Өкінішке қарай, қазіргі таңда бірде-бір боксшымызда аталған ұйымның чемпиондық белдігі жоқ. Кешегі күнге дейін чемпион атанып тұрған Геннадий Головкин жуырда IBF титулынан бас тартқан болатын. Дегенмен, Головкиннің ізбасарлары IBF рейтингіндегі орындарын жақсартып, әлем чемпионы атағына жақындап келеді. Мәселен, екінші орта салмақта жұдырықтасатын Әли Ахмедов алтыншы орыннан бесінші сатыға көтерілді. Ал бұл салмақтың чемпиондық титулы мексикалық Сауль «Канело» Альвареске тиесілі.
Ал жуырда ғана Оңтүстік Кореяда жекпе-жек өткізіп, қарсыласын нокаутпен жеңген орта салмақтағы Мейірім Нұрсұлтанов рейтингтегі жетінші орнын сақтап қалды. Геннадий Головкин орта салмақтағы IBF белдігінен бас тартқан соң, чемпиондық белбеу қазір бос. Рейтингте бразилиялық Эскива Фалькао көш бастап тұр. Сонымен қатар екінші жартылай жеңіл салмақта өнер көрсететін Сұлтан Зәуірбек ТОП-10 боксшының қатарынан тыс қалды. Ол қазіргі таңда 14-орында келеді.