09 Шілде, 2014

Келелі мәселе қаралды

309 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
7573 Ақтау қаласында мұнай-газ өнеркәсібі ұлттық кластері активінің конгресі өтті. Онда саланың және кластерлік бастама құрамының дамуы туралы іс-әрекеті талқыланды. Конгресті Маңғыстау облысының әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Конгресс жұмысына Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев, Мұнай және газ министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» АҚ Мұнай-газ активі дирекциясының басқарушы директоры Мәлік Сәлімгереев, «KAZENERGY» «Мұнай-газ және энергетикалық кешен ұйымдарының қазақстандық ассоциациясы» ЗТБ адами капиталын дамыту жөніндегі атқарушы директоры Тоғжан Қожалиева, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Екатерина Никитинская, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазақстан мұнай және газ институты» АҚ, сондай-ақ, еліміздің мұнай-газ секторының құрамына кіретін кәсіпорындар өкілдері қатысты. Биылғы жылдың мамыр айында болған Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы мақұлданған болатын. Осы бағдарлама аясында Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары аумағында мұнай-газ өндіру және қайта өңдеу, мұнай-газ химиясы, машина жасау мен мұнай-газ өнеркәсібі үшін қызмет көрсету бойынша Ұлттық кластерінің дамуына мемлекеттік қолдау кеңінен көрсетілмек. Экономиканы қалыптастырудағы кластерлік тәсіл аумақтар дамуының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ең тиімді тетік болып табылады. Ал ұлттық кластер кеңесіне Мұнай және газ министрлігі, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» АҚ кіреді. Кластер интеграторының міндетін «Қаз­МұнайГаз» ҰК» АҚ қамтамасыз етіп, «Бәй­терек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ қаржы­лық агенті қызметін атқарады. Конгресті өткізудегі мақсат – сан салалы өнеркәсіптің мүдделі қатысушыларымен ұлт­тық кластер жұмысының негізгі аспектілерін анықтау үшін үнқатысу алаңын құру болатын. Талқыланған басымды мәселелер қатарында қазақстандық мазмұн мен қызметтің, сатып алу бойынша сервистік компаниялардың, ірі жобалардың операторлары (Каспийдегі Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған және т.б оффшорлық жобалар) үлесін, мұнай сервистік компаниялар (кәсіптік-техникалық білім беру, кәсіпорындарды және оның қызметкерлерін сертификаттау, оның ішінде халықаралық сертификаттау) деңгейін, техникалық реттеу, метрология және менеджмент жүйесі саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыру, сондай-ақ, мұнай өңдеу және мұнай өндіру құбырлар өнеркәсібі үшін машина мен жабдықтар шығару саласындағы жобалардың жүзеге асырылуы тәрізді мәселелер орын алды. Қатысушылар on-lіne режіміндегі пікірталас кезінде көтерілген мәселелерге қатысты сындарлы ұсыныстары мен ескертпелерін білдіріп, пікірлерін де ортаға салды. Конгресте жұмыс қорытындысы бойынша қарар қабылданды. Қатысушылар көкейкесті мәселелердің орындалуын үнемі назарда ұстауға ұсыныс жасады. Соның негізінде бірқатар құжаттар әзірленіп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы жүктелді. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан».