Кеншілердің «Қорғау» кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев мұндай пікір алмасу алаңының тиімділігін атайды. Аймақ басшысының төрағалығымен өтетін бұл кеңес екі жыл көлемінде жұмыс істеп келеді. Осы аралықта кеншілер мен металлургтерге жеңілдетілген баспана алуға несие берілетін бір байлам жасалды. Бұдан бөлек, өзге де әлеуметтік жағдайлар түйіні біржақты болды.
– Бұл форматтағы келісім комиссиясы өңір басшысының төрағалығымен жұмыс жүріп жатыр. Әуеліде кеншілер компанияға 12 мәселені шешуге талап қойды, кейін жұмыс барысында оған қосымша туындады.
Дегенмен бүгінде көпшілігі оң шешімін тапқанын атап өткен жөн. Ендігі кезекте көмір кәсіпорындарын дамытуға, жабдықты жаңартуға инвестиция құюға қатысты ірі жүйелік мәселелер қалды.
Басты мәселе – кеншілердің зейнет жасын төмендету. Бұл кеңестегі мақсат – тараптар арасында диалог орнату. Тек осындай тығыз байланыс арқылы ғана біз мәселелерді оңтайлы шешеміз. Соның нәтижесінде ұжымдарда тұрақты әлеуметтік жағдай орнайды, – дейді Евгений Буслаев.
Кәсіподақ төрағасының айтуынша, бұл күні кадр тапшылығын тиімді шешуде ілгерілеу бар. Компания жаңа жұмыс күшін алуға ынталы. Бірақ маман толықты деуге әлі ерте. Сол себепті бұл мәселе де күн тәртібінде тұр. Кенші денсаулығына қатысты сауықтыру да өзектілігін жоймаған.
Кеншілердің баспана алуына жеңілдетілген несие берудің екінші кезеңі басталады. «Отбасы банкі» облыстық филиалының директоры Бауыржан Жуаспай бұл мақсатқа 1,5 млрд теңге қарастырылғанын айтады. Оның 1 млрд теңгесі облыстық бюджеттен бөлінсе, 500 млн теңгесін банк береді.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев компанияның да бұл бағытта қалыс қалмауы қажеттігін атады.
– Жұмысшыларыңызға көмек беру үшін бұл бағдарламадан сіздер де қалыс қалмаңыздар. Аталған бағдарламаға өз үлестеріңізді қосыңыздар. Сонда бағдарламаның шарапатын көптеген отбасы көруге мүмкіндік молаяды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Жалпы, мұндай келісім комиссиясы ұдайы кездесіп, мәселелерді талқылап келеді. Аймақта бұл жүйелі жолға қойылған.
Қарағанды