Өңірде құрылыс қалдықтарын жоюдың дұрыс жолға қойылмауы, су айдындарын пайдалануда бірізділіктің жоқтығы, қала көшелерінде қаңғып жүрген бұралқы иттердің көбейіп кеткені, тағы да басқа күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселе көп. Кездесуде Арқалық қаласынан келген белсенді азамат жұмысы тоқтаған боксит кен орнының көмілмей беті ашық-шашық жатқанын айтса, Жангелдин ауданының тұрғыны Торғайға құлап жатқан зымыран қалдықтарын айтып, ауылдастарының үреймен өмір сүріп отырғанын алға тартты. Қостанай тұрғындары жергілікті ет комбинаттары сойылған малдың қанын Тобыл өзеніне ағызып жатқанын мәселе қылып көтерді. Денисов ауданы Некрасов ауылындағы ескі гербицид қоймасы да қоршаған ортаға қауіп төндіріп тұр.
Министр тұрғындар сауалына жан-жақты жауап беріп, қордаланып қалған мәселелерге қатысты облыс басшыларына бірқатар міндет жүктеді.
«Қойылған сұрақтардың қай-қайсысы да маңызды. Бәрі бақылауға алынады. Барлық мәселенің шешімі табылады деп сенеміз. Жергілікті департаменттер мен басқармалар да бақылауды күшейтіп, тұрғындар сауалында көтерілген мәселелермен жүйелі айналысуға тиіс», деді З.Сүлейменова.
Экология және табиғи ресурстар министрі одан кейін БАҚ өкілдерімен кездесіп, министрліктің жұмысы және Қостанай облысындағы экологиялық ахуал туралы баяндады.
«Қостанай қаласында жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша ауаның ластануы жоғары деңгейде тұр. Қоршаған ортаны ластаушы шығарындылардың былтырғы көлемі 83,3 мың тоннаға тең. Бұл алдыңғы кезеңдегі көрсеткіштермен салыстырғанда, 10 пайыз кем. Демек оң өзгерістер бар деген сөз. Бұл көрсеткішке табиғатты қорғау бағытында атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз. Қостанай облысының экологиялық мәселелерін шешу жөніндегі кешенді жол картасында 29 жоба қарастырылған. Оның ішінде 10 іс-шара орындалды», деді З.Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, Қостанай облысының экологиялық ахуалын жақсартудың жол картасы аясында былтыр Қамысты ауданының Алтынсарин ауылына газ құбыры тартылып, Тобыл өзенінің арнасы тазартылған. 2023-2025 жылдарға жоспарланған іс-шаралар аясында биыл да біраз шаруа атқарылады. Десек те, өңірдің экологиялық ахуалы әлі де мәз емес.
«Қалдықтарды реттеу саласындағы негізгі мәселелер – инфрақұрылымның нашарлығы, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының талапқа сай еместігі, заңсыз полигондардың көптігі және кәріз тазарту жүйелерінің әбден тозып кеткені немесе мүлдем болмауы. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қостанай облысында қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі – 18,2 пайыз. Бұл 2021 жылдың деңгейінен 0,5 пайызға жоғары, бірақ республикалық орташа деңгейден төмен. Биыл космомониторинг аясында өңірде 358 полигон анықталып, оның тек 94 пайызы ғана жойылған. Рудный, Лисаков, Жітіқара, Арқалық қалаларында кәріз тазарту құрылғылары тозып кеткен. Олар күрделі жөндеуден өткізуді немесе толық ауыстыруды қажет етеді. Ал Қостанай қаласы еліміздегі биологиялық тазарту станциясы жоқ жалғыз қала болып саналады», деді министр.
Мемлекет басшысының 2020 жылғы Жолдауында алдағы 5 жыл ішінде орман алқаптарында 2 млрд және елді мекендерде 15 млн түп ағаш отырғызу міндеттелген еді. Былтыр облыста 2 724 гектар алаңға 16,4 млн түп ағаш отырғызылған. Биылғы жоспар – 7 мың гектар аумаққа 40 млн түп көшет егу. Министр бұл бағыттағы жұмыстардың жүзеге асырылу барысын ұдайы бақылап отыратынын және бұл жұмыстарға цифрлық мониторинг жүргізіп отыру үшін интерактивті карта және «Орман МАБ» қосымшасы құрылатынын айтты.
Сонымен қатар министр Қаратомар су қоймасының жағдайы туралы да сөз қозғады. Су қоймасы кейінгі жылдары жиілеп кеткен құрғақшылықтың салдарынан бірте-бірте тартылып бара жатыр. Салдарынан судың сапасы кетіп, дәмі бұзылып, оның зардабы Рудный қаласы мен сол төңіректегі біраз елді мекенге тиіп отыр.
«Еліміз бүгінде су тапшылығын сезініп отыр. Бұл кезең осыдан 3-4 жыл бұрын басталған. Су аз. Қазір еліміз, оның ішінде Қостанай осы циклдің бел ортасында тұр. Өкінішке қарай, біз қазір жылдан-жылға жауын-шашынның азайып, керісінше құрғақшылық күшейіп бара жатқанын байқап отырмыз. Ал Қаратомарға келсек, өткен жылдарға қарағанда биыл су қоймасының жағдайы біршама жақсы. Былтыр сәуір айында су қоймасының 43,7 пайызы ғана толып еді, биыл бұл көрсеткіш 64,1 пайыз шамасында. Бұл жағдайдың жақсарып келе жатқанын көрсетеді», деді министр.
Қостанай облысы