Қоғам • 17 Сәуір, 2023

Майдангер тарихшыға арналған конференция

301 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл қазақтың майдангер қыздарының бірі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Шағила Әкімбайқызы Құсанованың (1923-2019) туғанына – 100 жыл.

Майдангер тарихшыға арналған конференция

Бұл айрықша тұлғаны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­те­тін­де, елордадағы Қазақ ұлттық музыка академиясында (қазір Ұлттық өнер университеті) оқығандар жақсы біледі.

КазГУ-дың 1-курсында оқып жү­ріп 18-ге толмаған жасында қан май­данға сұранып бару – екінің бірінің қолынан келмеген батырлық демеске лажың жоқ. Неге? Тура Мәншүк пен Әлияның тағдырындай жол. Анасы Шағиланың сәби күнінде қайтып, әкесі мен туысының көбі «халық жауы» ретінде ұсталып кеткен... Енді «оны Алматыға оқуға шақырған кім?» дейсіз ғой. Әйгілі тілші-ғалым Сәрсен Аманжолов (бүгінде Шығыс Қа­зақ­стан университеті сол кісі­нің атында). Бұл ғалымның баласы – атақты түркітанушы Алтай Аман­жолов.

Шағила Әкімбайқызы ІІ дү­ниежүзілік соғысты Сталинградтан Гер­­манияға дейін байланысшы-радист мәртебесінде жүріп өтті. Өмір мен өлім айқасқан небір күрделі жағдайдың – майдан шындығының куәсі болды.

Соғыстан аман келіп, әлемге танымал дана ақын Абай Құнанбай­ұлы­ның өзімен, әулетімен жақын қарым-қа­тынаста болған көпес, меценат Бекбай Байысұлының туған перзенті, майдангер Асылғазы ағамыз­бен көңіл жарастырып, шаңырақ кө­тер­ді.

Ері Асылғазы Бекбайұлының апа­йы – әнші, биші Ғайникамал (Кәмеш) Халық қаһарманы (кейін Кеңес Одағының Батыры) Бауыржан Момышұлына тұрмысқа шығады. Міне, сөйтіп қазақы жолмен айтқанда, қос майдангер – полковник пен кіші сержант құда болып шығады.

Көпті көрген Шағила Әкімбайқызы Бәукеңнің адамшылығына, таза­лығына, қағидатшылдығына, шығар­ма­шылығына шаң жуытпай өтті. Естеліктерге қарағанда, батыр да майдангер қызды (кейінгі жекжаттығы бір бөлек) ерекше қадірлеген. Ғалым, соғыс ардагері деп, төрге шығарған.

Ал енді Шағила Әкімбайқызы қайын атасы Бекбай Байысұлы 1909 жылы Петерборда шыққан Абайдың кітабын меценат ретінде қаржы­лан­дыр­ған. Қазір Семей қаласындағы көпес Бекбайдың үйі – Алаш музейі.

Профессор-тарихшы, майдангер Ш.Ә.Құсанова зейнет жасында жүрген 75 жасында Астанада Ұлттық музыка академиясы ашылғанда, әлемге танымал скрипкашы әрі өзінің туған келіні Айман Мұсақожаеваға көмектесу үшін елордаға көшіп келіп, аталған оқу орнының қоғамдық-әлеуметтік пәндер кафедрасын басқарды. Шағила Әкімбайқызының ғылыми-мәдени қауым арасындағы беделі кафедраға мықты мамандарды топтастыруға және жалпы гуманитарлық ғылым бағытын жандандыруға игі ықпал етті. ҚазҰМА-да ол кісінің ыждағатымен қаншама конференция, дөңгелек үстел, кездесулер өтті. Ш.Ә.Құсанова өнер оқу орнының нағыз тәрбиешісіне, сүйікті әжесіне айналды. Мұнда ұлт дәстүрі мен отаншылдық биік деңгейге көтерілді. Жұбайы Асылғазы Бекбайұлы – ұзақ жыл «Қазақконцерт» мекемесін басқарған, мәдени-зиялы қауымға сыйлы тұлға-тын. Екеуінің тәрбиелеп өсірген екі ұлы мен бір қызы – Қазақстанға танымал азаматтар.

Шағила Әкімбайқызы Қазақ ұлт­тық өнер университетінде жоғары білім тарихына енетіндей жұмыс атқарды. Ол кісі республикалық ардагерлер ұйымы жұмысына да бел­сене атсалысты. Жаратқан ие ұзақ ғұмыр бұйыртып, 96 жасында Ал­маты қаласында бақиға озды. Әзіз сүйегі Б.Момышұлы және өзінің жан жары А.Бекбайұлы жерленген Кеңсай қорымына қойылды.

14 сәуірде Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінде Шағила Құсано­ва­ның 100 жылдығына орай мұрасына арналған ғылыми конференция және еске алу концерті өтті. Ғылыми жиын­да оқу орнының проректоры Ғайни Мұхтарова ашып, тарих ғы­лымдарының докторы, профессорлар Өмірзақ Озғанбай, Тілеген Садықов,  ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбай, про­­фессорлар Айман Қаудырова, Зада Оразғалиева, доцент Құралай Баймұқанова, кітапхана директоры Ғалия Исақанова баяндама жасады.

Конференция қарарына «Осы уни­верситетте Шағила Құсанова атын­дағы ұлт тарихы аудиториясы ашылса», «Тарих пәнінен үздік студентке Ш.Ә.Құсанова атындағы атау­лы стипендия тағайындалса» деген ұсыныстар енді.

Арнайы концертте Шағила Әкім­бай­қызы сүйіп тыңдаған әндер шыр­қалып, күйлер орындалды.

«Жақсының – аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, майдангер тарихшының жүріп өткен қиын да тағылымды жолы білім алушы жас­тарға ерекше әсер етті.

 

Жамбыл ТІЛЕПОВ,

мәдениеттанушы