Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»
Сарапшылар Қазақстанда зияткерлік меншік құқын кепілге қойып, несие алу тәжірибесін енгізу қажеттігін талайдан бері айтып келеді. «Бірақ идеямды кепілге қоямын, маған несие беріңізші» деп банктерге жүгініп, оны өндіріске қолданып жатқандар жоқтың қасы. Себебі зияткерлік меншік иелері мен банктер арасындағы интеграцияға дем беретін факторлар тым әлсіз. Ал қолданыстағы заңдарда меншік құқығы идеясы кәсіпорынның жарғылық капиталына салым ретінде және заңмен рұқсат етілген басқа қаржылық операциялар үшін пайдалануға болатыны айтылған. Банк қызметкерлері зияткерлік меншік құқығын актив ретінде бағалау өте күрделі екенін, тіпті жекелеген тұлғалардың инновациялық жобалары патенттелгенімен, қағаз жүзінде қалып қоюына себеп болатын фактор да осы екенін айтып жүр.
Әлемдік тәжірибеде патенттелген технологиядан бастап ән-күй, шығармашылық идея, ақпараттық технологиялық өнімдердің бәрі материалдық емес активтер ретінде кепілзат бола алады. Банктің талабы – дивидендпен бөлісу емес, несиеңді уақтылы жабу. Жаба алмасаң, кепілзат ретінде ұсынылған жоба банктің иелігіне өтеді. Халықаралық сарапшылардың пікіріне ден қойсақ, банкке кепілге қойылған зияткерлік меншік құқықтарының несиені ақтай алмаған сәттері өте сирек. Себебі олардың бәрі кәсіби сарапшылардың бағалауынан өтіп барып несиені беруге шешім қабылданады.
Ғалымдардың идеясын сатып алатын өндіріс орындары жоқтың қасы. Заттық сипаты жоқ зияткерлік меншік құқығы болып саналатын әдеби шығармаларға жұмсалған қаржы өзін ақтамайды, кино-жобалардың прокаты шектеулі. Біздің елде кез келген дарын иесі – интеллектуалды субъект. Нарықтың бұл сегментінде таланттарға табыс көзі деп қарау шоу бизнесте, спортта байқалады.
Ұлттық зияткерлік меншік институтының мәліметі бойынша 2019 жылдың соңында республикада 114 мыңнан астам зияткерлік меншік объектісі тіркелген. Бірақ солардың ішінде банк қызметіне жүгінгендері некен-саяқ. Себебі бұл үрдіс тәжірибеге енбепті. Зияткерлік меншік құқығының құнын бағалау қиын болғандықтан таланттар оған беттей алмайды.
«Болотов және Партнерлар» заң фирмасының басқарушы серіктесі Юрий Болотов зияткерлік меншік объектілерін өтімділіктің төмен болуына байланысты кепілге алу банктерге тиімсіз екенін айтты. Банктік кепіл ретінде пайдаланылатын зияткерлік меншіктің ең кең таралған нысаны – тауарлық-заттық белгісі бар жобалар ғана.
Кәсіби тәуелсіз бағалаушылар палатасы сарапшылар кеңесінің мүшесі Сергей Лельчуктың айтуынша, банктерге кепілге қоятын зияткерлік меншік қатты зат түрінде болуы қажет. Себебі банктер несие қайтарылмай қалған жағдайда акуцион арқылы сатып, несиені жабуға болатынына сенімді болуға тиіс. Зияткерлік меншік құқын бағалаудың қиындығы да осы тұстан басталады екен. Өнертабыстар мен авторлық құқықтар сияқты басқа зияткерлік меншік құнын әділ бағалауға тек тәжірибенің жоқтығы ғана кедергі келтіреді. Өйткені нарықтың бұл сегменті әлі қалыптаспаған. Отандық банктер арасында тек «Jýsan Bank» және бұрынғы «Сбербанктің» несиелік портфелінде осындай жобалар бар екен. Екі банк те зияткерлік меншік құқығын кепіл ретінде танудың мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.
Осы меншік құқығын несиелендіру шоу бизнесте, спортта жақсы дамығанын IT-сала маманы Ғани Көпжасаров та растады. Оның айтуынша, біздегі продюсерлік, промоутерлік орталықтар – соның дәлелі. Сол секілді IT-сала да бизнестің екпініне ілесіп кетуге дайын екенін байқатты. Өйткені Алматы көшелеріндегі бақылау камералары, ұялы телефондардағы қосымша қызметтер, қоғамдық көліктердегі «Оңай» – бәрі-бәрі осы сегменттің өнімдері. Ал банк қызметкерлері болса, IT-жобаларға сұраныс тек компаниялар тарапынан, жекелеген емес, ұжымдық келісім бойынша тапсыралатынын айтады. Себебі компаниялар да, банктер де осы саладағы озық ойлы мамандарды қызметке қабылдау арқылы олардың меншік құқығын да өздеріне жекешелендіріп алатын көрінеді. Қазақстандық таланттардың жобалары бренд ретінде танылмай жатуының, сыртқы нарықтағы сұранысының төмен болу себебі де осы. Сондықтан компания қызметкерінің меншік құқын сақтай отырып, тәуекелін өз жауапкершілігіне алса ғана идеяны әрі қарай ілгерілетудің мүмкіндігі – зияткерлік меншік иесі, компания және инвестор арасындағы келісім ғана.
«Мұндай тәжірибе Батыс елдерінде бұрыннан бар. Ресейде, Өзбекстанда енді тәжірибеге еніп жатыр. Бізге де келді. Бірақ ол – ұжымдық меншік құқығы. Мысалы, ірі банктер жобаның тәуекелін өзі көтеріп қаржыландырса, банктердің жанынан осы бағытта жобалармен айналысатын еншілес компаниялар ашуға болар еді. Компаниялар жақсы мамандарды жоғары жалақы беріп, жұмысқа қабылдау арқылы оның меншік құқығын да иеленіп, өздерінің мүмкіндіктерін шектеп тастап жатыр. Қазіргі жастардың бойында эго басым, олар табысымен де, идеясымен де көппен бөліскісі келмейді. Сол себепті өз атымен танылуына мүмкіндік беретін орта іздеп, шетел асып жатыр. Бізге осыны түсінетін кез келді», дейді Ғ.Көпжасаров.
Осы тұста 2019 жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері IT-жобаларды кепілге қоя отырып, субсидия алатын мүмкіндіктер мемлекеттік деңгейде сөз болғанын еске сала кетейік. Банктер зияткерлік меншік объектілерін бағалаудың бірыңғай стандарттарының болмауын алға тартса, идея авторлары ұжымдық идея ретінде ұсынуға келіспепті. Демек екі араны байланыстыратын заңдық тетік әлсіз.
«Жекелеген интеллектуалдардың жеке идеясын ұжымдық идея ретінде ұсынуға келіспеу себебін түсінемін. Оның әрі қарай дамуына идея авторының өзі мүдделі болуы, оның ыстығына да, суығына да өзі көнуге тиіс. Сондықтан келісім үш тараптан – жұмыс беруші, идея авторы және қаржыландырушы тараптан болуы керек. Қазір мұның мүмкіндіктері көп. Стартап идеяларды қаржыландыруға дайын тұрған инвесторлар ел ішінде де, сырт елдерде де жетеді. Сондықтан бұл мәселені шешпесе, жағдайды реттей алатын, сөйтіп маманды идеясымен бірге өзімен алып кететіндер сырт елдерден де табылады», дейді ол.
Қазақстандағы жалғыз крауфандинг платформасының негізін салушы, «StartTime» компаниясының бас директоры Әзиза Өтегенованың айтуынша, біздің елде краудфандинг платформасы – талант пен инвестордың арасын жалғайтын сенімді платформа.
«Бізге «Kickstarter» немесе «Boomstarter» деңгейіне көтерілуге әлі ерте. Бірақ өмірдегі барлық жетістік істі бастаудан басталады. Бизнес-идеясына қаржы таппай жүргендер де, қаржысын қандай жобаға саларын білмей жүргендер де көп. Тіпті қазір адам капиталына инвестиция салу трендке айналды», дейді Әзиза Өтегенова.
Оның айтуынша, АҚШ-та, Германияда атағы әлемге жайылған кейбір компаниялар краудфандинг платформалары арқылы қаржыландырылады. Краудфандинг платформаларына деген қажеттік әлеуметтік жағдайдың төмендігін білдірмейді. Бұл – мәдениеттің ең жоғары деңгейі. «Журналистермен кездескен сайын идеямыз ақша табуға емес, адамдардың жаңа жобаны бастауына мүмкіндік беруді мақсат ететінін айтамын. Оның коммерциялық сипатын уақыт шешеді. Біз тек аяғынан тік тұрып кетуін ғана бақылаймыз. Екі жылдың ішінде бізге 400 идея келіп түсті. Оның ішінен іріктеп, 50 идеяны сайтқа жарияладық. Сол елудің 35-і инвесторын тапты», деді ол.
Сарапшының пікірінше, мемлекет краудфандинг платформасы туралы заң қабылдауы керек. Сол кезде бар мәселені шешуге болады. Әрбір кәсіпкер қателіктің орнын толтырғысы келеді. Бұл үшін олар қайырымдылық ілімін жетілдіріп, арнайы жоба жасауды дағдыға айналдырса, нарық алға жылжиды. Бұл зияткерлік меншік құқығының инвестор тарапынан қаржыландыру үдерісін оңтайландырады.
Қысқасы, бізде «идеямды кепілге қойып, несие алғым келеді» деп жүрген таланттар да, стартап идеяларды қаржыландыруға дайын инвесторлар да жетеді. Оларды тек жүйелендіру мен біріздендіру ғана қалды. Сол кезде ғана дарын идеясының жемісін қоғам, мемлекет болып сезінетін елге айналамыз. Айтпағымыз – банктер таланттардың шығармаларына меншік құқығы деп қарап, жарыққа шығуына ықылас танытса, инновациялық жобаларды қаржыландырып, өндіріске енгізуіне мүмкіндік берсе, «таланттар неге елден кетеді?» деген әңгіме де айтылмас еді.
АЛМАТЫ