Әлем • 23 Сәуір, 2023

Түркиядағы зілзаладан зардап шеккендер жаңа үйлеріне қоныстанды

386 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған апат аймағында салынған жаңа үйлердің кілтін табыс ету салтанатына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.

Түркиядағы зілзаладан зардап шеккендер жаңа үйлеріне қоныстанды

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Газиантеп провинциясының Нурдагы ауданының Белпынар ауылында, Кахраманмараш провинциясының Местхююк және Түркоғлы Өзбек ауылдарында жеке үйлердің кілтін тапсыру рәсіміне қатысты.

Президент салтанатты шараға қатысушыларды Рамазан мерекесімен де құттықтады.

«6 ақпандағы жойқын жер сілкінісінен 15 күн өткен соң, жаңа үйлердің фундаменті қаланды. Апат аймағында барлығы 507 мың пәтер мен 143 мың жеке үй салынады. Олардың 319 мыңы биыл тапсырылады деп жоспарланып отыр. 60 мыңға жуық пәтердің фундаменті қаланды. Бұл жұмыстар үздіксіз жалғасып жатыр. Біздің міндетіміз жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтарды мүмкіндігінше тезірек жаңа заманауи үйлерге көшіру», деді президент құттықтау сөзінде.

Түркия президентінің айтуынша, апат аймағындағы барлық қалалар мен ауылдардың инфрақұрылымы жаңартылып жатыр. Бұл бағытта бірнеше мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Олардың бірі фермерлерді пайызсыз несиелермен қамтамасыз етуге бағытталған.

Айта кетсек, Газиантепте жоспарланған 50 мың пәтерге қосымша тағы 50 мың пәтер салынбақшы.

Режеп Тайып Ердоған жаңа үй иелеріне кілттерін табыстап, жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетілетінін қайта атап өтті.

Еске сала кетсек, 6 ақпанда Түркияның Кахраманмараш провинциясында екі жойқын жер сілкінісі болды. Олардың магнитудасы 7 балдан асты. Дүмпулер елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда да сезілді. Табиғи апаттан Түркияға 105 млрд доллардан астам шығын келтірді.

6 ақпан мен 31 наурыз аралығында 22,5 мың жерасты дүмпуі тіркелді.

Соңғы ресми деректерге сәйкес, зілзала салдарынан 50 096 адам көз жұмса, тағы 107 204 адам зардап шекті.