Елорданың төл мерекесі – күллі қазақстандықтардың ортақ мейрамы. Өскелең ұрпақ отандық патриотизмнің қайнарынан сусындауы үшін атамекеніміздің кіндік қаласының мейрамы айрықша маңызды.
Биыл А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы елорда мерекесіне орай «Елімнің жүрегі – Астана» атты айрықша бағдарлама әзірледі. Яғни, Астана күніне – QR-кітапхана ұйымдастырылды. Атап айтқанда, шілде айының алғашқы онкүндігінде «Астанаға деген махаббатпен!» атты Астана жайлы кітаптар, мерзімді басылымдар, альбомдар және деректі фильмдер көрмесі өтуде.
Әрине, аталған шаралардың ішінде соны жаңалық – кітапхана алдындағы алаңда тәулік бойы жұмыс істейтін QR-кітапхананың тұсаукесері деуге болады. Жаңа инновациялық мәдени-білімдік жобаны облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы ұсынды.
QR-кітапхананың бір ерекшелігі, сөреден кітап алып, ән тыңдап, бейнеролик тамашалау үшін оқырман билеті қажет емес. А.Пушкин атындағы кітапхана саябағында ақысыз Wi-Fi қызметі бар. Осы арқылы ғаламторға еніп, планшетіңізге арнайы қосымшаны орнату қажет. Оның көмегімен жеке QR-кодты оқып, қажетті ақпаратты алуға болады. Кітапты жүктеу туралы нұсқау әр сөреде берілген.
QR-кітапхана – жақсы, сапалы әдебиеттің мәңгілік құндылықтары мен заманауи ақпараттық технологиялардың үйлесімін тауып отыр. Оқырмандарымыздың «мобильді ұрпағы» осы бастамаға лайықты баға беріп, қаламызда оқуға деген ынта арта түседі деген үміттеміз.
Хабиба АҚЖІГІТОВА,
А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының директоры.
ӨСКЕМЕН.