Қоғам • 21 Сәуір, 2023

«EURASIAN BOOK FAIR — 2023». Оқырмандар не оқып жүр?

938 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада халықаралық «EURASIAN BOOK FAIR — 2023» кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Жәрмеңкеге ТМД, Еуропа мен Азия елдерінің баспа үйлері, кітап дүкендері, ғылыми-білім беру және полиграфия компаниялары қатысып жатыр. Қуантарлығы келушілердің қатары көп. Осы тұста қазақ оқырмандарының не оқып жүргенін танымал баспа үйлерінен сұрап көрдік.

«EURASIAN BOOK FAIR — 2023». Оқырмандар не оқып жүр?

«Фолиант» баспасы: Қазір оқырман сұранысы әртүрлі. Бірақ, қазақ жазушылары көп оқылады. Соның ішінде ең көп сұраныста деп Дулат Исабековтың «Қарғын» кітабын айтуға болады. Жастар көп оқиды. Одан кейін тарихи кітаптар, мәселен, «Көшпенділерді» сұрайды. Мұхтар Мағауиннің кітаптарын алады. Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» романы да оқылымды. Абай Құнанбайұлының қара сөздерін іздеп жатады.

Бізде балалар әдебиеті де сұранысқа ие. Соның ішінде мектеп жасындағы балалар «Менің атым Қожаны» жақсы көреді.

«Мазмұндама» баспасы: Бізде көбіне мотивациялық, психологиялық кітаптар сұранысқа ие. Оқырмандар сол бағыттағы кітаптарды көп алады. Соңғы кездердегі топ-3 кітапты атап өтуге болады. Қазір бізде бірінші орында жақында жарық көрген Перизат Мырзахметтің «Өмірдің аты М» кітабы болса, екінші орында «Тармақтар» жобасы шығарған кітап. Көп оқырман іздеп келеді. Ол кітапта қазақ ақындарының өлең жолдары жазылған әрі кітаптағы QR арқылы өлеңді тыңдауға болады. Ал үшінші орында «Феррариін сатқан монах кітабы» дер едім. Одан кейінгі тізімді мотивациялық, психологиялық кітаптармен жалғастыруға болады.

«Qasym kitap» баспасы: Біздің кітаптар классикалық әдебиеттер. Яғни оқырмандарымыз да классиканы жақсы көретін, іздеп оқитын оқырмандар. Жас оқырмандарымыз өте көп. солардың арасында Дулат Исабековтың «Қарғын», «Гаухартас» романдары мен Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романы өте көп оқылады. 

«Отбасы хрестоматиясы» баспасы: Біздегі ең оқылымды, сұранысқа ие кітап - ол «Бейсен және болмыс». Одан кейін ата-ана мен балаға арналған кітабымыз бар. Ішінде күн сайын орындауға арналған тапсырмалары бар, шағын ертегісі бар, хикаясы бар, бір оқиғасы бар, Ыбырай Алтынсариннің, Ахмет Байтұрсынұлының мысалдары бар. 30 сабақтан тұратын жинақ. Одан кейін кезінде Алаш азаматтары аударған әңгімелерді шығарғанбыз. Ол да сұраныста, өз оқырмандары бар.