Экономика • 18 Сәуір, 2023

Релокация: Елімізге 24 компания келді

234 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осыдан бір жыл бұрын Сыртқы істер министрлігі Ресей нарығынан кеткен 362 ірі шетелдік компаниямен релокация бойынша келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған еді. Былтыр жыл соңында 62 компания оң жауап берді деп, сәл кейінірек 20-сының Қазақстанға орныққанын мәлімдеген. Биыл оған тағы 4 компания қосылды. Жақында «Egemen Qazaqstan» сауалына жауап берген ведомство қазіргі уақытта әлемнің 38 елінен 401 ірі компанияның тізімі құрылғанын, соның ішінде 66 компания бойынша нақты келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты.

Релокация: Елімізге 24 компания келді

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

«Компанияларға еліміздегі инвестициялық ахуал туралы нысаналы мақсаттағы шақыру хаттар мен презентациялық материалдар жолданды. Қазақстанның шетелдердегі мекемелерінің бас­­шы­лары қызығушылық та­ныт­­қан компаниялардың топ-менед­жментімен жеке кездесулер өткізіп жатыр. Сонымен қатар қазіргі уақытта шетелдік компаниялардың басым бөлігі аймақтағы ахуалдың одан арғы беталысын күтіп отырғандарын атап өткен жөн», деп мәлімдеді Инвестиция комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев.

Биыл елімізге 4 ком­пания көшіп келген. Электр қуа­ты жабдықтарын шығарумен және сол саладағы инновациялық шешімдерді әзірлеумен айналысатын франциялық компанияның тех­нологиялары елімізге транс­­ферленіп, Атырау облысында тренинг орталығы құрылмақ. Сондай-ақ германиялық компания тарапынан Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласында қолданылатын тіркеме техникасын өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Ресейлік компания тарапынан Қостанай облысында серіппе жасайтын зауыт ашылмақ. Тағы бір ресейлік компания Астана қаласында логис­тикалық парк салуға ниетті көрі­не­ді.

Министрліктің хабарлауынша, релокация жасап жатқан шетелдік компаниялар еліміздің заң­на­малары мен талаптарын толық орындап жатыр. Олар үшін қандай да бір арнайы жағдай жасалмайды, олардың кеңселері мен өндірістері біздің елге жалпы ережелерге сәйкес көшіріліп жатыр деп түсіндірді ведомство өкілі.

Сонымен қатар министрлік өкілі шетелдік инвестиция тарту бойынша еліміздің Ор­та­лық Азияда көшбасшы еке­нін және инвесторлардың біздің елді таң­дауы тартымды инвестициялық климаттың тиім­ді­лігі арқасында мүмкін болып отырғанын жеткізді.

«Геосаяси жағдайларға байланысты Еуразия кеңістігінен кетуге мәжбүр болып отырған шетелдік компанияларға Қазақстанға қо­ныс аудару тиімді бола отырып, еліміздің халықаралық арена­да­ғы сыртқы беделінің өсуіне айтарлықтай септігін тигізіп жатыр», дейді ол.

2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 28 млрд доллар бол­ған. Бұл 2021 жылғы көрсет­кіш­тен 17,7 пайызға артық. 2022 жылы шетелдік инвесторлардың қатысуымен 46 инвестициялық жоба іске қосылды. Жалпы, 1,74 трлн теңге инвестиция тартылып, 6,2 мың жұмыс орны ашылған.