
Оқиға АҚШ-тың Майами қаласында болған. Жергілікті үш адамнан құралған топ Олжас Қаныбекке тапанша кезеп, сөмкесін тартып алмақшы болған. Олжастың айтуынша, сөмкесінде құжаттары, телефоны мен ақшасы бар екен. Ол бұзақылардың біріне қуып жетіп, қаруын тартып алған. Қарақшының екі досы оны босату үшін қайта оралған екен. Қарулы қарақшылар оған шабуыл жасаған. Алайда Олжас қарсылық көрсетіп, олардың да қаруларын тартып алған. Кейін қарақшылар оқиға орнынан ізін суытқан.
Көп ұзамай оқиға орнына полицейлер келеді. Қарақшыларды іздеуге 6 полиция көлігі мен тікұшақ шыққан. «Бетіме тапанша тақағанда қорқып кеттім. Бірақ қарақшыларға сыр алдырған жоқпын. Келген полиция қызметкерлері де «не деген жүрегінің түгі бар жігітсің» деп таңғалып жатыр», дейді Олжас Қаныбек.
Оқиға орнына психологтер мен дәрігер де келіп, Олжастың жағдайын тексеріпті. Сондай-ақ киімдерін ДНҚ сараптамасына тексеруге жіберген. «Қазақ жігіті қарақшылардан тапанша пен автоматты тартып алған, өздерін ұрып-соққан, бірінің тісін сындырған. Мұндайды АҚШ-та бұған дейін ешкім көрмеген», дейді полицейлердің бірі.
Олжастың айтуынша, оқыс жағдай күтпеген жерден болған. Ол жарнама бөліміне барып, телефонындағы арнайы қосымшаны жаңартпақ болған екен. Алайда оны тапаншамен үш жігіт күтіп алған.
Еліміздің АҚШ-тағы консулдығы Олжаспен байланысқа шыққан. «Біздің консул Қазақстан азаматын тауып, онымен және жергілікті құқық қорғау органдарымен байланысты. Төбелес барысында кішігірім жарақат алғанына қарамастан, Олжас ем қабылдаудан бас тартты. Оның денсаулығына еш қауіп жоқ. Аман-есен», деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
СІМ мәліметі бойынша Олжас Қаныбек АҚШ-қа 2 айлық оқуға барған. Ол Латвияда аэронавигация институтында оқыған. Мамандығы – авиадиспетчер. Кезінде бокспен де айналысқан екен. 24 жастағы отандасымыз – Кентау қаласының тумасы. «Бұрын мұнай-газ саласында жұмыс істедім. Кейінгі уақытта авиация саласында оқып жүрмін. «Қазаэронавигация» компаниясы ұшуды практикалық түрде үйрену үшін АҚШ-қа оқуға жіберді. Қазір Майами қаласындамын», дейді Олжас Қаныбек.