Пікір • 18 Сәуір, 2023

Бедел биігі

293 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дүниеден көшкенімен көз алдыңнан жарқын да жылы жүздері кетпейтін, санадан көңілдері мен ықылас ниеттерінің іздері өшпейтін Бәйкен аға Әшімов, Әбіш Кекілбаев, Кенжеғали Сағадиев, Мақтай Сағдиев, Кәкімбек Салықов сынды қазақтың алыптары өз тіршіліктерінде Светлана Жалмағанбетованы «Света», «Светажан» деп өз қыздарындай еркелете айтатын сәттері қазір сағынышқа айналды.

Бедел биігі

Өз басым осы бір ағаларым­ның Светлана Жақияқызын ­үне­­мі еркелете ұстар кездерінің куәсі де болдым. «Әлгі біз­дің Света қалай, аман ба?» деп жатушы еді жарықтықтармен кездес­­кен сәттерде. Ағалары еркелетіп, «Света» деп дүниеден өтті. Бір ға­­­жабы сол, ағалардың Светлана Жалмағанбетоваға деген әке­лік мейірімі сарқылмай кетті. Абзал жандардың Светасы осы бір әрқайсысы дана да дара абыз­дардың көңіл төрінен қалай орын алды деген ойдың сұрағына да жауап іздедім. Ойлаймын, бәлкім Света осы бір ағалары­ның әрқайсысының тұлғасынан өз әкесінің бейнесін таныған да шығар. Әкеге деген қыз баланың ыстық жүрегінің сарқылмай­тын мейірімі мен махаббатын да Светлана Жақияқызы осы аға­ларына арнады. Және де жалғыз бұларға ғана емес, қазақ елі­нің кез келген асылдарының алдында өзін солардың бір перзен­тін­­дей ұстады. Әр адамның ал­дын­дағы өзінің кісілік және ада­­ми парызын терең сезіне біл­ді. Сол үшін де ол өзінің ақыл-па­ра­сатымен қазақ халқының сүйікті де абыройлы қызына айнал­ды. Туған халқының Свет­лана Жалмағанбетоваға деген сүй­сі­ні­сі мен сүйіспеншілігі еш­­қа­шан сарқылмайды.

Қараөткел мен Көкшетау өңі­рі үшін Светлана Жалмағанбетова осы екі елдің төл перзентіндей болып кетті. Қараөткелде туып, өзі­нің бар саналы ғұмыры кешегі Целиноград, одан кейінгі Ақмола облыстарымен тығыз байланыс­ты болса, Көкше елінде тынысы ашылып, қанатын кеңге сермеп, Алашқа танылған кезеңдерді өткерді.

Біз Светлана Жалмаған­бе­то­ваны 1999 жылдан біле бас­тадық. 1997 жылы Көкшетау облысы таратылып, тұтас Көк­ше өңірі әуелі Солтүстік Қазақ­стан облысына қарап қалды да, 1999 жылы Көкшетау қаласы Ақмола облысының орталығы мәртебесіне ие болды. Бұл тарихи шешімнің нәтижесінде Астана қаласынан Ақмола об­лысының бар әкімшілік жү­йесі Көкшетауға жүктерін тү­сіре бастады. Көш басында Ку­ла­гин! Маза таппай ол да Ақ­мо­­­ланың көш керуенін жаңа орын­­­ға орналастыруға келгенде өзі­не тән іскерлік таныта біл­ді. Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің соңынан еріп кел­ген біраз орынбасарларының арасында Светлана Жалмағанбе­това да бар еді. Және де ол бізге әкім Кулагиннен кейінгі беделі зор, ықпалды бір адам ретінде көрінді. Анығында солай екен.

Көкшенің Баян Жанғалов, Естай Мырзахметов, Чапай Әбу­тәліпов, Орынбасар Назаров, Қайырлы Құрманов, Қайыр­келді Әкімбеков сынды абыз аға­ларының батасын алып, осы ел жақсыларының да «Света­сы» болып сіңісіп кетті. Және де Көк­шенің ел аналары Рауза Бәй­кенова, Жібек Бағысова, Райхан Сейдалина, Райса Тасжан­қы­зы, Қазима Өмірәлина сынды ар­дақ­­­ты жандардың тап бір туған сіңі­лісіндей болып сыйлас­ты. Сол сый­ластық әлі де сол күйінде.

Көкшенің үлкен-кішісі сол Светаның бойынан тек­тілікті, әділдік пен адал­дықты тани біл­ді. Және сол сенім қалың елді алдамаған да еді. Ол, яғни Свет­лана Жалмағанбетова өзі­нің мін­детін де, өзінің ел ал­дын­дағы адами парызын да адал атқа­рып,сенімге кір­шік түсір­меді. Әлі де сол сый­ластық пен сол сенімнің ыстық ықыласы ­суымай келе жатыр.

Ақмолалықтар үшін біз жаңа ортамыз, біз үшін олар жаңа демекші, екі елдің бірігуі ал­ғашында оңай да болмағаны анық. Түрлі көзқарастар мен түр­лі пікірлер болды. Екі жыл бойы облыс орталығы мәр­те­­бе­сінен айырылып қалған Көк­ше­тау қаласының жүдеу тарта бас­тағаны да анық. Ақиқатын айтар болсақ, осы екі елдің халқы­ның бір-бірімен тез арада арала­сып, ортақ тіл табысып кетулеріне әкімнің орынбасары Светлана Жалмағанбетова зор ықпал етіп, өлшеусіз ең­бек сіңірді. Өңірдің барлық әлеу­меттік және идеологиясы мен мәдениеті, білім беру саласы бар солардың қызметіне жауап­ беретін әкімнің орынбасары Светлана Жалмағанбетова ақмо­лалық шенділердің ара­сында қалың халықтың бел ортасында көп жүрді.

Бар шаруасының қиюы қа­шып, берекесі кете бастаған об­лыс орталығы Көкшетау­дың барлық әлеуметтік саласын, білім беру мен мәдениет жү­йе­сін қалпына келтірудегі Светлана Жалмағанбетованың жан­қиярлық еңбегі әрдайым ­жо­ға­ры бағалауға тұрады. Ең бас­тысы, осы сала қызметкерлері­нің шынайы жанашыры бола білді. Қалың елдің басын қо­сып, біріктіре білді. Қазір де осы Светлана Жалмағанбетованың іскерлігін, талап қойғышты­ғын, ұйымдастыру қабілетін, керек жерінде сілкіп те алатын, керек кезінде қорғап, жаны ашып шыр-пыры шығатын қасиетін де іздейтін болдық, тіпті сағына­мыз да! Кезінде пендешілікпен бай­қай алмаған адами зор қасиет­тері­мен осы күндері Светлана Жақияқызы көңіл көкжиегінде сәт сайын биіктеп барады. Ол биіктеген сайын өткен сол күндер мен сол кезеңдер де алыстап барады. Жалмағанбетова сынды жақсы адамымен есте қалған күн­дер енді сағыныш!

Бағы жанып Светлана Жал­мағанбетова 2003 жылы Пар­ла­менттің Сенатына депутат бо­­­лып сайланды. Бес жыл­дық депу­­таттық қызметінен кейін 2008 жылы сенаторлыққа қайта сайланып, елдің зор сеніміне ие болды. Ал 2011 жылы мен де­ сенаторлыққа сайланып Пар­ла­ментке кіргенімде Светла­на Жалмағанбетова алдымнан ­шық­­ты. Екеуміз де Ақмола об­лы­сының депутаттарымыз.

Байқаймын, Сенатта да Свет­лана Жалмағанбетованың беделі мен абыройы асып тұр екен. Білімділігінде сөз жоқ! Сенат­та талқыланып жататын кез кел­ген мәселеге келгенде Свет­ла­на Жақияқызы тартынып қал­май­тын. Ойын ашық айтатын, жас­қанбайтын, Жалмағанбетова қоя­тын сұрақтардан Сенат мін­­бесінде тұрғандардың талайы тосылып қалатын. Сенатор Жал­мағанбетованың ойы да, сөзі де, қояр сауалы да, Үкіметке жолдайтын депутаттық сауалдары да қарапайым халықтың мүддесі­мен тығыз ұштасып жататын. Ол ­өз халқының сөзін сөйлейтін. ­Б­атыл айтатын, ойланып айтатын, ә­бден ақылға салып, зерделеп айта­тын.

Әлі есімде, әйелдердің зей­нет­ке шығу жасын ұлғайту жө­нін­дегі заң жобасына әуелден қар­сы болған және де қарсы дауыс ­берген де Светлана Жалма­ған­бе­това болатын. Осы заң жо­басын талқылау барысында айт­қан ойлы сөздері елге тарап жатты. Содан да болар, сенатор Жалмағанбетованы қолдап Қазақстанның түкпір-түкпірі­нен қол жинаған әйелдердің хаттары да көп келіп жатты. Оны өз­де­рінің сөзін сөйлеп, өздерінің шына­йы жанашыры есебінде таныды. Жалғыз әйелдер ғана емес, кез келген қарапайым халық өз­де­рінің сөзін батыл сөйлейтін ­сенатор Жалмағанбетова деп біл­ді. Ақиқатында солай еді!

Светлана Жалмағанбетова! Халқының сенімі мен сый-құр­метінің және де шынайы ақыл­шысы мен жанашырлықтың символына айналған есім. Ақмола мен Көкшетау өңірінің халқы үшін қашан болсын төрде орны бар құрметті бір қыздарының есімі.

Өмір көші ұзап барады. Сол ұзап бара жатқан көштің ал­дыңғы сабында кетіп бара жат­қан жаныма жақын жандарды іздеймін де, өмірдің жауыны мен дауылы да, ыстығы мен суы­ғы да тоздырмаған қалпы бойын­ тік ұстап, адами адал ойын таза­ ұстап, сол баяғы кісілік те кі­ші­лік келбетінен айнымай келе жатқан Светлана Жақияқызы­ның тұлғасы көз алдыма келіп тұ­рып алады. Әлі де кездескен сайын «Сен менің бауырым­сың» деп бірге туған әпкемдей құ­­ша­ғына алатын Светлана­ның ме­йі­­рімін сағынамын! Ақын Кәкімбек Салықовтың «Кез­­десу мен қоштасудың арасын, жал­ғастырып тұрады екен сағы­ныш» деген жыр жолдарын іштей қайталап, жаным жүдеп, жігерім жасып қалған сәтте де іздеймін, сағынамын! Өйткені осы бір адамның тұла бойында жақсылық пен адалдықтың керемет бір таусылмайтын күннің көзіндей қуаты бар.

Сол қуат көзі ұзақ... ұзақ уақыт бойы сөнбесе екен деп әр­да­­йым тілеп жүремін...

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

жазушы-драматург,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері