Қаржы • 20 Сәуір, 2023

Табыс тұзағынан құтылу жолы

436 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент айтқан «Орташа табыс тұзағы» деген не? Нақты бір адамды мысалға келтіріп айтсақ, табысың кедейліктен сәл жоғары, бірақ одан әрі өсуге жол жоқ деген сөз. Былай қарасақ, жаман өмір сүріп жатқан жоқпыз. Бәрі бар сияқты. Бірақ осы «орташа табыс тұзағынан» құтыла алмай отырмыз.

Табыс тұзағынан құтылу жолы

Бұл тұзақтан құтылуға эко­номикалық өсім ғана жеткі­лік­сіз. Экономиканың өсімін мұнайдың есебінен қам­тамасыз етуге болады. Мысалы, ертең қандай да бір оқиғаның салдарынан мұнай бағасы барреліне 140 доллар болып қымбаттап шыға келсе, біздегі экономика оп-оңай 6-7% өсім көрсетеді. Бірақ ол адамдардың өмірін өзгертпейді. «Орташа табыс тұзағынан» құтылу үшін экономиканы әртараптандыру керек. Яғни шикізат экспортына арқа сүйеген экономикадан кетуіміз керек.

Мемлекет басшысы ке­ңей­тілген кеңесте Қазақ­стан кейінгі 10 жылда «орташа табыстың тұзағына» тап болғанын бекер айтқан жоқ. Елдегі реформалар шынайы сипат алып са­уат­ты жүргізілсе, бұл тұзақтан 6-7 жылдың ішінде сытылып шығуға болады. Бұл бағытта алғашқы қадам жасадық та. Бірақ ол қадам мардымсыз болып жатыр. Мысалы, пандемия кезінде Қазақстанның қайта өңдеу саласы ел тарихында алғаш рет тау-кен өндірісінен көп өнім берді. Қазір тау-кен секторы қай­та басымдыққа шықты. Бірақ өсімі тым баяу. Даму көрсеткіштері революциялық деңгейде болу үшін бізге революциялық қадам­дар керек.

Сондай-ақ ел арасында Үкіметтің елде тиімді зауыт­тар салмай жатқанын сы­найтындар көп. Ал Үкі­мет нарықтық экономика жағдайында өздігінен зауыт ашып, электр стансаларын сала алмайды. Бұл бизнестің жұмысы. Билік соған ашық «ойын ережесін» ұсынуы керек. Екіншіден, инвестор әкеліп, кепілдік беруі шарт. Қазір ауқымды инвестиция тартып жатқанымен рево­лю­циялық серпіліс жа­сау­ға жетпей тұр.

Елімізде базалық мөл­шер­леменің 16,75 пайыз болып тұруы бизнеске берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесіне әсер етіп отырғанның салдары. Шағын және орта бизнес көбінде ғимарат пен қойма жалдап жұмыс істейді. Онда тұрған ештеңе жоқ, бұл қалыпты жағдай. Бірақ иелігінде ондай мүліктің болмауы оның банктерден несие алу мүмкіндігін төмендетеді.

 

Андрей ЧЕБОТАРЕВ,

тәуелсіз қаржы сарапшысы