Қылмыс • 18 Сәуір, 2023

Шардарадағы мал дауы қайтсе шешіледі?

306 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» редакциясына Түркістан облысының Шардара ауданынан мал дауына байланысты хат келіп түсті. Бұл жерде әңгіме екі тарап арасындағы кішігірім дау емес, ондаған миллион теңге шығын келтірілген аса ірі көлемдегі қылмыс туралы болып отыр.

Шардарадағы мал дауы қайтсе шешіледі?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қылмыстық іс бойынша жәбір­ленуші Б.Маликовтың адвокаты А.Айтубаевтың мәліметінше, 2018 жылы жәбірленуші өзінің жеке мен­шігіндегі 1470 қой, 40 қошқар мен 2 жылқыны, жалпы алғанда 1512 бас малды Шардара ауданындағы Сүткент ауылдық округінің шопан­дары Ш.Молдағұлов пен С.Қалниязов­қа теңдей бөліп, ақылы түрде бағуға беріп, әрқайсымен жеке-жеке нотариуспен бекітілген келісімшарт негізінде сеніп тапсырған. Олар қабылдап алған малды 2021 жылдың 11 қазанына дейін бағып, оны кө­бейтіп, иесіне қайтаруға әрқайсы­сы жеке міндеттелген.

Алайда 2021 жылы Ш.Молдағұлов пен С.Қалниязов өзара келісіп, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобын құрып, Б.Маликовтың өздеріне cеніп тапсырған мал-мүлкін басқа мақсатқа пайдаланып кеткен. Адвокаттың айтуынша, олар жәбір­ленушінің малының бәрін сатып, одан түскен қаражатты жеке бас пайдаларына жаратқан. Ал Б.Маликовке келтірген материалдық залал 152,4 млн теңге көлемінде.

Осыған байланысты жәбірлену­ші екі малшыны қылмыстық жауап­кершілікке тарту үшін Шардара аудан­дық ПБ-на арыз жазады. Алайда осы уақытқа дейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру тек Ш.Молдағұловқа қа­тысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен бас­талып, ал С.Қалниязовтың әрекет­терінде Қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы жә­не 4-бөлігінің 2-тармағында көрсе­тіл­ген қылмыс құрамы болғанына қара­мастан ол қылмыстық жауап­кер­шілікке тартылмаған.

Екінші күдіктіні қылмыстық жа­уап­кершілікке тартып, оған қатыс­ты тиісті бұлтартпау шарасын қабыл­дау үшін жәбірленуші Шардара аудан­дық ПБ-ға және аудан прокуроры­на бірнеше рет шағым түсіреді. Алай­да полициядан да, прокуратурадан еш қайыр болмаған. Амалы құрыған мал иесі 2022 жылы 15 қарашада Түр­кістан облысының прокуро­ры­­на шағымданады. Соның өзінде тиіс­ті шешімдер қабылданбаған соң жә­бір­ленуші 2022 жылы 22 қарашада ­Бас прокурорға, 30 қарашада Прези­дент Әкім­шілігіне жүгінуге мәжбүр болған.

Алайда адвокат Айтубаевтың айтуынша, олардың Бас прокурор мен Түркістан облысының прокурорына жолдаған шағымдары Шардара ауданының прокурорына қайта жолданып, Қылмыстық процестік кодекстің 105-бабы 2-бөлігінің талаптары өрескел бұзылған.

Бұдан кейін шағымды Шардара ауданының прокуроры үстірт қараған соң 2022 жылдың соңына дейін жәбірленуші қайтадан облыстық прокурорға, одан соң Бас прокурорға шағымданады. Ал Бас прокурор оны қайтадан облыстық прокуратураға, ол өз кезегінде аудан прокуратурасына жібереді. Жәбірленушінің айтуынша, олар осылай прокуратура инстанциялары арасында бір-біріне тебе беретін теңбіл допқа айналған. Сонда да әділ шешім шығарылмаған соң, Түркістан қаласының маман­дан­дырылған тергеу сотына шағым­дануға мәжбүр болған. Сот облыс прокурорының орынбасары Қ.Аб­лезовтің жәбірленушінің ша­ғым­дарын қарамай, аудандық про­куратураға жолдаған әрекеті (әре­кет­сіздігі) заңсыз деп танып, Түр­кіс­тан облыстық прокуратурасы жәбір­ленушінің шағымдарын қарап, тиісті шешім қабылдауға міндеттеген. Алайда соттың бұл шешімі осы уақыт­қа дейін орындалмаған, тиісті ше­шім қабылданбаған.

Адвокат Айтубаев: «Елімізде заң­ның орындалуы мен сақталуын қада­ғалайтын прокуратура органдары­ның өздері қылмыспен ұштасқан әрекет­ке барып, заңымызды аяққа таптап отыр», дейді.

Сөздің қысқасы, бүгінде Ш.Мол­дағұловқа қатысты қылмыстық іс сотқа жолданып, екінші күдікті адам С.Қалниязов қылмыстық қудалау­дан босап кеткен. «Жәбірленуші осы уақытқа дейін әділдікті тек сот­тан ғана табуда, әттең заң тұрғы­сынд­а осы қылмысқа қатысты Ш.Мол­да­­ғұловтан басқа адамдарды жа­уап­қ­а тартуға соттың құзыры жоқ. Про­куратура мен полиция органдарына осыдан кейін қалай сенуге болады?!», дейді адвокат өз хатында.

Біз Шардара ауданында болған осы жағдайға байланысты екінші тарап, яғни заң талаптарының сақ­талуына жауапты орган – прокура­тураның дәлелдерін де білуді дұрыс деп шештік. Өйткені мақсатымыз – белгілі бір тарапты кінәлі деп тану емес, осы істің әділ шешілуі үшін оны көпшілікке жария қылу, оған қоғамның назарын аудару. Түркістан облысы прокурорының орынбасары Қ.Әблезовке хабарласып, істің мән-жайын сұраған едік.

Прокуратураның бізге берген мәліметіне қарағанда, шопан Ш.Молдағұлов 2019 жыл мен 2022 жыл аралығында өзіне сеніп тап­­­­сырылған бөтеннің мал-мүл­кін талан-таражға салған. Оған қа­­тыс­ты «күзетпен ұстау» түрін­де­гі бұл­тартпау шарасы қолда­ныл­ған. Ал жәбірленуші тарап «екін­ші қыл­мыскер» деп танып отыр­ған С.Қал­ниязовты прокурор­лар «іс­тің куәгері» деп танып отыр. Яғ­ни жасырын тергеу әре­кеті жүр­гізілгенде оның қылмыс жаса­ма­ғаны анықталыпты. Себебі ол өзіне сеніп берілген малды екінші шопан Ш.Молдағұловқа тапсырған. Оған қандай дәлелдер бар? Про­ку­ратураның мәліметінше, біріншіден Молдағұловтың өзі Қалниязовтан мал­ды алғанын мойындаған, екінші­ден ұсақ малдарды сатып алған басқа адамдар да оларды Қалниязовтан емес, Молдағұловтан алғандарын айтқан.

Шыны керек, осы жерде біздің де көңілімізге күдік ұялап тұр. Екі шо­панның әрқайсымен жеке-жеке келісімшарт жасалғанын жоғарыда айттық. Заң бойынша олар бір-біріне өз қарамағына алған малды берулеріне құқығы жоқ. Беретін болса да, алдымен малдың иесіне ескертіп, соның рұқсатымен ғана тапсырып, келісімшарт қайтадан жаңартылып жасалуға тиіс екені белгілі. Миллиондаған теңгеге баға­ланған малды екінші шопанға бере салып, оған дәлел ретінде Мол­да­ғұлов пен басқа да сатып алған адам­дардың сөзін дәлел ретінде келтіру қаншалықты ақылға сыяды?

Жәбірленуші тарап Қалния­зовтың өзіне сеніп тапсырылған малды Молдағұловқа бергенін біл­мейтіндерін, өздеріне ескертіл­ме­генін, бұл жерде бір шопан екіншісіне малды бермегенін, екеуі сөз байласу арқылы оның бәрін сатып, өз пай­дасына жаратқанын айтып отыр. Ал бұл әрекеттерге қатысты Қыл­мыс­тық кодекстің 187, 188-баптарын­да қыл­мыстық жауапкершілік көзделген.

Сонымен қатар Түркістан облысы прокурорының орынбасары Қ.Аблезовке адвокат А.Айтубаевтың 2023 жылдың 15 сәуірінде жолда­ған ша­ғымында осы қылмыстық іс бо­йынша Шардара аудандық ПБ-ның тер­геушісі Ғ.Ормановтың 2022 жыл­дың 25 желтоқсанында С.Қал­ниязовқа және басқа да адамдар­ға қаты­сты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы процессуалды ше­шім қабылдағанын, ол ҚПК та­лап­тарының өрескел бұзылуына байланысты күші жойылуға жататынын айтады. Мәселен, бірінші шопан Ш.Молдағұловтың қылмысы дәлелденгені секілді дәл сондай тергеу амалдары С.Қалниязовқа қатысты жүргізілмеген.

«Тергеуші Ғ.Орманов тергеу басталған уақыттан бері осы ба­ғытта жұмыс істеп, С.Қалниязовты қыл­мыстық жауапкершіліктен шеттету мақсатында ҚПК-нің 24-бабының талаптарын өрескел бұзып, Ш.Мол­дағұловтың С.Қалниязовпен жа­қын туыс болып келетіндігін біле тұра С.Қалниязовтың атына қанша мал тіркелгенін, оның жәбірленуші Б.Маликовтың берген малдарын қай жайылымда жайғанын, оған бұл жұмысын атқаруға кім көмек көр­сет­кенін, оның және жұбайының атында қандай жылжитын және жылжымайтын мүліктердің тіркелгенін, бұл жылжымайтын мүліктерді олар қай уақытта сатып алғанын, банктерде есепшоттарының бар-жоғын, он­дағы қаражаттардың айналымын, бұл қаражаттар мен мүліктердің қыл­мыстық жолмен пайда болу мүм­кіндігін анықтауға қасақана шара көр­меген», делінген адвокаттың шағы­мында.

Әзірге бұл іс шеті мен шегі жоқ шым-шытырық. Жәбірленуші тарап­тың берген мәліметтеріне қарағанда, екінші шопан С.Қалниязовтың да қылмысқа қатысы анық көрінеді. Про­куратура тарапынан оның «қыл­мыс­кер» емес, «куәгер» екендігін рас­­тайтын нақты дәлелдер берілмеді. Де­генмен бұл істің ақ-қарасын анық­тау – құзырлы органдардың мін­деті. Мал дауы қай заманда да қа­зақ қоғамында өзектілігін жой­ған емес. Бұл даудың да соңы сиыр­құ­йымшақтанып кетпей немесе халықтың құзырлы органдарға деген сенімсіздігін ұлғайтпай, заңға сай әділ шешіліп, қылмыскерлер тиісті жазасын алады деп үміттенеміз.