Мемлекет басшысы ірі кәсіпкерлерді елдегі әлеуметтік мәселелерге бей-жай қарамай, бірге атсалысуға шақырды.
«Мемлекеттің қолдауына ие болып отырған ірі бизнес өкілдері айрықша рөл атқарады. «Табысты осы жерден тауып, шетелде шашу» әдетінен арылу керек. Есесіне, елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге көбірек үлес қосуға ұмтылған жөн», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сондай-ақ кәсіпкерлер тапқан табысын ел экономикасына салуы қажеттігін атап өтті.
«Ірі кәсіпкерлер Қазақстанда тапқан табысын басқа жақта емес, өз еліміздегі бизнесін дамытуға жұмсағаны абзал. Жұмысын осы талапқа бейімдей алған ірі кәсіпкерлер нағыз ұлттық бизнес-элитаға айналады. Халықтың құрметіне бөленіп, мемлекеттің қорғауы мен қолдауына ие болады.
Сонымен қатар бізге «кәсіпкерлердің жаңа толқыны» керек. Мемлекеттің ресурсына арқа сүйемей, бойындағы дарыны мен іскерлігі арқылы тұрақты әрі мықты кәсіп құра білген «тың күштер» қажет», деді Президент.