Ғаламат дауысымен әлемнің ең үздік сахналарын бағындырған опера өнерінің жарық жұлдызы, бүгінде ең көп сұранысқа ие сахна саңлағы Анна Нетребко жақында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында өнер көрсетті. Қазақ еліне алғаш рет табан тіреген әншімен әңгімелесудің сәті түскен кезде ол өзінің бұл сапарынан тамаша нәтижелер күтетінін жеткізді.
Айта кету керек, концерт ел Президентінің тағайындауы бойынша «Астана Опера» қамқоршылар кеңесінің мәдени мүшесі болып табылатын бизнеспен айналысқан алғашқы қазақстандық әйелдердің бірі Әлфия Қуанышеваның демеушілігі арқасында жүзеге асты. Меценат шетелдегі мәдени жобаларға демеушілік етеді, мысал ретінде атап айтатын болсақ, Ковент-Гарден корольдік операсының жебеушісі атанғанына 10 жылдан асты және соңғы екі жылда Ковент-Гарденнің директорлар кеңесінің құрметті мүшесі, Глоуб театрына, Элтон Джонның СПИД-ке қарсы қорына, голливудтық amfAR – Кино СПИД-ке қарсы қорына, Уэльс ханзадасы Чарльздің мәдени және білім беру қорларына қолдау көрсетуімен танымал.
– Анна Нетребкоға жұрт бекзат өнердің керемет құдіретіне ие адам ретінде ес-түссіз табынып, талантына шексіз құрмет көрсетіп жатады. «Теңдессіз Анна» дейді операны пір тұтатын халық. Ал өзіңіз бұл бағаға қалай қарайсыз?
– Әркімнің де қол жетпес арманы болып саналатын бір қалада дүниеге келген шығар деп сырттай кейде жаңсақ тон пішетін жанкүйерлерім ғафу етсін, мен асып бара жатқан ештеңесі жоқ әлемдегі қарапайым көп қалалардың бірі – Краснодарда туғанмын. Бірақ сахнада ән салуды армандаған көп баланың бірі ретінде менің де кішкентай балауса қанатым кезінде тынымсыз тыпырлап, биіктерге талпынды. Аспандағы жымыңдаған сансыз жұлдыздардың жарығымен қиялға сан рет батып, сан рет қырдағы көкорай шалғынның жұпар исін жұтқызған тағдырыма қазір шексіз ризамын. Өйткені, ол арман мені үлкен қаламен табыстырды. Санкт-Петербург нағыз классикалық өнердің дамыған орталығы десек, міне, сол адамзат игілігінің мол жауһары тоғысқан мегаполис бүгінде менің жаныма оттай ыстық, ата-анамдай абзал, әзіз. Осында консерваторияның вокал класы бойынша білім алдым. Бұдан тұп-тура 20 жыл бұрын Мария театры сахнасында алғаш рет өнер көрсеткендегі сезімім сол мөлдір қалпында сақтаулы. Аялайтын, ардақтайтын асылдарым көп мұнда.
– Анна ханым, қазақ топырағына алғаш рет атбасын бұрып отырған адамнан: «Сізге Астана ұнады ма, көңіл-күйіңіз, әсеріңіз қандай?» деп сұрау әдетіміз.
– Әуежайдан бермен қарай көлікпен зымырап келе жатқанда көп нәрсені көзім шалып үлгерді. Тынысым тымырсықтан босап, кеңінен ашылып сала бергендей. Бірақ қаланы аралап көруге уақытым жетпей жатыр. Өнер адамдарын жұрт баспаған тасы, аспаған тауы жоқ деп ойлайды. Шыны солай. Алайда жұмыс кестесі тым тығыз болғандықтан, кейде, өкінішке қарай, көп кереметтен қағылып қалып жататынымыз тағы рас. Ал бұл жолғы дос құшағын айқарып, ағыл-тегіл көңілмен қарсы алған қазақ халқының қонақжайлығы мен дархандығының жөні маған бөлек. Жаңа жерде адам өмірдегі ең қымбат арманының орындалуын тілейді деп айтып жатады. Мен бұл қала өнерімнің, өсуімнің жаңа кезеңі болғай деп іштей тіледім. Мұнда көптеген жан дүниесі таза, сұлу адамдармен таныстым. Олар маған қазір бұрыннан білетін жақын достарымдай. Ендеше, көп ұзамай кейін тағы да бұл жерге аңсаған көңілмен айналып соғуым еш ғажап емес.
– «Астана Опера» Мария театрында, ал Санкт-Петербург театры елордада өнер көрсетіп, қос тарап тығыз шығармашылық одақта жұмыс істеуде. Ал бұл жағдай сіздің өнеріңізді алдағы уақытта елорда сахнасынан ұдайы көре беру мүмкіндігін туғызады деген сенімді кеудемізге нық ұялатады. Өзіңіз не айтасыз?
– Жаңадан салынып жатқан мынадай сұлу қаланың адамдарының жан дүниесі ылғи да кіршіксіз, тұнық дүниелерді аңсап тұратыны айдай ақиқат. Сәулет өнерінің небір әлемдік үлгілері тоғысқан керемет шаһарға жолым тағы түсіп жатса, шын жүректен қуанамын және сол ойдың тез арада орындалуын тілеймін.
– Мұндағы жанкүйерлеріңізге алып келген тартуларыңызды атаңызшы.
– «Манон Леско» операсынан – Манонның «In quelle trine morbide», «Андре Шенье» операсынан – Мадленнің «La mamma morta», «Адриана Лекуврёр» операсынан –Адриананың «Io son l'umille ancella», «Су перісі» операсынан Су перісінің «Song to the Moon» ариялары және мұнан да басқа көптеген туындылар бар.
– Өзіңізбен бірге сахнада кімдер өнер көрсетті?
– Есімін өте құрметтейтін ондай шеберлерден мен скрипкашы Вадим Репиннің (Бельгия) және Мария театрының солисі Ахмед Ағадидің (Ресей), сонымен қатар, «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хорының, дирижер Абзал Мұхитдинов пен хормейстер Ержан Дәуітовтің еңбектеріне тоқталғым келеді. Тыңдарманға «Травиата» операсынан «Stretta dell’introduzione et Brindisi», «Libiamo ne'lieti calici», «Сыған қыздың» скрипка мен оркестрге арналған концерттік рапсодиясы, «Кармен» операсындағы тақырыптар фантазиясы және т.б. таңдаулы туындылар ұсынылды.
– Донна Анна рөлінен неге бас тарттыңыз?
– Дәл осы уақытта маған ескіге қайта соғудан гөрі репертуарымды тың туындымен жаңғырту әлдеқайда маңызды. Сол үшін бұл рөлге көңіл бұрмай отырмын. Қазір мені жаңа қойылымдар жайы көбірек қызықтырады. Донна Аннаға оралу әзірге жоспарымда жоқ. Өнер адамының басында мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Бұл қалыпты нәрсе. Опера өнері әр күні бір нәрсемен толығып, өзгеріске ұшырап отыратын тірі организм. Сол жаңалыққа өнер иесі ілесе білуі керек. Ол үшін шығармаңды шын сүйіп орындамасаң, еңбегің босқа зая кетеді. Жан айнасы – көрермен, ал оны жай жеңіл-желпі нәрсемен алдарқату әсте мүмкін емес.
– Ойын-сауық, той-думанды жақсы көресіз бе?
– Шынымды айтайын, мұндай сауық-сайранға біздің уақытымыз көп тие бермейді. У-ду, той-томалаққа сонша әуес жан емеспін. Үлкен мерекелерде қызу жұмыс істеп жатамыз. Бірақ мерекенің ішінде Жаңа жылдың орны мен үшін өте айрықша. Бұл күні жұмысымды тез бітіріп, үйге ертерек баруға тырысамын.
– Астана сапары сізге не сыйлады?
– Түйе сыйлады, кәдесый түріндегі, әрине (күлді).
Ал енді мұнда қаншама жобалар дүниеге келіп жатыр. Атыма біраз шақыртулар алдым. Оның бәрі алдағы уақытта екі жақтың мүмкіндіктері ескеріле отырып жүзеге асады деп ойлаймын.
– «Астана Опера» театры туралы не айтасыз?
– Бір жыл бұрын танымал басылымдардан көзіме бір көлемді мақала түсті. Сонда мұнымен сырттай таныстым. Жаңа театрдың сахнасында өнер көрсеткенге не жетсін деген ой кешеге дейін мазалаған еді. Қазір осы арманымның орындалғанына шын жүректен қуаныштымын. Залдағы көрерменге мұндағы көңіл-күйдің қалай жеткенін айта алмаймын, ал өзіме сахна қатты ұнады. Акустикасы тамаша. Өзіңді емін-еркін ұстап тұруыңа мүмкіндік беретін артықшылықтар бар. Сеніміңді нығайтады, күдігіңді жояды. Жаныма етене жақын бір туыстық жылылықты тауып алдым. Мүмкін болса, біздің атымыздан елордалықтарға бақ-береке, ұзақ ғұмыр тілейтінімізді жеткізіп қойсаңыздар шексіз разы болар едік.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».