09 Шілде, 2014

QR-кітапхана – елорда күніне арналды

334 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Елорданың төл мерекесі – күллі қазақ­стандықтардың ортақ мейрамы. Өскелең ұрпақ отандық пат­риотизмнің қайнарынан сусындауы үшін атамекеніміздің кіндік қала­сының мейрамы айрықша маңызды. Биыл А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітап­ханасы елорда мерекесіне орай «Елімнің жүрегі – Астана» атты айрықша бағдарлама әзірледі. Яғни, Астана күніне – QR-кітапхана ұйым­дастырылды. Атап айтқанда, шілде айының алғашқы онкүндігінде «Астанаға деген махаббатпен!» атты Астана жайлы кітаптар, мерзімді басылымдар, альбомдар және деректі фильмдер көрмесі өтуде. Әрине, аталған шаралардың ішінде соны жаңалық – кітапхана алдындағы алаңда тәулік бойы жұмыс істейтін QR-кітапхананың тұсаукесері деуге болады. Жаңа инновациялық мәдени-білімдік жобаны облыстық мәдениет, мұ­рағат және құжаттама бас­қар­масы ұсынды. QR-кітапхананың бір ерекшелігі, сөреден кітап алып, ән тыңдап, бейнеролик тамашалау үшін оқырман билеті қажет емес. А.Пушкин атындағы кітап­хана саябағында ақысыз Wi-Fi қызметі бар. Осы арқылы ғаламторға еніп, планшетіңізге арнайы қосымшаны орнату қажет. Оның көмегімен жеке QR-кодты оқып, қажетті ақпаратты алуға болады. Кітапты жүктеу туралы нұсқау әр сөреде берілген. QR-кітапхана – жақсы, сапалы әдебиеттің мәңгілік құнды­лықтары мен заманауи ақпараттық техноло­гиялардың үйлесімін тауып отыр. Оқырмандарымыздың «мобильді ұрпағы» осы бастамаға лайықты баға беріп, қаламызда оқуға деген ынта арта түседі деген үміттеміз. Хабиба АҚЖІГІТОВА, А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының директоры.   ӨСКЕМЕН.