Алқалы жиынға еуропалық сарапшылар, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның әрекет етуші судьялары, прокуратуралар, құқық қорғау органдары академиясы және ұлттық құқық қорғау мекемелерінің қызметкерлері, адвокаттар, сондай-ақ халықаралық және отандық үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының, азаматтық қоғамның өкілдері қатысты.
Еуропа Кеңесі Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Бас прокуратура және Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп ұйымдастырған іс-шарада Бас прокурор Берік Асылов, Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас, Еуропа Кеңесінің ынтымақтастық бағдарламаларын үйлестіру жөніндегі директоры Клаус Нойкирх, Өзбекстан Республикасы Ұлы Мәжілісі заң шығару палатасы спикерінің бірінші орынбасары Акмаль Саидовтар сөз сөйлеп, азаптауға қарсы іс-қимылдың халықаралық озық тәжірибелерін ортаға салды.
Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов конференцияны аша отырып, азаптау мәселесі әлемнің көптеген еліне тән екенін атап өтті.
«Президент Қ.Тоқаев құқық қорғау органдарында еліміздегі азаптаулар мен қатыгездіктерді толық жою міндетін қойды. Біз бұл зұлымдықпен жүйелі түрде күресуіміз керек, сондықтан азаптауға және басқа да қатыгездікке қарсы іс-қимылдың еуропалық стандарттарын зерделеу, сондай-ақ осы саладағы әріптестермен тәжірибе алмасу маңызды», деді ол.
Бұдан әрі Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы қатыгездік көрсету мен азаптауға тыйым салу іс жүзінде бүкіл әлемде адам құқықтары жөніндегі халықаралық шарттарға да, сондай-ақ ұлттық заңнамаға да енгізілген іргелі құқық екенін атап өтті. Оның айтуынша, Орталық Азияның бес елінің конституциясында кез келген жағдайда және ешқандай ерекшеліктерсіз азаптау мен қатыгездік көрсетуді қолдануға тыйым салынған.
Конференцияда Бас прокурор Б.Асылов елімізде азаптауға және тергеудің басқа да рұқсат етілмеген әдістеріне қарсы іс-қимыл бойынша жүйелі іс-шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.
Бас прокурордың мәлімдеуінше, қазіргі таңда 52 колонияда «көрінбейтін аймақтарды» үздіксіз бейнебақылаумен қамту жүйесі енгізілген. Бұл жұмыс өз нәтижесін көрсетіп те үлгерген. Себебі биыл сотталғандардың азаптау туралы шағымдары 7 есе азайған. Ал полиция органдарында 22 мыңнан астам бейнекамера іске қосылса, қылмыстық істердің 94 пайызы электрондық форматта тергеледі.
Басқосуда Артур Ластаев қатысушылармен заңнамадағы новеллалар және азаптаудың алдын алу жөніндегі өз жоспарларымен бөлісті. Мәселен, уәкіл кеңсесінің тікелей қатысуымен адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі іс-шаралар жоспары іске асырылып келеді. Атап айтқанда, сотталған адам ауыр сырқаттанған кезде жазасын өтеуді кейінге қалдыруды көздеу, бір жыл ішінде жазасын өтеу бойынша ол босатылған жағдайда баланың анасымен бірге болу мерзімін 3 жастан 4 жасқа дейін ұлғайту және бұрын сотталғандарды бірінші рет сотталғандардан бөлек ұстауды қамтамасыз ету.
Сондай-ақ, оның пікірінше, алдын алу азаптауды жоюдың алдыңғы қатарында болуға тиіс. Сондықтан келесі маңызды қадам – ұлттық алдын алу тетігі туралы арнайы заң әзірлеу.
Бұл заң осы жағымсыз құбылысты жоққа шығару бойынша бұрыннан орын алған әлеуетті күшейтеді. Бұл бастаманы БҰҰ-ның Азаптауға қарсы кіші комитеті мен БҰҰ АҚЖКБ-ның Жоғарғы комиссары биылғы наурызда Қазақстанға сапары кезінде қолдады.
Конференция барысында Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық соттың судьясы Лятиф Гусейнов, Сербияның әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі сотының судьясы Коста Митрович, Тәжікстан Жоғарғы сотының судьясы Кенжазода Мұхаммаджалолиддин өз тәжірибелерімен бөлісті.
Сонымен қатар Азаптаудың және адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтындай жәбір көрсету немесе жазаның алдын алу жөніндегі Еуропалық комитет (ААЕК) Хатшылығы басқармасының басшысы және мүшесі Борис Вудз және Карин Руани-Виммер, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі ЕҚЫҰ бюросының Адам құқықтары жөніндегі департаментінің басшысы Андреа Хубер, халықаралық сарапшылар Эрик Сванидзе және Анатолий Мунтяну, еліміздің Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары Игорь Вранчев, Польша Омбудсмені кеңсесінің Азаптаулардың алдын алу жөніндегі ұлттық алдын алу тетігінің директоры Пржемыслав Казимирски, Өзбекстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі Толибжон Умаров, Қырғызстан Республикасы Азаптаулардың алдын алу жөніндегі Ұлттық орталығының өкілі Бақыт Рысбеков баяндама жасады.
Конференцияға қатысушылар қатыгездік көрсету мен азаптаулар жағдайларын тергеп-тексерудің озық тәжірибелері, сондай-ақ сот органдарының, прокурорлардың, адвокаттардың және осы мәселені шешудегі әртүрлі құқық қорғау тетіктерінің рөлі туралы айтты.
Еуропа Кеңесі Адам құқықтары жөніндегі директораты инновациялар және даму бөлімінің басшысы Сергей Дикман және Қазақстан Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Игорь Рогов қорытынды сөз сөйледі.
Конференцияға қатысушылар адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдардың да, сондай-ақ құқық қорғау институттарының да қатысуымен азаптаудың барлық нысанын жою бойынша бірлескен күш-жігерді шоғырландырудың маңыздылығын атап өткен қорытынды құжатты қабылдады және бірқатар ұсыным берілді.
АЛМАТЫ