09 Шілде, 2014

Топтың басын төрттік түзді

358 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Әлем чемпионатындағы өткен апта соңғы күндерінің басты жаңалығы – жартылай финалға шыққан төрт команданың аттары түгел белгілі болды. Оны және негізінен жұртшылық болжам жасап отырған құрамалар құрады. Соның нәтижесінде Бразилия – Германия, Голландия – Аргентина жұптары түзілді. Бұлардың алдыңғылары бүгінге қараған түні сағат 2.00-де алаңға шықты. Ширек финал шеруін 4 шілде күні кешке Франция және Германия бас жасақтары ашып берді. Бұған дейінгі матчтарда екі команда да қорғаныс шебінің мықтылығымен бірге, позициялық шабуылдарды жүргізуге бейім екендіктерімен көзге түскен болатын. Күштері шамалас саналған олардың бұл жолы тіпті, сақ қимылдап, бір-бірлерінің мүлт кететін тұстарын барынша аңдып бағулары ұзаққа созылуы да мүмкін еді. Бірақ бір стандартты жағдайдан соғылған гол бұл тым-тырыс текетірестің жолын бірден кесіп кетті. Осылайша Тони Кроостың тастаған добын Матс Хуммельс баспен ұрып түсірді. Немістер өздерінің бұдан арғы басымдылығын қорғанысқа жұмсай отырып, ойынды өздері үшін жеңісті нотамен аяқтай білді. Жанкүйерлер 5 шілде күні Бразилия – Колумбия арасындағы тартысты кездесуді тамашалады. Алаң иелері ойын басынан алға ұмтылып, 7-минутта есеп ашып үлгерді. Бұрыштамадан берілген допты Тиаго Силва қақпаның алыс бұрышына топ еткізді. Пентакампеондар бұдан кейін де тыным тапқан жоқ. Олар допқа да көбірек иелік етті, қақпаға да артығырақ ұрды. Екінші таймда ғана ойын ептеп теңесе бастады. Ал қарсы қақпа маңынан күдіктілеу айып добы белгіленгенде, бразилиялықтар есепті ұлғайта түседі, деген ой ешкімнің қаперіне кірмесе керек. Нәтижесінде солай болып шықты. Осы жерден Давид Луис ұрған доп турнирдегі ең әдемі голдардың біріне айналды. Колумбия құрамасы жалғыз қарымта допты пенальтиден түсірді. Ол өз айып алаңында Карлос Бакканы шалып құлатқан Жулио Сезардың қимылы үшін берілді. Бұл мүмкіндікті Хамес Родригес құр жібермеді. Сөйтіп, Бразилия 2:1 есебімен жеңіске жетті. Кездесудің тағы атап өтерлік жағы, Колумбия футболшылары өте дөрекі ойнады. Соның салдарынан бразилиялық Неймар ауыр жарақат алып, қатардан шығып қалды. Осы күннің түнінде Аргентина мен Бельгия күш сынасты. Мұнда да кездесу тағдырын жалғыз доп шешті. Мұнда да ол тез соғылды. Шабуылшы Лионель Месси алаңның қақ ортасында тұрып, сол қапталда ашық тұрған Эсекьель Лавессиді тау­ып алды. Осыдан кейін Эсекьель допты қақпаға қарай көлбей жөнелтті. Бірақ жолай қорғаушылар қағып қайтарды. Содан кейін Анхель ди Мария ойын тізгінін өз қолына алып, айып алаңына жарып кірді. Оның ұрған добын тағы қорғаушылар қайтарды. Осыдан кейін допқа иелік еткен Месси өзін аңдыған екі ойыншыдан сытылып шығып, ди Марияға қайта доп берді. Оның Пабло Сабалетаға пасын қорғаушы қиып жіберді. Әйткенмен, доп сол бойы Игуаинның аяғына барып сарт етті. Гол! Шілденің 6-сына қараған түні Голландия және Коста-Рика құрамалары кездесті. Бұл негізгі уақытта да, овертаймда да есеп ашылмай, кездесу тағдыры пенальтиден шешілген жалғыз матч болды. Айтары жоқ, бұл матчтың қорытындысында жолдан шығып қалғандарымен, Коста-Рика футболшылары ерледі. Олар турнирдегі ойындардың негізгі және қосымша уақыттарында бір рет те жеңілместен чемпионатты бітірді. Кездесу өзінің соңына дейін жұртты уысында ұстады. Бұған ойынның біткенін білдіретін ысқырық естілгенше, қарсыластардың қайтпай шайқасқандары себеп болды. Матчтың пенальтиге ұласқалы тұрғанын сезген Луи ван Гал дереу қақпашыларды алмас­тырды. Нәтижесінде тап осы Крул костарикалық екі ойыншының соққыларын қайтарып, өз командасына жеңіс әперді. Руслан ИГІЛІК.