Білім • 20 Сәуір, 2023

Сапалы білім – ел дамуының діңгегі

669 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қоғамның даму көрсеткіші білім саласының деңгейіне байланыс­ты екені белгілі. Сондықтан білім саласына келгенде әуелі қоғамды бай-кедей деп жік-жікке бөлмей, білім алуына теңдей мүмкіндік қарастыру қажет деп есептеймін. Білім қазіргі заманға сай болса, онда келешекте жас өскіндеріміз бәсекеге қабілетті болып жетіледі. PISA халықаралық зерттеуіне үңілсек, кейінгі 10 жылдың көлемінде еліміз орта білім сапасы бойынша 80 елдің ішінде елуінші-алпысыншы орыннан аспаған. Мұның салдарын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте тарқатып айтып берді.

Сапалы білім – ел дамуының діңгегі

«Басты түйткілдің бірі – бала­лардың білімін біржақты бағалау. Елімізде білімнің сапасына емес, көрсет­кіштің жоғары болуына баса мән беріледі. Оқушылардың бірың­­ғай ұлттық тестілеуден алған бағасы мен мектептегі бағасы екі түрлі. Айырмашылық 30 пайыз немесе одан да көп болуы мүмкін. Сондай-ақ осындай алшақтық халық­аралық және ұлттық бағалау кезінде байқалады. Ашығын айтсақ, мұның бәрі жаппай белең алған көзбояушылықтың кесірінен болып отыр. Өзіңді өзің алдау жарға жығады», деді Президент.

Рас, біз қазір білім жүйесіндегі бірнеше реформаның нәтижесі біз ойлағандай іске аспағанын көріп отырмыз. Біз балаларды қалай оқытып, қандай әдіспен тәрбие­леп жатырмыз? Байқасаңыздар бала­лар бірінші сыныпқа барғаннан қа­тар­ластарымен минутқа оқып жары­­са­ды. Баламыздың минутқа суды­ратып оқып шыққанына риза болып отырмыз. Жылдам оқыған бала­ның алатын бағасы да жоғары. Ал бала 2, 3-сыныпқа барғанда мұға­лімдер ата-анадан оқушыға көбірек кітап оқытуды сұрайды. Себебі бала­лар оқыған кітабының түсінігін ай­та алмай қиналады. Мысалы, бұ­­рын, біз білім алған жылдары бас­­­тауыш мұғалімі оқушыларды ми­нутқа оқытпайтын. Өз басым осы әдіс тиімдірек деп ойлаймын. Сол секілді мектептегі артық сабақтарды қысқару керек. Білімге бастауыш сыныптан көңіл бөлу керек. Қазір Ұлтық бірыңғай тестілеу де мектептер арасында «бәйгеге» айна­лып кетті. Қай мектепке бар­сақ та білім мекемелерінің бағдарла­масын­дағы пәндер бірыңғай оқытылып жатқан жоқ. Әсіресе, 11-сынып оқу­шылары тек Ұлттық бірыңғай тес­тілеуге қатысты пәндерді оқиды. Басқа пәндер тоқтап тұр. Оқу­шылар ҰБТ үшін ғана сабақ оқитын болса, онда басқа пәндер неге қажет? Біздіңше, жоғары сыныпта оқушы өзінің мамандығына қатысы бар пәндерді оқуы қажет. Тағы бір өзекті мәселе, қазір ата-ана­лар баласын қалай да ЖОО-да білім алуын қалайды. Біз осы қалыптасқан жайт бойынша ата-аналармен жиі кездесіп, орта білім жөнінде түсіндіріп отыруымыз керек. Өйткені жұмысшы мамандар – қоғамның тірегі.

Тағы бір мәселе отбасы институ­ты­на қатысты. Қоғамда балаларына дұрыс тәрбие бере алмай отырған отбасылар бар. Бұл қайшылықтың әлеуметтік жағдайға қатысы бар. Ата-аналар баласын асыраймын деп жұмыстан босамай жүргенде, тәрбие бір жақта қалады. Балаларды әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр деп бұған дейін де талай айтылды. Бізге ғаламторды міндетті түрде сараптап, тексеріп отыру қажет. Ата-анамен қатар мектеп те осыған назар аударуы қажет. Бұл қауіпсіз қоғам құруға да ықпал етеді.

Президент әлеуметтік мәселелер­дің ішінде жастарды жұмыспен қамтуға бөлінген қаржы жайында да тарқатып айтты. Оның ішінде ұзақмерзімді жобалардан бөлек, жастардың кәсіп­керлік бастамасына қолдау көрсету үшін қаралған 40 миллиард теңге бөлінгенін білдік. Бұл қаражат аймақ­тағы жас­тар­ға беріледі екен. Қазір бизнес сала­сын­дағы үздік идея­ларды таң­дап алу үшін конкурстар басталып­ты. Енді аймақтарда бұл қара­жат кім­дерге беріледі? Қандай кәсіп­ке қол­дау көрсетіліп жатыр? Ең бі­рін­ші осы мәселе бойынша жіті мо­ни­торинг жүргізу керек. Се­бебі өзіміз халық арасында әлеу­мет­тік зерттеулер жүргізгенде қай­та­рым­сыз грант, жеңілдетілген несие тағайындау ісінде «бармақ басты, көз қыстының» барын байқаймыз. Жеңілдікпен бері­летін қаржының үміткер жастың қолы­на тұтас тимеген кездері кезде­седі. Мұндай жеңілдіктерді орайы келсе, екінші деңгейлі банк­тер арқылы ұйымдастыру керек деп ойлаймыз. Президент қозғап отыр­ған мәселелердің басым көпші­лігі халықтың әлеуметтік әл-ауқа­тын арттыруға негізделгенін біліп отыр­мыз. Сондықтан ең алдымен, мем­лекеттен қаралған қаражаттың мақ­сат­ты жұмсалуын қадағалау аса маңыз­ды іс деп білеміз.

 

Бақыт Әлмұратов,

әлеуметтанушы