Сенат • 21 Сәуір, 2023

Бақылаудың жоқтығы – бағаның өсуіне себеп

569 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сенат cпикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиында сенаторлар «Қазақстан Республи­касының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасының режімі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Бақылаудың жоқтығы – бағаның өсуіне себеп

Отырысты ашқан М.Әшімбаев алдымен Мемлекет басшысы­ның еліміздің әлеуметтік-эконо­микалық дамуы жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларынан туындайтын міндеттерге тоқталып өтті. Палата төрағасы оларды іске асыру үшін Сенат Мәжіліспен және Үкіметпен бірлесіп әрекет ететінін айтты.

«Мемлекет басшысы өңір­лердегі бірінші кезекте шешуді талап ететін мәселелерге тоқталып, оған Үкіметтің және жергілікті биліктің назарын аударды. Сенат Президентіміз белгілеген мін­деттерді іске асыруға қажет­ті заңнамалық шешімдерді Мәжі­ліспен және Үкіметпен бірлесіп қабылдайды. Сондай-ақ айтылған мәселелерді жұмыс барысында басшылыққа алып, оларды Сенат­тың негізгі іс-шаралар жоспарын іске асыру кезінде жан-жақты ескереді», деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Қазақстан – Түрік­мен­стан мемлекеттік шека­расы­ның режімі туралы келісімді рати­фикациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Құжат жөнін­де Сенаттың Халықаралық қаты­нас­тар, қорғаныс және қауіпсіз­дік коми­тетінің мүшесі Әлішер Сатыбалдиев баяндама жасады.

«Шекараны белгілеу және оны делимитациялаудан кейін шекарада тиісті тәртіп орнату көзделеді. Бұл келісім арқылы жол мәселесі, өткізу пункттеріндегі жағдай және басқа да назар аударуды қажет ететін мәселелерде туындай­­тын барлық жағдайды реттеу күті­леді. Келісімнің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы мем­лекеттік шекарадағы қаты­настарды құқықтық негізде құру және реттеу.

Мемлекеттік шекараның режімі шекарада қолданылып жүрген ережемен мынандай тәртіпті құрайды. Біріншісі – мемлекеттік шекараны күтіп ұстау. Екіншісі – мемлекеттік шекара арқылы адамдардың, көліктердің, жүктердің және басқа да мүліктің өтуі. Үшіншісі – мемлекеттік шекара арқылы ұшуларды жүзеге асыру. Төртінші – мемлекеттік шекарада, шекаралық белдеулерде, сондай-ақ шекаралық суларда шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыру. Бесінші – шекарадағы оқиғаны шешу», деді Ә.Сатыбалдиев.

Жалпы, Қазақстан мен Түрік­менстан мемлекеттік шекарасында бір шекара бөлімшесі, 4 шекара заставасы және радиолокациялық станциялармен жабдықталған 9 техникалық бақылау бекеті, 2 өткізу пункті жұмыс істейді. Келісімде азаматтар мен жүк көліктерінің шекарадан өтуіне тиісті жағдай жасау үшін қажетті нормалар ескерілген.

«Бұл өз кезегінде екі ел халқы­ның қарым-қатынасына оң әсер етіп, шекарашылардың қа­рым-қатынасын да реттемек. Келісім Қазақстан-Түрікменстан мем­лекеттік шекарасының режі­­мін белгілеуді және Қазақ­стан Республикасының ұлттық қауіп­сіздігін одан әрі нығайтуды көздей­ді. Өйткені мемлекеттік шекара­да әртүрлі шекаралық қақты­ғыс туындауы мүмкін. Ондай қақ­ты­ғыстарды тараптардың шекаралық өкілдері қарайды», деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, Келісімді жүзеге асыру екі елдің мем­­л­екеттік шекарасындағы тұрақ­­тылықты және шекара маңын­дағы аудандардағы ты­ныш­тықты қамтамасыз етуге, ше­­каралық мәселелерді өзара құр­мет, сенім, тең құқылық, дос­тық және ынтымақтастық рухын­да рет­теуге ықпал етеді. Заң­ды қабыл­дау Қазақстан – Түрік­мен­с­тан мемлекеттік шека­ра­сының ре­жімін қамтамасыз ету жөніндегі шекаралық мәселелерді реттеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ құжатта мемлекет­тiк шекарада, шекаралық белдеулер мен сулар шегiнде кәсіпкерлік, балық аулау немесе басқа да қыз­метті жүргізу, қоғамдық-әлеу­меттік iс-шаралар өткiзу мәсе­лелері қамтылған. Бұл орайда шека­рада құқықтық тұрғыдан туын­дауы мүмкін оқиғаларды шешу жолдары да реттелетінін атап өткен жөн.

Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жариялады. Қай­рат Тастекеев әлеуметтік маңы­зы бар азық-түлік тауарлары бағасы­ның қымбаттауы өзекті проблема екенін айтты. Депу­тат­тың ұсын­­ған шаралардың қатарын­да бөл­шек үстемеақыға мони­то­ринг­ті күшейту және тауарлар­дың на­рық­қа түсуінен бастап тұты­ну­шыларға сатуға дейінгі сауда үдерістерін цифрландыру мәселесі бар.

«Өндірушіден соңғы тұтыну­шыға дейін әлеуметтік маңы­зы бар азық-түлік тауарлары­ның құны негізсіз 10 есе өсу фактісі бар, бұл ретте айырма­шылық­тың басым үлесі азық-түлік дү­кендеріне тиесілі болды. Мысалы, егер «Magnum» гипермаркетінде қанттың бағасы 500 теңге болса, тұрғын үйлер­де орналасқан дүкендерде бұл тауар­дың құны 900 теңгеге жете­­ді. Бағаның көтерілу себебі әкім­діктердің сауда қызметіне тұрақты мониторингінің болмауына байланысты деп санаймын», деді Қ.Тастекеев.

Депутат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуін тежеу жөніндегі іс-шаралар мен іс-қимыл жобасын әзірлеуге Үкімет пен әкімдіктер жауапты екенін еске салды.

«Сауда және интеграция министрлігі облыстардың, қала­лардың әкімдіктерімен бірлесіп, бөлшек сауда үстемесінің сақ­талуына мониторингті күшейтіп, қабылданып жатқан шаралар­дың тиімділігін арттыруға тиіс. На­рық­тық тетіктерге сәйкес келе­тін азық-түлік бағасын тежеу бо­йынша түбегейлі жаңа тәсілдерді әзірлеу қажет. Осы тауарларды нарыққа шығарудан бастап, түпкілікті тұтынушыға сатуға дейінгі бүкіл сауда үдерісін цифр­ландыру керек», деді сенатор.

Бекбол Орынбасаров жылқы шаруашылығы жөніндегі рес­публикалық палаталардың қыз­метін ретке келтіру қажеттін атап өтті. Ол сондай-ақ «Адай» қазақ жылқысын жеке тұқым деп танып, оған ресми мәртебе беру туралы ұсыныс айтты. Сенатордың айтуынша, «Адай» жылқысы – қатал климаттық жағдайларға тез бейімделетін, жүріске шыдамды әрі төзімділігімен ерекшеленетін мықты тұқымдардың бірі. Депутат сонымен бірге «Адай» жылқысын дербес тұқым ретінде мойындауға кедергі келтіретін бірнеше себеп­терді де атап өтті.

«Асыл тұқымды мал шаруа­шылығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 28-2-бабына сәйкес еліміздің жылқы шаруашылығы саласында тек екі Палата жұмыс істеуге міндетті. Біріншісі, спорттық бағыттағы зауыттық тұқымдар бойынша болса,  екіншісі, өнім бағытындағы (ет, сүт) жылқылардың жергі­лік­ті тұқымы болуға тиіс. Алайда қазіргі таңда өнім бағытындағы жылқылардың жергілікті тұқы­мы бойынша 4 палата жұмыс істей­ді. Осындай палаталардың көп болуы салдарынан жылқы тұқымдарына берілген «тайпа­лық мәртебелер» мен «куәліктер» жарамсыз деп есептелінеді. Сон­дықтан «дара тұқым» деп тануға ұсынылған жылқылар пайдалану деңгейіндегі (асыл тұқымды емес) жылқылар болып қала беруде», деді Б.Орынбасаров.

Сенатор бұл жылқыларды дербес тұқымды жеке сынақтан өткізу үшін Қазақ мал шаруашы­лығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары үш өнімді зауыттан тұратын желі құрғанын айтты. Алайда селек­циялық шараларды тиімді ұйым­дастыруға кемінде 300 млн тең­ге қажет. Депутат мәселенің маңы­зына назар аудара отырып, қа­зақтың «Адай» жылқысы халықтың мақтанышы екенін атап өтті және бірқатар ұсынысын жария етті.

«Қазақтың «Адай» жылқысын өз алдына дара тұқым деп танып, ресми «тұқым» мәртебесін беруді сұраймын. Жылқы шаруа­шы­лы­ғы жөніндегі рес­пуб­ликалық палатаның қызметін ретке келті­ру керек. Қазақстан Респуб­лика­сының Әділет министрлігі халық­тық селекция жолымен дүниеге келген «Қазақ бактриан» түйесі, «Еділбай» қойы секілді тарихи мал тұқымдары сияқты қазақтың «Адай» жылқысын еш кедергісіз оның таралу аймағын белгілеу керек. Қазақтың «Адай» жыл­қысы тұқымының асыл тұқым­дық өнімдік және спорттық қасиет­терін жетілдіруге және халық­аралық нарыққа шығаруға бағыт­талған пәрменді ғылыми-техни­калық бағдарлама әзірлеу және іске асыру керек», деді сенатор.

Андрей Лукин бизнес-иммигранттар Қазақстанда фирмалар ашып, кейін елімізден кетіп, өздері құрған компанияларды жалған шот-фактуралар жазу, салық төлеуден жалтару және қаражатты көлеңкелі айналымға шығару үшін пайдаланатынын айтты. Сенатор проблеманы шешу үшін бірқатар шара ұсынды. Оның ішінде фирмалардың аудиторлық тексерулерін және бизнес-иммигранттармен құқықтық қаты­настарды реттеу тетігін жетілдіру жөніндегі заңнамалық түзетулер де бар.

«Бизнес-иммигранттардың ви­­за­­сыз 198 компаниясында 4 млрд теңге берешегі бар. 1,5 мың­нан ас­там компания тіркеу орнын­да жоқ және 2 мыңға жуық фирма жұ­мыс істемейді. Бұл толық дерек емес. Мемлекеттік кірістер органда­ры заңды тұлға­ны құру кезінде заң­намалық бұзу­шы­лықтарға жол беруіне байла­нысты оны таратуға талап қоюға құқылы. Заңды тұл­ғаны құрған шетелдіктің бизнес-иммигрант визасын алмауы – осындай бұзушылықтың бірі. Алайда республикалық маңызы бар облыстар мен қалаларда белгіленген заңды тұлғаның мемлекеттік тір­кеуден өтуін тану шаралары жалпыға бірдей қолға алынбаған», деді сенатор.

Халыққа қызмет көрсету орта­лығы қызметкерлері шетел­діктер­дің бизнес-иммигрант визасы болмаса да, заңды тұлғаны тіркеуден өткізуді жалғастыру фактілері қиындық туғызады. Сенатордың айтуынша, бұған салалық нормативтік актілерден бас тарту үшін негіздердің болмауы себеп болып отыр.

«Қалыптасқан жағдай шетелдік азаматтардың күмәнді заңды тұлға құруына ықпал етеді, олар кейіннен қаржысын көлеңкелі айналымға шығару схемаларында қолдануы әбден мүмкін. Осыған байланыс­ты бизнес-иммигранттарға салық салу және көші-қон мәселелері бо­йынша ведомстволық бақылау­ды күшейтуді, бүкіл ел бойын­ша бизнес-иммигранттардың тіке­лей қатысуымен салық төлем­дері мен заңды қызмет жүр­гізу тұрғысында компаниялар мен фирмаларға аудиторлық тексерулер жүргізуді, сондай-ақ бизнес-иммигранттармен құқықтық қатынастарды реттеу тетігін ж­е­тіл­діру жөнінде заңнамалық түзетулерге бастамашылық жасау­ды ұсынамын», деді депутат.

Талғат Жүнісов Үкіметті «Көкшетау тәжірибелік-өндірістік шаруашылығы» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігін Ауыл ша­­руа­шылығы министрлігінен Ш.Уә­ли­ханов атындағы Көкшетау уни­­вер­­ситетінің теңгеріміне немесе оқу орнына сенімгерлік бас­қару­ға беруге ықпал етуге шақырды.

Сәкен Арубаев Қазақстандағы, әсіресе оңтүстік өңірлердегі ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру жөніндегі жобалардың тұрақты қаржыландырылмауын сынға алды. Депутат аталған жұмысты аяқтау үшін респуб­лика­лық бюджетте тиісті қаражатты қарастыру керек екенін атап өтті.