Мереке • 21 Сәуір, 2023

Отыз күн оразаның бір айты бар

458 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ «Отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайты бар», дейді. Ұлтымыздың рухани мерекелерін ұлықтайтын мұндай өнегелі сөздер ұлы даламызға мұсылмандық дәстүрлердің көне заманнан берік орныққанын және ата-бабамыз сеніміне берік болып, дін жолында амал қылғанын аңғартса керек.

Отыз күн оразаның бір айты бар

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Сондай киелі мейрамдарымыздың бірі – Ораза айт мерекесі келіп жетті. Жалпы, исламда екі діни мейрам бар. Бірі осы бүгінгі мереке болса, екіншісі – Құдай жолында құрбан шалынатын Құрбан айт. Хадисте бұл екі мейрамның тарихы пай­ғам­бары­мыздың (с.ғ.с.) Меккеден Мәди­наға барған кезінен бастау алатыны айтылады.

Айт – қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны білдіретін сөз. Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Әділхан Иманәліұлының айтуынша, Ораза айт мейрамының да басты мәні – отыз күн оразадан кейінгі қуанышты сезіну. «Құранның «Юнус» сүресінде Алланың берген нығметіне қуаныш сезімдеріңді білдіріңдер делінген аят бар. Бұл мерекеде біз Рамазанды ойдағыдай аяқтап, ашығып, шөлдеп жүретін күндер артта қалып, енді тоқшылыққа кенеліп, сынақтан сүрінбей өткеніміз үшін қуанамыз. Ең бастысы, Алланың берген нығметіне шүкіршілік етіп, көптен көріспей кеткен ағайындар болса, солардың үйлеріне бас сұғып, мерекемен құттықтап, көрісіп, туыстық қатынасты нығайтамыз», дейді имам.

Иә, қазақ халқында көне заманнан айт күндері қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу керек деген дәстүр болған. Шариғат бізден осынша үйге кіріңдер деп міндеттемесе де, мұны қонақжай қазақ халқының ақжарма, кең пейілдігінен туындаған ізгі салт деп білеміз. Жалпы, отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күнгі қуаныш күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі.

Исламтанушы Кенжетай Байкемел­ұлы бұл ұлық мереке біздің ұлы даламызда аса жоғары бағаланып, бағзы уақыттан айрықша аталып өткендігін айтады.

– Тарихи құжаттарға үңілер болсақ, 1926 жылға дейін Ораза айт 3 күн, Құрбан айт 3 күн, Наурыз 1 күн ресми мереке ретінде тойланып келген. Оған негіз – 1921 жылғы 5 наурызда Орын­бор қаласында өткен Қазақ автоно­миялық республикасы Орталық атқару комитеті төралқасының «Мұсыл­мандар мерекесі» туралы қабыл­даған шешімі. Оған C.Меңдешев төрағалық жасаса, А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстары қатыс­қан екен. Сондай-ақ Қажығұмар Шабдан­ұлының «Пана» романында Зуқа батырдың елінде айт намазы кезінде еркек кіндік­ті­нің бірі қалмай сапқа тұрғаны суреттеледі. Кеңес өкіметі 1926 жылдан күштеп тоқ­татқан мұсылмандар мерекесін қазақ қоғамының жүрегінен өшіріп тастай  алмады, – дейді ол.

Негізі исламда Ораза айт 1 күн, Құрбан айт 4 күн тойланады. Алайда қазақ халқында Ораза айтты 3 күн қатарынан атап өту дәстүрге айналған. Бұл күні ауыз бекітуге тыйым салынады. Рамазаннан қалған қазасы барлар оны айттан кейін өтейді. Ораза айттың Құдай алдындағы құлшылық ретіндегі мәні бір төбе. Ал қоғамды рухани тәрбиеге баулуы, адамдар арасын жарастырып, елді бірлікке шақыратын қасиеті орасан зор. Исламтанушылар «Бір-біріңе сыйлық беріп, татуласыңдар. Бір-біріңе берген сыйлықтарың – араларыңдағы өшпенділікті жояды» деген хадисті негізге ала отырып, айт күні мұсылмандарды өзара сыйлық жасасуға шақырады. «Мереке күні Пайғамбар (с.ғ.с.) айт намазынан қайтқанда келген жолымен емес, басқа жолмен жүретін» деген хадис негізінде ол күні мүмкіндігінше барлық таныстарың мен туыстарыңның, көршілеріңнің шаңырағына бас сұғып, хал-жағдай сұрасып, ауырып жатқандар болса, олардың көңілдерін сұрауға үндейді. Пайғамбардың (с.ғ.с.) ораза айт намазына шығарда аздаған құрма жегені туралы хадисті алға тартып, біз отыз күн бойы үйден нәр татпай көшеге шыққан болсақ, бұл күні тәтті дәмнен ауыз тиіп мешітке қадам басқан дұрыс дейді.

Тағы бір ерекше айтар жайт – Ораза айт мерекесінің қуанышын сездіру, имандылыққа баулу мақсатында айт намазына балаларды да ертіп апару – сауапты амал. Өйткені мешіттерде бұл күні тек намаз ғана оқылмай, түрлі имани іс-шаралар өтеді, сондай-ақ балаларға айт базарлығы таратылады. Мәселен, Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспанның айтуынша, биыл да шаһар мешіттері жылдағы дәстүрден жаңылмай, Ораза айтты кең көлемде сауапты амалдармен атап өтпек.

– Қаламыздың үлкен мешіттерінде жамағат арасында спорттық сайыстар өткізуді жоспарлап отырмыз. Имамдар балалар үйлеріне арнайы барып, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырады. Қала мұсылмандарын Алматы орталық меші­тінде 500 адамға жайы­латын айт дастар­қаны­на ша­қырамыз. Сонымен қатар мешіт­тері­мізде балаларға тәттілер таратыла­ды. Бұл істердің бәрі үлкенге де, кішіге де Ораза айттың ізгі мәнін сезіндіру үшін жасалмақ, – деді Төлеби Дәділұлы.

Рамазан айы біздің қоғамға өзінің игі дәстүрін алып келді. Халықтың бір бөлігі жаппай ораза ұстаса, белгілі бір себеппен ұстамағандар ауыз бекіткендерге ауызашар дастарқанын жайып, сауап алатын болды. Яғни мұның бәрінен біз қоғамда имани тәрбиенің кеңінен көрініс тапқанын байқаймыз. Бәзбіреулер ащы суы мен темекісінен бас тартып, саламатты өмір салтын ұстанып жатыр. Ораза қоғамның бірлігін нығайтты, ауызбірлігімізді арттырды. Біртұтас үмбет екенімізді тағы бір паш етті. Осы отыз күннің ішінде қалып­тасқан игі дәстүр бұдан кейінгі күн­дері де жалғасын тапса, бұл біздің ізгі бағыт­қа қарай қадам басқанымыз болса керек.