Әлем • 19 Сәуір, 2023

Жаңартылған саяси тұжырымдама

333 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ресей президенті Владимир Путин елінің «Сыртқы саясаттағы жаңа тұжырымдамасын» бекітті. Ол әлемдегі күрделі өзгеріске байланысты негізгі стратегиялық құжатты түзетуге тура келгенін айтады.

Жаңартылған саяси тұжырымдама

Жаңартылған тұжырымдамада Мәскеу өзін Батыстың жауы санамайды. Керісінше ондағы елдерді тайталастың пайдасыздығын түсінуге ша­қы­­рып, тең дәрежедегі өзара қарым-қатынасқа қайта оралуына үміт артады. Алайда Вашингтонның қазіргі бағытын өзінің қауіпсіздігі мен халықаралық бейбітшілікке қарсы әрекет деп санайды. Жалпы, АҚШ-тың әлемдегі үстемдігін жоюға басымдық берілетіні айтылады. Ал көршілес жатқан елдерге тіпті алаңдауға негіз жоқ.

Жалпы, тұжырымдамаға сәйкес Мәскеу өзара қағидат негізінде барлық ел үшін бірдей қауіп­сіз­дік­ті қамтамасыз етуге ұмтылады. Әсіресе оның Қытай және Үндістанмен қарым-қатынасы жан-жақты тереңдеп, ерекше маңызға ие болмақ. Ал жақын шетелдермен бейбітшілік, тату көршілік қағидаттарын сақтап, байланысын жалғастыра бермек. Атап айтар болсақ, Ислам елдері Иран, Түркия, Сауд Арабиясы және Мысырмен ынтымақтастығын одан әрі дамыта береді. Сирияның жағдайына байланысты гуманитарлық көмек беріп, қолдау көрсету күн тәртібінен түспейді.

Сонымен қатар Ресей ТМД, ҰҚШҰ, Еуразиялық одаққа мүше елдермен Абхазия, Оңтүстік Осетия елдерімен ұзақмерзімді тату көршілікті сақтап қалуды көздеп отыр. Ал Африка, Азия-Тынық мұхит аймағы, Латын Америкасы және Таяу Шығыс елдерімен көпжақты институттар, өңірлік және субөңірлік интеграция, диалог алаңдары, түрлі бірлестіктерді қолдау арқылы ынтымақтастығын нығайтады.

Негізі Мәскеу БРИКС, ШЫҰ, ТМД, Еуразия экономикалық одағы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ), РҮҚ (Ресей, Үндістан, Қытай) секілді халықаралық бірлестіктер мен ұйымдарға мүше елдерді өзінің досы санайды. Сондықтан осы ұйымдардың халықаралық аренадағы рөлін арттырып, әлеуетін нығайтуға басымдық бергелі отыр.

Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерімен кездесуінде Владимир Путин елдің Сыртқы істер министрлігі басқа ведомстволармен бірлесе отырып, жаңартылған құжатты қазіргі заман талабына сәйкестендіріп құрғанын айтты.

Сыртқы істер министрі Сергей Лавров жаңар­тыл­ған тұжырымдамада әлемдік экономика да қам­тылғанын жеткізді. «Құжатта халықаралық да­му­­дың негізгі ұзақмерзімді тенденциялары си­пат­талады, оның ішінде соңғы кезге дейін аме­ри­калық ережелер бойынша жүзеге асырылып келген экономикалық жаһандану дағдарысы да бар. Әлемдік экономика күрделі жағдайды бастан өткеріп, жаңа технологиялық негізге көшіп жатыр», деді ол.

Ресейдің СІМ басшысы, сондай-ақ жаңартылған тұжырымдамаға сәйкес Мәскеуге қарсы қадам жасағандардың жолы кесілетінін атап өтті. Атап айтқанда, Ресей мен оның одақтастарына қарсы шабуылға тойтарыс беру немесе оның алдын алу мақсатында Қарулы күштерді пайдалану туралы тезис құжатқа енгізілген.

Соңғы рет Ресей Сыртқы саясат тұжырым­да­ма­сына 2016 жылы түзету енгізген. Алты жылдан соң әлемде орын алған өзгерістерге байланысты Сыртқы істер министрлігі 2022 жылдың қаңтар айының соңында жаңа құжаттың жобасын жасады. Жаңартылған тұжырымдаманың көптеген ережені Мәскеудің «таяудағы төрт-алты жылдағы» сыртқы саяси бағытын айқындайды. Ресми құжатта жалпы ережелер, әлем дамуының негізгі үрдістері, Ресейдің ұлттық мүдделері, сыртқы саясатының басым бағыттары, өңірлік бағыттар және оларды жүзеге асыру секілді 6 тарау қамтылған. «Ресейдің сыртқы саясаты бейбіт, ашық, болжамды, сенімді, бірізді, прагматикалық сипатта болады», делінген тұжырымдамада. Владимир Путиннің сендіруінше, жаңарған тұжырымдама енді Ресейдің орта мерзімді және алыс перспективадағы практикалық іс-қимылдарының негізі болып қала­на­ды.

Сарапшылар бұрынғы тұжырымдамамен салыстырғанда жаңа құжатта Украина, Грузия және стратегиялық қауіпсіздікке қатысты бірне­ше тармақтың алынып тасталғанын айтады. Мәселен, жаңа құжатта бұрынғы редак­ция­дағы: «Ресей Федерациясы Украинамен ұлт­тық мүд­де­лерді құрметтей отырып, өзара ынты­мақ­тас­тық, саяси, экономикалық, мәдени және рухани байланыстардың барлық түрін дамытуға мүдделі» деген №56 тармақ жоқ. Жалпы, құжаттың жаңа редакциясында Украина туралы айтылмаған. Онда тек «АҚШ пен оның жандайшаптары (сателлит елдер) Ресей Федерациясының Украина бағытында өзінің өмірлік маңызды мүдделерін қорғау шараларын қабылдау орнына, оны көп жылғы Ресейге қарсы саясатты ушықтыру үшін сылтау ретінде пайдаланды және жаңа типтегі гибридтік соғыс ашты. Бұл РФ таңдауы емес еді», делінген. Сондай-ақ бұған дейінгі нұсқада Мәскеудің Тбилисимен қарым-қатынасын қалыпқа келтіруге мүдделі екендігі айтылғанымен, жаңа тұжырымдамада Грузия аталмаған.

Ал Қазақстанға келер болсақ, Кремль еліміздің атын атамаса да, халықаралық ұйымдармен ынты­мақ­тастығын арттыратынын айтады. Ал Қазақстан ШЫҰ, ҰҚШҰ, ТМД және ЕАЭО секілді ұйымдарға мүше.