Жастар • 17 Сәуір, 2023

Дүние дидарындағы Динара

300 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Талаптың оты арындап» тұрған шағында жастардың білімге бет алып, табысқа талпынуы қандай жарасымды. Мектепте жүріп-ақ ғылыммен айна­лысуға ден қойған жас зият­кер Динара Қалиханның толағай табыстары – замандастарына үздік үлгі. Білімді жанға барша игіліктің есігі ашық екенін балаң жасынан зердесіне тоқып өскен зерек қыз әлемнің 20-дан астам жетекші оқу орнына қалай шақырту алды?

Дүние дидарындағы Динара

Кішкентайынан есеп-қисапқа жүйрік болған кейіпкеріміз – О.Жәу­тіков атын­дағы республикалық физика-математика мектебінің түлегі. Өзіне жоғары талап қойған талантты қыз талмай ізденудің арқасында талай белесті бағындырған. Онын­шы сыныпта оқып жүргенінде ба­ла­ларға арналған қызу өлшейтін сенсоры бар орындық ойлап тапқан оның айрықша жаңалығы шетелдік мамандардың назарына ілікті. Өткен жылы мектеп партасымен қош айтысқан Динара тамыз айын­да АҚШ-тың Калифорния штатына білім алуға аттанады. Лондон Кингс колледжі, Калифорния, Фордхэм, Бентли университеттері секілді әлемдік білім беру жүйе­сінде жоғары бағаланатын 20 шақ­т­ы оқу орнына бір мезетте ша­қыр­ту алған оған таңдау жасау да оңайға соқпаған. Дегенмен Ди­нара Google, Instagram сынды әлемдік медиакеңістікке серпін берген айтулы жобалардың негізін қалаушылар мен АҚШ-тың 31 пре­зиденті білім алған әйгілі Стэн­форд университетінде білім алуға бел буыпты. Қаршадай қазақ қызын осындай жетістікке жетелеген – үз­діксіз ізденіс, таудай талап. Ол туралы Динараның өзі айтып берсін.

«Үлкен нәтиже үлкен еңбекпен келеді. Жас болсам да көз жеткізген бір дүнием, алдыңа айқын мақсат қойып, сол мақсат жолында аянбай еңбек етсең, арманыңның бар­лық есігі ашылады. Бақытыма орай, О.Жәутіков мектебінде ең мықты ұстаз­дардан дәріс алдым. Қа­тар­ластарым да озық ойлы, жан-жақтан жиналған кіл мықты оқу­шылар болды. Олармен жарыса жүріп сабақ оқыдық, әрқайсымыз өзімізше даралануға тырыстық. Стэнфорд университетінде оқу – үлкен арманым еді. Мақсатымның алғашқы баспал­дағына аяқ басқаныма қуанамын. Әрине, қаншама халықаралық жоба­ларға қатыстым. Оларды са­бақ­пен қатар алып жүру оңай бол­­ған жоқ. Дайындық барысында кү­ніне небәрі төрт сағат қана тыны­ғып жүрдім. Соңғы екі жылым осы тәртіппен өтті десем болады. Тіпті түнгі 12-де жиналып, жобаға бейнебаян түсіріп, оны байқауға жіберген кездеріміз де болды. Стартап жобалар үнемі ізде­нуді қажет етеді. Оған қоса өзім жа­ным сүйіп айналысатын таэквандо мен музыка өнерін ғылыми ізденістеріммен қатар дамытуға тура келді. Бір жағынан спорт пен өнер мені қанаттандырып отырды. Стэнфордта экономика және компьютерлік ғылым маман­дығы бойынша білім алатын боламын»,  дейді Д.Қалихан.

Динараның инновациялық техноло­гияларға қызығушылығы зор, инженерия мен математика бағытында тың ізденістерге бет бұрған. Осы салада республикалық, халықаралық деңгейдегі ондаған байқаудың жеңімпазы атанған оның есімі 30 жасқа дейінгілерге арналған «Forbes» тізіміне енген. Бұл тұрғыда «Asia International Mathematical Olympiad» жобасында бірінші орын иеленіп, «American mathematics competition» байқауында жеңімпаз атанғанын, «Mathematics Without Borders» сайы­сында жүзден жүйрік шыққа­нын астын сызып атауға болады.

Қаршадай қыздың арманы қара­пайым қадамдардан басталыпты. Қоғамға қайтсем де пайдамды тигіземін деген Динара о баста қа­тар­ластарымен бірге волонтерлік қыз­метке ден қойған. Білім беруге қатысты ақпараттық кеңістіктегі кейбір келеңсіз мәселелер оны оқу­шы кезінен толғандырған. Әлем­ді әбігерге салған пандемия кезінде мектеп оқушылары қашық­тан оқуға мәжбүр болды. Ал бұл кезеңде шәкірттерге арналған ақы­лы қосымша сабақтар мен пай­да­лы материалдар жинақтары ғалам­торда үлкен сұранысқа ие болға­нымен, қаржылық тұрғыдан ата-аналарға қолайсыздық тудыр­ған. Осыған алаңдаған ол өзі оқитын мек­теп басшылығымен кеңесе отырып, О.Жәутіков мектебіне түсу үшін тапсыратын емтихандарға дайындалуға арналған білім плат­формасын ойлап тапқан. 74 бей­несабақ және 740 есептен тұратын қағілез қыздың еңбегі өз нәтижесін көрсетіп, сол кезеңнің өзінде 500 ден астам оқушы оның сабақтарына жүгінген. Осы дә­рістердің көмегі­мен оқуға қабыл­данған көптеген замандасы тапқыр қызға ризашылық білдірген. Одан бөлек математика және бағдар­ламалау бойынша 200-ден астам сабақ өткізу арқылы аз қамтылған отбасылардың балаларын оқытып алғыс арқалапты.

Динараның айтуынша, әлемнің таңдаулы білім ошақтарының сту­денті атану үшін үздік оқып, ем­ти­ханды жақсы бағаға тапсыру жеткіліксіз. Ол ағылшын тілін өз бетінше меңгеріп, сан түрлі жоба­дағы жетістіктерін, ғылыми жаңалықтарын айғақтайтын материалдарды портфолиоға жинақтап, арманындағы университеттерге жолдап отырған. Аталған оқу орын­дарына мақсат-тілегін арқау еткен бірнеше хат та жіберіпті. Тәлім­гердің алғырлығына тәнті бол­ған профессорлар оның еңбегін лайықты бағалаған. Әсіресе оның «Smart Baby Seat» деп аталған жобасы мамандардың қызығушылығын оятқан.

«Smart Baby Seat» – арнаулы қондырғысы бар бала денесінің температурасын анықтайтын орын­дық. Егер осы орындықта отыр­­ған баланың дене қызуы 37 гра­­дустан жоғары температураны көрсеткен жағдайда ақыл­ды орындық баланың ата-анасына автоматты түрде СМС-хабар­ла­ма жолдайды. Осы жобам үшін «International scientific and practical conference» байқауында үшін­ші орын алдым. Дегенмен бұл қондыр­ғы бізге қарағанда АҚШ тарапы көбірек қызығушылық танытты. Өйткені ол жақта ата-аналар балаларын көлікте ұмытып кетіп, оқиғаның соңы өлім жағдайымен аяқталған кездер болған екен. Елі­мізде жобаға қызығушылық бай­қал­маған соң, әрі қарай жалғас­тырмадым. Болашақта бұл бастамамды жетілдірсем, қоғамға көп пайдасы тиеді деп ойлаймын»,  дейді Динара.

Ол жаңалық ашуға құмар заман­­дастарымен күш біріктіре жұмыс істеуге әзір. Оның өзге­лер­­мен бірлескен жобалары да жоқ емес. Мәселен, Асыл Нар­ша есім­ді құрбысымен бірге нәзікжан­ды­ларды қорғауға арналған «Сто­лик 99» деп аталатын ерекше бағ­дарлама ойлап тапқан. Бағдар­ламаға тіркелген азаматтар жеке басына қауіп тудырарлық қиын жағ­дайға тап болғанда құпия сөзді айту арқылы көмек сұрай алады. Бірер жыл бұрын өмірге келген бағдарлама тек ханымдарды ғана емес, қиындыққа тап болған кез келген азаматты қорғауға көмегін тигізсе керек.

«Біз тегін және жылдам көмек алу үшін мейрамханалар, барлар мен дәмханаларды біріктіреміз. Негізгі мақсатымыз – қаланы барынша жайлы ету. Әйелдердің 97%-ы физикалық, сексуалды жә­не психологиялық қысым көре­ді. Бұл көрсеткіш күн сайын өсіп келеді. Сондықтан мұндай жағ­дай­­лардың алдын алу маңызды. Жоба­мыздың маңызын анықтау үшін 100 қыздың арасында сауал­нама жүргіздік. Нәтижесінде, сауал­намаға қатысқандардың 72%-ы өздеріне қатысты кэтколлингтің бол­ғанын растады. Сондай-ақ са­уал­нама қатысушыларының 92%-ы өздерін қоғамдық орында жайсыз сезінетінін, ал 72%-ы түнде жалғыз серуендеуге қорқатынын алға тартты», дейді жоба авторлары.

Айтпақшы, Д.Қалихан – таэквон­додан қара белбеу иегері. Көптеген жарыс­та топ жарып, көш басынан көрініп жүрген қай­сар қыз «талантты адам барлық жағы­нан талантты» деген тәмсілді еске салады. Домбыра, пианино секілді бірнеше аспаптың тілін қатар меңгерген ол музыка адам жанының емшісі деп есептейді.

«Адам жаны қалайтын дүние­мен айналысуы қажет. Егер талап­танар болсақ, бізге берілген мүм­кіндіктердің ауқымы кең ғой. Тек еңбектенуді, ізденуді, үйренуді тоқ­тат­пауымыз қажет. Белгілі бір жетіс­тікке жеткенде, оған жету жолын­да көрген қиындықтарыңның бәрі ұмытылады. Ал бастаған істі аяқ­сыз қалдыру – әлсіздердің ісі. Қазір білімділердің заманы. Білімің жетсе, талапқа сай болсаң, қоғамнан өз орныңды табасың. Мені үнемі қолдап отыратын ата-анама алғыс ай­та­мын. Олардың қолдауы менің қия­лыма қанат бітірді», дейді жігерлі жас.

Динараның арманы шексіз. Оқуын ойдағыдай аяқтап, елге абыроймен оралсам дейді. Отандық ғылымға, математика мен инженерия, экономика мен технология саласына тың жаңалық әкелуді көздейді.

 

АЛМАТЫ