«Ногури» дауылынан қауіп мол
Аса күшті «Ногури» дауылының жақындап қалғанына байланысты Жапонияның Окинава префектурасынан жарты миллионнан астам адамды көшіру жарияланды. Бұл жөнінде кеше NHK телеарнасы хабарлады.
Аталған телеарнаның ақпаратына қарағанда, Мияко аралынан 130 мыңға жуық, Урасоэ қаласынан 113 мың және Гинован қаласынан 96 мың адам көшірілетін болады. Жергілікті билік осы аймақтарға жақын жердегі тұрғындардың барлығын қауіп төнген жағдайда жақын маңдағы жерасты баспаналарына паналауға шақырған. Дауыл қазірдің өзінде 22 мың үйді жарықсыз қалдырған. Сондай-ақ, Окинавада әуе қатынасы үзілген және ондағы барлық әуежайлар жабылған. Метеорологтардың мәліметінше, «Ногури» дауылы солтүстікте сағатына 20 шақырым жылдамдықпен жылжып келеді. Ол елдің оңтүстік-батысын түгел жауып тастауы мүмкін.
Эдуард Шеварднадзе өмірден өтті
Дүйсенбі күні Грузияның бұрынғы президенті Эдуард Шеварднадзе 86 жасында өмірден озды. Ол ұзаққа созылған сырқаттан өзінің Тбилисидегі резиденциясында қайтыс болған.
Эдуард Шеварднадзе мұғалімдер отбасында өмірге келген. Елуінші жылдардың екінші жартысында елдің комсомол комитетін басқарды. Кейін Грузия компартиясына жетекшілік етті. Сексенінші жылдардың ортасында КСРО-ның сыртқы істер министрі қызметін атқарды және ол М.Горбачевтің жақын серіктерінің бірі болды. 1992 жылы Грузияға оралған Шеварднадзе алдымен республиканың уақытша органы – мемлекеттік кеңеске жетекшілік етті. Одан соң парламент төрағасы, көп кешікпей елдің президенті болып сайланды. Ал 2003 жылғы төңкерісте президенттік лауазымнан өз еркімен кетуге мәжбүр болған еді.
Алдын ала нәтижесін жария етті
Ауғанстанның тәуелсіз сайлау комиссиясы президенттік сайлауда дауыс берудің алдын ала мәліметтерін жариялады. «Франс-пресс» агенттігінің хабарлауынша, елдің бұрынғы қаржы министрі Ашраф Ғани Ахмадзайға сайлаушылардың 56,44 пайызы дауыс берген.
Ал екінші кандидат – сыртқы істер министрі Абдулла Абдулла 43,56 пайыз дауыс алыпты. Сайлаудың нәтижесін жария еткен тәуелсіз сайлау комиссиясының төрағасы Ахмад Юсуф Нуристани дауыс беру барысында кемшіліктерге жол берілгенін айтады. Оның барлығы мұқият тексерілетін болады. Дауыс беруге 8 миллион адам қатысқан. Абдулла өзінің жеңіліс тапқанын мойындаудан бас тартқан. Бұл елде президенттік сайлаудың екінші туры 14 маусымда өткен болатын.
Тұтқыннан қашқан әйел көп
Бірқатар ақпарат агенттіктері соңғы айда Нигерияда исламшылардың тұтқынынан 60-тан астам әйел қашып шыққанын хабарлады. Олардың барлығы дерлік өз үйлері мен отбасыларын тапқан сияқты.
Тұтқыннан қашып шыққан әйелдер мен қыздарды осыдан бірер ай бұрын «Боко харам» радикальды топтардың мүшелері ұрлап кеткен болатын. Қазірге бұл елде тыныштық орнайтын түрі жоқ. Өткен жұмада содырлар Дамбоа қаласына тағы да шабуыл жасады. Бір жақсысы, әскерилер олардың шабуылына тойтарыс бере білді. Нәтижесінде 50-ден астам содырдың көзі жойылды. БҰҰ «Боко харамды» терроршыл ұйымдардың тізіміне қосты.
Химиялық қару жойыла бастады
Сириядан әкетілген химиялық қаруларды Жерорта теңізінде арнайы мамандандырылған америкалық «Кэйп Рэй» кемесінің бортында жою жұмыстары басталды. Бұл жөнінде Пентагонның ресми өкілі Стив Уоррен хабарлады.
Пентагон өкілінің айтуынша, операция теңіздің халықаралық суында жүзеге асырылып жатыр. Жаппай қырып-жоятын қаруларды жоюды аяқтау 60 күнге жоспарланған. Кеме бортында 600 тонна химиялық зат бар. Қарулар бейтараптандырылған соң, олар зарарсыздандырылу үшін Финляндия мен Германияға жеткізіледі. Химиялық арсеналдардың соңғы партиясы Сириядан 23 маусымда әкетілген еді.
Газа секторында әдеттегідей маза жоқ
Палестина мемлекетінің президенті Махмұд Аббас Израиль билігінен Газа секторына әуеден атқылау операциясын дереу тоқтатуды талап етті. Палестина басшысы Израильдің бұл әрекеті өңірдегі жағдайды одан әрі ушықтыра түседі деп есептейді.
Көрші екі елдің бірін бірі зымыранмен атқылауы бір айдан бері жалғасып келеді. Сейсенбіге қараған түні Израиль әскерлері ХАМАС инфрақұрылымдарына қарсы тағы бір операцияны жүзеге асырған. Соңғы мәліметтерге қарағанда, 20-дан астам палестиналық әртүрлі жарақаттар алған «Газа секторына әуеден және теңізден елу нысана бойынша соққы берілді, – деп хабарлады Израиль қорғаныс армиясының баспасөз қызметі. – Басталған операцияның мақсаты – ХАМАС-тың инфрақұрылымдарын істен шығару». Ал палестиналық радикалдар бір айда Израильге қарсы 250-ге жуық
зымыран жіберіпті.
Қысқа қайырып айтқанда:
Ауғанстанда НАТО-ның төрт әскери қызметшісі қаза тапты. Ресми деректер бойынша, оқиға елдің шығысында орын алған.
АҚШ президенті Барак Обама Палестина мен Израиль билігін зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырды. Президент қазіргі жағдайды «қауіпті» деп атаған. Сондай-ақ, ол үш израильдік және бір палестиналық жасөспірімнің қаза табуына байланысты көңіл айтқан.
АҚШ-тың құпия қызметі Ресей мемдумасының депутаты Валерий Селезневтің ұлы Роман Селезневті тұтқындады. Оған кредиттік карталардың мәліметтерін ұрлады деген күдік келтіріліп отыр.
Бейжіңде алғаш рет қызанақ «шайқасы» шарасы өткен болатын. Оған мыңға жуық адам қатысқан. Алты сағатқа созылған «шайқаста» 10 тонна қызанақ шығын болыпты. Көптеген қытайлық мұны «көкөністі текке шашу» деп атаған.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.