Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Аймақтағы туристік салаға соны серпін беріп, жарты әлемді жалғыз қауызға сыйдырып жіберген жаман тұмаудан кейін қайтадан өрістетіп, бағзы қалпына келтіруге, тіпті одан да жақсартуға талпыныс жасалып жатыр. Бүгінде бұл тарапта 600-ден аса әртүрлі кәсіпорын жұмыс істейді. Қарымын таразы басына тартсаңыз, ел бойынша екінші орында. Шынтуайтында, әлі де кәдеге аспай жатқан мол мүмкіндік бар. Мәселен, бүгінгі туриске көркі көз қуантатын табиғат та, қол қусырған күтуші де, үлде мен бүлдеге орайтын күтім де таңсық емес. Өркениет көші алға озған сайын рухани дүниеге сусағандар, тарихтан тағзым алғысы келетіндер жыртылып айырылады. Көненің көмбесін ақтарып көріп, алты Алаштың таста таңбаланған тарихын зерделегісі келгендерге Бурабайдың баурайында көзайым қылып көрсетер дүние аз емес. Бәлкім осы бағытта тиімді жұмыс істеуіміз керек шығар. «Бурабай», «Бұйратау», «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерімен бірге «Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығы аумағында 900-ден аса тарихи және мәдени ескерткіш орналасқан. Қай-қайсының болсын қасына барып, уақыт шымылдығымен тұмшаланған шілтерді серпіп тастап, қазыналы сырдың қойнауына сүңгіген адам көл-көсір олжаға жолығар еді. Ол олжа – рухани байлық.
Туған елдің тарихын әйгілейтін, тұмса табиғаттың ғажайып сұлулығын құштар көңілдің терезесіне дейін мөлдіретіп әкелетін 73 туристік бағыт жұмыс істейді. Әр бағыттың алуан-алуан сыры бар, ет жүрегіңді елжірететін жыры бар. Соншама мелдектей тұнған, сиқырымен арбап, сырымен баурап, тарих тұңғиығының жеті қат тереңдігіне жетелей жүретін туристік бағыттар Көкшетау, Бурабай, Зеренді, Қорғалжын, Ерейментау, Біржан сал аудандарының аумағында құс жолындай сайрап жатыр. Бар асылы бойында тананың көзіндей жайнап жатыр. Сан ғасырдың тарихымен бірге Алаш жұрты қасиеттіге балап, киеліге санап, көзінің қарашығындай сақтаған жұмыр жердің жұмағы да осында. Бәлкім содан да болар, ат басын бұрушылар дүмей түсуде. 2022 жылы көрікті өңірге бір миллионнан аса адам келіпті. 2020 жылмен салыстырғанда, әлдеқайда көп. Ол жылы 795,3 мың адам келген болатын. Ал 2021 жылдың тоғыз айында 950,6 мың адам аруақ қонып, нар шөккен Көкше топырағын басып, көркімен танысып, жұпар ауасын жұтып, құр атқа мінгендей қунап кеткен.
Өткен жылы шетелдік қонақтардың күрт көбейгені байқалады. «Еqonaq» ақпараттық жүйесінің деректеріне қарағанда, әлемнің 94 елінен 22,9 мың адам келген. Оның 15 мыңнан астамы – ТМД елдерінен. Бурабай баурайы мен Зеренді көлінің жағасынан АҚШ, Канада, Германия, Түркия, Ұлыбритания, Франция елдерінің адамдарын кездестіруге болады. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірлігі, Сауд Арабиясы, Египет, Оңтүстік Африка Республикасы, Кения, Аустралия, Шығыс Азия мен Тынық мұхиты елдерінен де тынығып қайтуға тілек білдірушілердің қарасы көбейе түскен. Ит арқасы қияндағы осыншама елдің туристері Көкшетауға келетін болса, бұл өлкенің де бағасы асып тұрғаны ғой.
Туризмді әсте бизнеспен белсенді байланыстырмай өрістету мүмкін емес. Бүгінде мемлекет елдің туристік инфрақұрылымын дамытуға инвестиция салатын кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсетуде. Туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектілері өтінім беріп, өз жобасын ұсынуы керек. Осы жылы 10 кәсіпкерлік субъектіге 104,5 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау шаралары мақұлданды. Осы арада тұмса табиғатқа, жалпақ жұрттың мақтанышына айналған Бурабай мен Зеренді аймағын күтіп ұстауға мемлекет тарапынан жанды қамқорлық көрсетіліп отырғанын айта кетсек артықтығы жоқ. Сол қамқорлықтың нәтижесінде курортты өңір қанатын жая түсуде. Шетелдік туристердің кірпияз көңілінің талабынан шығатын инфрақұрылым түзілуде. Олардың назарын аударатын мейлінше қызықты орындар да аз емес. Айталық, «Ботай-Бурабай» этнокешені. Қазақ даласында жылқыны ең алғаш қолға үйретудің ежелгі тарихын сипаттайтын кешенге келушілер легі артып жатыр. Әлемде теңдесі жоқ «Бурабай» халықаралық трамплині де демалушылардың назарын аударуда. «Абылай хан» экспозициялық кешені туристерді өзіне шақырып-ақ тұрады. Мұндай әдемі де әсерлі орындар аз емес.
Биыл туристер легі тіптен көбеюі мүмкін деген болжам да айтылуда. Міне, осыған байланысты бұрынғы кемшіліктерді тез жойып, алдағы уақытта мүмкіндігінше қайталанбауын қадағалау қажет. Ол алдымен тұмса табиғаттың тазалығын сақтауға байланысты. Бұл арада, біздіңше, жалғыз үгіт-насихат, ұғындыру, түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз. Кімнің болсын көкірегінде ай нұрлы, ару сипатты өлкенің өңіне қылдай қиянат жасамайыншы деген перзенттік пейіл қалыптасуы қажет. Тақырыпты сәл таратып айтуға тура келеді. 2020-2023 жылдары «Бурабай» ұлттық паркі аумағынан 6 550 текше метр қоқыс шығарылған. Оқырманның көз алдына елестету үшін мұнша қоқыстың 1 100 жүк машинаға жүк болатынын айта кетелік. Демек, біз миллиондаған туристі қабылдау үшін дайын болуымыз керек. Жыл сайын бұл мәселе ауық-ауық көтеріліп келе жатыр. Әйтсе де әлі оңтайлы шешімін тапқан жоқ.
Бурабай көлі жағалаудан шегініп бара жатыр. Көнекөз қариялар бұл көлдің ертеректе суы ғажайып мөлдір болғанын аңыз қылып айтады. Бүгінгі тыңдаған адам ертегі іспетті қабылдар еді. Көл суы неге тартылды? Бұл – өте күрделі сауал. Жергілікті экологтер күн райының күрт құбылуынан деседі. Кейінгі үш жылда көл суы бір метрге азайған. Байыптап қарасаңыз, адам қолынан жасалған қиянат деуге де болар. Мәселен, бір кезде күркірей ағатын Күркіреуік, Сарыбұлақ өзендерінің тартылуы. Оның үстіне Бурабайдың жоталарынан бұлқынып аққан бұлақтардың да көзі жабылған. Ғимараттарды табиғаттың өз заңдылығын ескермей жағалауға жақындатып салғандықтан, су жолын бөгеу көбейген. Көктемгі еріген су да көлге жетпей сіңеді. Міне, осының бәрі судың молаюына мүмкіндік бермей тұр. Табиғи су жолдары жабылғаннан кейін ылғал ағаштарды шірітіп жатыр. Осы арада тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде бұрынғы Көкшетау облысының аумағындағы 1 515 көлдің құрғап кеткенін айта отырып, Бурабай баурайындағы табиғаттың тартуын көздің қарашығындай сақтауымыз керек деп аттандауға әбден болады. Әне бір кезде Шортанды көлі Щучье қаласының су алатын негізгі су қорына айналды. Қаланы жерасты суымен қамтамасыз ететін үш бірдей су көзі табылғанымен, көлге қиянат жасау ұзаққа созылды. Міне, осы кезде тығырықтан жол іздегендер Бурабай баурайындағы көлдерді Сергеев су қоймасынан тартылған құбыр арқылы толықтыру керек деген де ұсыныс айтты. Бірақ құрамы әртүрлі болғандықтан бұлай жасауға болмайды екен.
Әрине, Бурабай кенті абаттандырылып, санитарлық тазалық қолға алынуда. Бурабай мен Зеренді аудандарында ұлттың парктердің, туризм саласындағы ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бірлескен жұмыс тобын құрып отыр. Оның алғашқы отырысы осы жылдың 4 сәуірінде өткізілді. Курортты өңірдің осы салаға қатысы бар қызметі белсенді дайындықты бастап та кетті. Облыстық бюджеттен Бурабай курортты аймағын абаттандыруға 33 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Жазғы маусымның басында Бурабай кентіндегі орталық алаңды, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішті жаңғырту қолға алынуда. Сондай-ақ көрсеткіш белгілер пысықталып, ақпараттық жүйе толықтырылып жатыр. Кенттің орталық көшелерінде қызықты муралдар пайда болды.
Биыл Щучье-Бурабай курорттық аймағының көлік инфрақұрылымының жобаларын жүзеге асыруға 3,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Зеренді аймағын дамыту барысында 31 инфрақұрылымдық жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бюджет қаражаты есебінен Зеренді курорттық аймағының аумағында бірнеше автобус аялдамасын орнату жоспарланып отыр.
Көрікті Көкшенің бар байлығы осы екі жерде ғана бөгіп тұрған жоқ. Кейінгі үш жылда Ақкөл, Аршалы, Целиноград аудандарында да осы салаға серпін берілмек. Биыл Аршалы ауданында екі демалыс аймағы, Ақкөл ауданында сауықтыру-емдеу орталығы салынатын болды.
Ақмола облысы