өтетін ызғар соғатынын ұқтым. №1 шабуылдаушы батальонда қызмет ететіндіктен көбіне полигонда жүреміз, дүйсенбіден жұмаға дейін палаткада жатамыз. Сонда байқағаным, Жетісудың дымқыл ауасы солтүстіктің құрғақ аязынан суық болады екен. Яғни Күреңбелдің 20 градус аязы солтүстіктің 30 градусындай сезіледі», деген Н.Аманжол өзінің әскерге қалай келгенін майын тамыза әңгімеледі.
«Өз басым әскерге кешігіп келдім. 2000-шы жылғымын. Қазір 2004-ші жылғылармен борышымды өтеп жатырмын. Оған Астанадағы Еуразия университетін геодезист мамандығы бойынша бітіруім себеп болды. Диплом алған соң жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашып, 1 жыл жұмыс істедім. Бір күні үйге келе жатып, жолай дүкенге кіргенмін. Азық-түлік дүкенінде екі кісі тұр екен. Солар ЖСН-ымды сұрады. Ойымда ештеңе жоқ, оның үстіне соның алдында ЖСН-ны айтқан адамға тегін темекі таратқан болатын. Сол есіме түсіп айта салдым. Әлгі екі кісінің біреуі планшетін ашып, менің деректерімді қарады да: «Біз әскери комиссариаттанбыз. Ешқандай есепте жоқ екенсіз. Бізбен бірге жүресіз!» деп әскерге алып кете барды. Сөйтіп, дәм тартып Жетісудың төрінен бір-ақ шықтық. Содан бері, міне, 1 жыл зу ете қалды. 40 күннен кейін үйге қайтамын бұйырса. Әскери ант қабылдағаннан кейін 100 күн өткен соң кететін кезімді санай бастадым. Әскерге келгенімді алғаш мылтық атқанда ұғындым. Оқ-дәрінің иісі бұрқ ете қалғанда алған әсерім ерекше болды. Сол күндерді қазір күліп еске аламыз», дейді Н.Аманжол.
Жас сарбаздардың әңгімесі өте әсерлі. Әскерге дейінгі күндеріне күліп қарайды. Көздерінде наркескен намыстың алауы, сөздерінде Отанға деген риясыз махаббат менмұндалап тұр. Біз жауынгерлердің оқу-жаттығу жиындарын көзбен көріп, бір марқайып қайттық.
Жетісу облысы