Аймақтар • 19 Сәуір, 2023

Қарағанды облысы: Шекті өлшемнен шыққан жоқ

237 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жанармайдың шекті бағасының нақты­лануы бекет­тер таблосындағы құнды бір-ақ күнде өзгертті. Бү­гін­де жанармай маркалары қымбаттады. Деген­мен Қарағанды облысында жанар-жағармай шекті бағада.

Қарағанды облысы: Шекті өлшемнен шыққан жоқ

Энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес АИ-92 және АИ-93 маркалы жанармайдың бір литрі – 205 теңгеге дейін, ал дизель отыны – 295 теңгеге дейін саудалануға тиіс десек, Қара­ған­ды облысындағы жанармай бекеттері осы шекте. Барлық дерлік жанармай бекеттерінде көтерілген баға бірқалыпты.

Мәселен, Sinooil жанармай бекеттерінде АИ-92 литрі – 205 теңге, АИ-95 – 215 теңге. Дәл осындай баға Helios жанармай құю стансаларында. Яғни 205 теңгеден. Атап айт­қанда, АИ- 92 – 205 теңге, АИ-95 – 215 теңге. Дизель – 295 теңге.

Gazoil жанармай стансаларында баға әзірге өскен жоқ. Менеджерлердің мәлімдеуінше, АИ-92-нің литрі – 181 теңге, АИ-95 – 212 теңге. Өзге де ұсақ жанар­май бекеттердегі баға да бекітілген прайс көлемінде.

Ал ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, шаруашылықтарға дизель ақпан айында 206 теңгеден жеткізілсе, сәуір, мамыр, маусым айында 210 теңгеден тасымал­данбақшы.

– Көктемгі егіс науқанына бөлінген дизель шаруалар­ға тасымалдаушы оператор арқылы («Retail Trade Oil» ЖШС) Павлодар мұнай өңдеу зауытынан кестеге сәйкес жеткізілуде. Бүгінде ақпан-сәуір айларына бөлінген 12 мың тоннаға қаржы оператор тарапынан толық төленіп, 6 мың тоннасы тасылып алынды. 9 мың 225 тоннаны жеткізуге 252 шаруашылықпен шарт жасалды, дейді басқарма басшысы Асқар Санаубаров.

Жалпы, Қарағанды шаруаларына қажетті дизельдің технологиялық картаға сәйкес көлемі 20 мың тоннадан асады екен.