Мәселе • 21 Сәуір, 2023

Жол жөндеу неге баяу?

732 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жол – экономиканың басты күретамыры. Алайда Атырау қаласынан Ресей Федерациясының Астрахан облысымен шекараға дейінгі аралықта қатынайтын күре жолды жаңғырту жұмысы қарқын алар емес. Аталған жолды жөндеу 2018 жылы басталғанымен, әлі күнге дейін сағыздай созылып бітпей келеді.

Жол жөндеу неге баяу?

Бұл – Атыраудан үш бағытқа шығатын республикалық маңызға ие үш күре жолдың бірі. Жол бөлігінің ұзындығы 277 шақырымды құрайды. Кеңес дәуірінде пайдалануға берілген осы жолмен кезінде тәулігіне үш мыңға жуық көлік жүрген. Мамандардың пікіріне сүйенсек, кейінгі жылда­ры көлік ағыны тәулігіне төрт мың­нан асқан. Әсіресе Орталық Азия елдерінің жүргізушілері Атырау арқылы Ресейдің Астрахан облысына, одан әрі Краснодар, Ставрополь аймақтары мен Волгоград өңіріне бет түзейді. Атырау облысындағы «Теңіз», «Қашаған» секілді ірі кеніштерге әлемнің әр түкпірінен ауыр жүктер осы жолмен тасымалданатыны тағы бар.

Көрші елмен байланыстыра­тын жолдың бойында Исатай мен Құрманғазы аудандарының бірне­ше елді мекені орналасқан. Сол ауылдардың жүргізушілері мен жо­лау­шы­ларының бұл жолмен жүруге жүректері дауаламайтындай. Тіпті жолға шыға қалса, діттеген жеріне жеткенше, зәре-құты қалмай отырады. Өйткені тозығы жеткен жол бойымен «билеп» келе жататын көліктер бір-бірімен жиі соқтығысады. Сол себепті тұрғындар бұл жолды жаңғырту мәселесін қозғап, дабыл көтерді. Тіпті Сенат пен Мәжілістің бұрынғы депутаттары да талай мәрте Үкімет пен тиісті министрлікке сауал жолдаған еді.

Индустрия және инфрақұрылым­дық даму министрінің орынбасары Алмаз Ыдырысовтың мәліметінше, биыл Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат жол учаскесін жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Оның ішінде Қан­дыағаш – Мақат учаскесінде негізгі жұмыстар аяқталған. Сол себептен, биыл аталған бағытта жол қозғалысын ашу жоспарланып отыр. Ал Атырау – Астрахан бағытындағы жолдың 140 шақырымында көлік қозғалысы қамтамасыз етілген.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы­ның басшысы Самат Айтқалиевтің айтуы­на қарағанда, қолданыстағы автомобиль жолының ұзындығы 3 052 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1 125 шақырымы республикалық маңы­зға жатқызылған. Бұрнағы жы­лы Атырау – Астрахан жолының 60 ша­қырымы пайдалануға берілген. Ал былтыр 80 шақырымында төменгі жол жабындысымен қозғалыс ашыл­ған. Енді жыл соңына дейін 137 шақырымына төменгі жол жабындысы төселген соң көліктің жүруіне рұқсат берілгелі отыр.

– Атырау облысындағы жол құры­лысына республикалық және облыс­тық бюджеттен 22,9 млрд теңге бөлініп отыр. Оның ішінде респуб­ликалық бюджеттен 12 млрд теңге, ал жергілікті қазынадан 10,9 млрд теңге қаралды, – дейді Самат Айтқалиев.

 Әрине, жолдың жайын жүрген бі­леді. Мәселен, ауыл шаруашылығы са­ла­­сының ардагері Әбдібек Бисенов­тің айтуынша, Атырау – Астрахан ара­­лы­ғында жолды жөндеу әлі бастал­маған.

«Құрманғазы ауданынан Атырауға келдім. Исатай ауданындағы Манаш ауылына дейінгі жолда тірі жан кө­рін­­бейді. Жолды жөндеу жұмысы бас­­­тал­ған жоқ. Қосымша жолға су себіл­мейді. Жол бойы ала шаң. Аққыс­тау ауылы жағында әр жерде жұмыс істеп жүрген техника көрінеді. Бірақ он­да да асфальт салынып, қиыр­шық тас тасылып жатқан жоқ», дейді Ә.Бисе­нов.

Мұнайлы өңірдегі жол сапасы да көңіл көншітпейді. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының директоры Дархан Сайлауовтың мәліметіне сүйенер болсақ, былтыр 389 ақау анықталған. Оның 80-і өрескел. Фи­лиал мамандары 74 нысанда жол құрылысы жұмыстарының сапасын 922 рет тексерген. Жол құрылысына пайдаланылатын материалдардан
1 635 сынама алынған.

– Былтыр Атырау облысындағы жол құрылысына қажетті битум тап­шы­­­лығы байқалды. Оның үстіне өңір­де қиыршық тас шығаратын карьер жоқ. Қиыршық тас Ақтөбе, Маңғыс­тау облыс­тарынан тасымалданады. Жол құрылысына сапасыз битум, қиыр­шық ­тас әкелу дерегі тіркелді. Асфальт-бетон шығаратын зауыттар ескіріп, мамандардың білік­ті­лігін арттыру секілді мәселелер бі­раз қиындық тудырады, – дейді Д.Сайлауов.

Әсіресе республикалық жолды жаңғыртуға пайдаланылатын құрылыс материалдарынан 900-ден астам сынама алынған. Оның қорытындысымен құрылыс материалдарының 17 пайы­зы жарамсыз болып шыққан. Осы­ған байланысты стандартқа сәйкес кел­мейтін материалдарды жол құры­лыс­ына пайдаланбау, тексеруде анықталған ақауды жою жөнінде тапсырыс берушілер мен мердігер мекемелерге хат жолданған. Содан кейін сапасыз асфальт-бетон, жол негізі мердігер мекеме есебінен қайта қалыпқа келтірілген.

«Біздің филиалдың мамандары жол құрылысына қажетті материал­дардан алынған сынамаға зерт­хана­лық талдау жүргізеді. Мә­се­­лен, құм, қиыршық тас, битум, асфальт-би­тумның құрамы, тығыз­дығы туралы қорытынды бері­леді. Сапа­лық құрамы стандартқа сәйкес бол­май, талдаудан өтпеген мате­риалдар­ды жол құрылысына пайда­ланбау ту­ра­­лы кәсіпорынға хат жазылады. Былтыр облыстық мемле­кет­тік сәулет-құрылыс бақылау басқар­­масы­на 8 хат жолданды. Бір техни­калық қадағалаушыға 551 мың тең­ге айып­пұл салынып, аттестаты 6 айға тоқ­татылды», дейді Д.Сай­лауов.

Облыстық экология департамен­тінің қызметкерлері биылғы ақпанда Атырау – Астрахан бағытындағы жолды салып жатқан мердігерлер арасында қоршаған ортаның таза­лы­ғына нұқсан келтіретіндерді анық­тады. Соның бірі – «Ақ жол құры­лыс» ЖШС аталған жолдың 693-753 шақырымын жаңғыртудан өткізуге тартылған.

«Республикалық жолға реконструкция жұмыстарын жүргізу учаске­сінде – Исатай ауданындағы Жанбай ауылы­ның маңында орна­ласқан өндірістік базасында бетон, темір, ағаш, құ­ры­лыс материалдары, қара түсті сұйық майларды жинайтын темір бөш­кел­ер ашық күйде сақталған. Басқа да қалдықтарды жинау үшін арнайы жабдықталған орындар жоқ. Қалдықтар база аумағында шашылып жатыр. Өндірістік базадағы қоқыс жәшіктерінде араласып жатқан қағаз, пластикалық бөтелкелер, картон, целлофан, тұрмыстық қалдықтар, құрылыс материалдары, майлы шүбе­ректер секілді қалдықтар сұрып­талмаған», деп хабарлады департа­менттің баспасөз қызметінен.

Департамент қызметкерлері заң талабының бұзылуына байланыс­ты «Ақ жол құрылыс» ЖШС-ға әкім­шілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған. Серіктестік басшылары әкімшілік айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеуді сұраған. Сол себептен, компанияға 1 млн 035 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Міне, ел назарындағы күрежолды жаңғырту жұмысындағы ахуал осындай. Жол құрылысындағы жай­ба­сар­лық бұлай жалғаса берсе, оны пайда­лануға беру тағы да кешігуі мүмкін. Ал өңір жұртшылығы жол­дың сапалы әрі тез салынғанын қалап отыр.

 

Атырау облысы