– Тамара Қасымқызы, елімізде Әлеуметтік кодекс алғаш рет қабылданып отыр. Жалпы, әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелерін тұтас қамтыған мұндай құжат қай елдердің тәжірибесінде бар? Бұл Кодекстің олардан айырмашылығы неде?
– Әлеуметтік сала – мемлекеттің даму көрсеткішінің айнасы десек болады. Бұл ретте, әрине, Еуропа елдерінің тәжірибесі мол. Еуроодақ Әлеуметтік қамсыздандыру кодексін 1964 жылы қабылдаған. Онда әлеуметтік қамсыздандыру саласының негізігі стандарттары белгіленген. Бүгінге дейін Одаққа мүше елдердің 21-і ғана өз заңдарын кодекс стандарттарына сәйкестендірген, ал қалған мүше мемлекеттерде бұл үдеріс әлі күнге жалғасып жатыр.
Ал бізге жақын Түрікменстанның Әлеуметтік кодексі тек зейнетақы жүйесі мен халықтың аз қамтамасыз етілген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселесін реттейтін нормаларды қарастырады.
Сондықтан Қазақстанның Әлеуметтік кодексін жалпы ТМД мемлекеттері тәжірибесіне енгізілетін алғашқы біртұтас әлеуметтік құжат деп айтуға болады. Кодекс адамның бүкіл өмірлік циклін қамтиды. Атап айтқанда, туғаннан кәмелетке толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жастағы жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру іс-шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кездегі әлеуметтік көмек, сондай-ақ жасы ұлғайған шақтағы қолдаулардың барлығы енді осы бір құжатпен реттеледі.
– Ал әлеуметтік қолдау механизмдері сол күйінше қалды ма әлде өзгеріс бар ма?
– Шын мәнінде, Әлеуметтік кодекс – Әділетті Қазақстанның жаңа әлеуметтік саясаты. Сондықтан оның аясында үлкен бетбұрыстар жасалады.
Ең алдымен, мемлекеттік қолдау парадигмасы түбегейлі өзгереді. Енді әлеуметтік қолдау қиын жағдайға тап болған азаматтарға төлем беруге ғана емес, оның алдын алуға бағытталады. Мысалы, құлағында ақауы бар балаларға есту аппаратын мүгедектік алғанда ғана емес, сырқаты анықталған күннен бастап беру көзделеді. Бұл өз кезегінде балаларды толық естімей қалу дәрежесіне жеткізбейтін болады.
Екіншіден, әлеуметтік саланы кеңінен цифрландыру нәтижесінде, әлеуметтік қызмет көрсетудің қазіргі өтініш беру форматынан проактивті форматқа көшеміз. Енді мемлекет тарапынан кепілдендірілген әлеуметтік қолдау түрлері азаматтарға SMS-хабарлама арқылы жеткізіліп, оларды тағайындау мен төлеу ақпараттық жүйедегі мәліметтер негізінде жүргізіледі. Яғни жұрт бұрынғыдай ұзын-сонар кезекте тұрмайды, құжат жинаймын деп он шақты мекеменің есігін тоздырмайды. Өткен жылы осындай проактивті қызметтер 1 миллионға жуық азаматқа көрсетілді.
Үшіншіден, азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жауапкершілігі мемлекет, жұмыс беруші және азаматтардың өздеріне жүктеледі. Бұл міндеттеме жаңа әлеуметтік келісімшарт арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте мемлекет әлеуметтік қамсыздандырудың базалық деңгейін қамтамасыз етеді, ал әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде азаматтардың жоғалған табысын өтеу жұмыс беруші мен қызметкердің міндетті жарналары есебінен атқарылады. Мәселен, азаматтар зейнетақыны 3 көзден алатын болады. Базалық және ынтымақты зейнетақы – бюджеттен төленеді. Ал жинақтау жүйесінен алатын зейнетақыны Бірыңғай жинақтаушы қорынан жұмыс беруші төлеген жарна мен азаматтың өз жарнасы есебінен төлейді.
Төртіншіден, азаматтарды нәтижелі және формалды жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін әлеуметтік төлемдерді ұлғайту қарастырылады. Яғни еңбек адамдарын әлеуметтік қорғау деңгейі жұмыс істемейтін азаматтарға қарағанда, едәуір жоғары болады. Мысалы, жұмыс істейтін аналар жүктілік бойынша декреттік демалысқа шыққандағы 4 айлық табысын және бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі төлемді жалақысының 40% көлемінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан алып отырады. Сондай-ақ осы аралықта оның зейнетақы қорындағы шотына мемлекет тарапынан зейнетақы жарналары аударылады.
Ал жұмыс істемейтін аналар бюджеттен тек бала бір жарым жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақыны алады. Оның мөлшері бала санына байланысты болады (2023 жылы 19 872 теңгеден 31 705 теңгеге дейін).
– Ауқымды өзгерістер көзделіп отыр екен. Айтпақшы құжат талқыланып жатқанда Отбасының цифрлық картасын енгіземіз деп едіңіздер. Соның жайы не болды?
– Әрине, енгізілді. Кодекстің негізгі бес жаңалығы бар, соның біріншісі осы Отбасының цифрлық картасы.
Отбасының цифрлық картасы дегеніміз – еліміздегі отбасылардың дербес дерекқоры. Бұл дерекқор мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық жүйелері негізінде қалыптастырылып жатыр. Оны енгізудегі мақсат – халықтың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қол жеткізуін қамтамасыз ету.
Сондықтан Кодексте біріншіден, Отбасылық цифрлық картаны мемлекеттік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіледік. Яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алады.
Екіншіден – карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәртебесіне және әл-ауқат дәрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электронды жаршы қызметін атқарады. Мұндай ақпарат әр отбасына мемлекеттік орган тарапынан SMS-хабарлама түрінде жіберіліп отыр.
Үшіншіден, мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізіледі. Ол дегеніміз – азаматтарға әлеуметтік төлем мен көмек ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде тағайындалады деген сөз. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылады.
– SMS-хабарламаны меморган жібереді дедіңіз. Соның қай мекеме екенін нақтылай кетсеңіз. Сосын цифрлық картадағы деректерде қателік кездескенде, азаматтар мемлекеттік қолдаусыз қалуы мүмкін бе? Ондай жағдайда адам өз құқығын қалай дәлелдей алады?
– SMS-хабарламаны біздің министрлік әр отбасы туралы цифрлық ақпаратты зерттей отырып, күнделікті жіберіп отыр. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап 81 мыңнан аса азамат зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек алу құқығы бар екені туралы хабарлама алды. Бүгінде соның 53 мыңына мемлекеттік жәрдемақылар тағайындалып, төленіп отыр.
Әрине, қателіктер кездесуі мүмкін. Себебі кейбір ақпараттық жүйедегі ақпарат ескі болады немесе белгілі бір салада цифрландыру кеш басталғанына байланысты отбасы туралы ақпарат болмайды.
Мысалы, былтыр көпбалалы отбасының бірі бізден хабарлама алмағанын, жәрдемақы төленбей жатқанын айтып, арыз жолдады. Тексере келе отбасында расында 4 бала бар екені анықталды. Бірақ тұңғыш ұлдары 2006 жылы туған екен. Ал АХАЖ-ды цифрландыру 2008 жылы басталып, базаға осы уақыттан бастап туған балалардың деректері енгізілген. Сондықтан азаматтар мұндай қателіктерді жергілікті халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы растап, цифрлық картаға өзгеріс енгізуіне болады.
Қазір Цифрлық даму министрлігі осындай қателіктерді түзетуге мүмкіндік беретін сервистік қосымша даярлап жатыр. Осы жұмыс аяқталған соң өзгерістерді ұялы телефон арқылы хабарласып, енгізуге болады.
– Мемлекеттік қолдаудың жаңа парадигмасы дедіңіз. Осыны тарқатып айтсаңыз?
– Иә, бұл – Кодекстің екінші жаңалығы. Жаңа парадигмаға сәйкес мемлекеттік қолдау алдымен әлеуметтік тәуекелдердің алдын алатын атаулы іс-шара, одан кейін ғана атаулы әлеуметтік көмек ретінде қарастырылады. Түсінікті болуы үшін мысал келтіре кетейін. Отбасының цифрлық картасы жыл басында әлеуеті жоғары болған отбасының 5 айдан соң әлеуеті төмен отбасы категориясына өткенін көрсетті. Талдау несиені алған адамға 3 айдан бері зейнетақы жарнасының түспегенін, яғни жұмыссыз қалғанын айқындады. Сондықтан біз ол азаматтың мамандығын ескере отырып, жұмысқа тұру мүмкіндігі туралы SMS хабарлама жібердік. Қазір бұл азамат жұмысқа тұрды, несиені қайтаруға қатысты да проблемасы жоқ. Көріп отырғаныңыздай, мемлекет қаржылай көмек емес, атаулы іс-шараны қолдана отырып, әлеуметтік тәуекелдің алдын алды. Мұндай мүмкіндікті биыл Отбасының цифрлық картасы арқылы тәжірибеге енгіздік. Сондықтан алдағы уақытта отбасылардың әлеуеті жөніндегі талдау жұмыстары күшейтіліп, мемлекеттік органдар мен отбасылар арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтеріледі деген үміттемін.
– Сонда бұл атаулы әлеуметтік көмек жойылады деген сөз бе? Ол негізі ауылдағы халыққа үлкен қолдау болып отыр еді...
– Жоқ, егер отбасы қиын жағдайда болса, онда атаулы әлеуметтік көмек атаулы іс-шарамен бір мезгілде беріледі. Мысалы, отбасына ай сайын атаулы әлеуметтік көмек, ал отбасының жұмысқа жарамды мүшелеріне оқу, жұмыс, грант және жеңілдетілген несие сияқты мемлекеттік қолдау іс-шаралары көрсетіледі.
Осы бағыттағы тағы бір маңызды өзгеріс атаулы әлеуметтік көмек беру үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейі арқылы емес, медиандық кіріс деңгейі арқылы анықталады.
Бұл ретте, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі зерделенді. Ұйымға кіретін 8 мемлекет осы тәсілді пайдаланады. Бүгінде АҚШ-тағы кедейлік шегі медиандық кірістің 40 пайызына, Канадада 50, Швеция, Норвегия, Дания, Аустрия, Германия және Францияда 60 пайызына пара-пар. Біз де осы тәжірибені енгізуді көздеп отырмыз.
Егер күнкөріс деңгейі адамның физиологиялық қалпына келуін қамтамасыз ететін болса, медиандық кіріс жалпы, халықтың нақты тұтынушылық шығындарын жабатын орташа күнкөріс табысы саналады.
2025 жылдан атаулы әлеуметтік көмек медиандық немесе жалпыхалықтық орташа кірістен төмен кірісі бар азаматтарға беріледі. Әрине, оның сомасы қомақты және атаулы іс-шаралармен бірге беріліп, отбасылардың тұрмыс қиындығынан шығу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
– Рахмет, бұл іс-шара да құптарлық екен. Осал топтың тағы бірі – мүгедектігі бар азаматтар. Олардың көпшілігі ауылда тұрады. Соларға мемлекеттік қолдаудың кейбір түрі әлі жете қоймаған сияқты. Осыған пікіріңіз қандай? Бұл бағытта Кодексте қандай өзгеріс бар?
– Мүгедектігіне байланысты мемлекеттік жәрдемақы азаматтың тұрған жеріне және табысына қарамай төленеді.
Биыл 1 шілдеден бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жәрдемақылар мөлшері 14,5%-ға артады. Сонда жыл басындағы 8,5% өсумен қоса есептегенде, бұл төлем мөлшері 23%-ға ұлғаяды деп айта аламыз.
Ал арнаулы әлеуметтік қызметтерге келсек, сіздің пайымыңызбен келісемін. Қазір мүгедектігі бар азаматтардың 43%-ы – ауыл тұрғындары. Оларға жалпы арнаулы қызметтерді жергілікті әкімдіктердің әлеуметтік қызметкерлері көрсетеді, ал мамандандырылған арнаулы әлеуметтік қызметтер әлі де болса қолжетімсіз болып отыр.
Сондықтан Кодексте әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін толық трансформациялау қарастырылған. Бұл – Кодекстің жоғарыда айтқан үшінші жаңалығы.
Мұндағы негізгі мақсат – мүгедектігі бар азаматтардың арнаулы әлеуметтік қызметтерге деген қолжетімділігін мемлекеттік емес ұйымдар, жеке сектор және отбасы мүшелерін тарту арқылы арттыру.
Осы өзгерістердің бірнешеуіне тоқталып өтсем.
Біріншіден, мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелері барынша тартылады. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде рәсімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және кірісінен әлеуметтік және зейнетақы жарналары аударылады. Осылайша, отбасының еңбек жасындағы жұмыссыз мүшелері жұмысқа орналасады. Сөйтіп, әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда әлеуметтік қамсыздандыру іс-шараларымен қамтылады.
Екіншіден, мүгедектігі бар азаматтарға мемлекет тарпынан берілетін протездер және компенсаторлық техникалық құралдардың стандарттары толық қайта қаралады. Негізгі мәселе – берілетін әрбір құрал, мейлі ол қоларба немесе есту аппараты болсын, азаматтың жеке қажеттілігіне сәйкес келуі және сапалы болуы керек. Өкінішке қарай, жергілікті әкімдіктер тарапынан беріліп жатқан құралдардың сапасына қатысты проблемалар бар екені рас.
Сондықтан қазір министрлікте 6 жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр. Олар 1 шілдеге дейін барша техникалық құралдар тізбесін, олардың түрлерін, қолдану мерзімін және мемлекет тарапынан кепілдендірілген бағаларын қайта қарап, ұсыныс енгізеді.
Үшіншіден, жан басына шаққандағы нормативті енгізу. Оның мөлшері қызметтер үшін жеке норматив, ал компенсаторлық техникалық құралдар үшін шектеулі бағалар түрінде жіктелетін болады.
Бұл өзгерістер бір жағынан, кейбір қызмет немесе тауар түрлерін алдағы уақытта монетизациялауға алып келеді. Екінші жағынан, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге жеке секторды кеңінен тарту арқылы саланың инфраструктурасын ауылдық жерге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Аталған іс-шара 1 шілдеден бастап 5 өңірде қанатқақты режімде, білім беру саласында табысты жүзеге асырылған «Балапан» бағдарламасы тәжірибесіне сай жүргізіле бастайды.
– Ана мен бала қашанда мемлекет қорғауында болып келген. Бұл бағытта Кодексте қандай өзгеріс қарастырылған?
– Балалы отбасыларды қолдаудың қолданыстағы жүйесі халықаралық стандарттарға сай келетінін атап өткен жөн. Нақтырақ айтсақ:
а) жүктілікке және босануға, сәбидің дүниеге келуіне, бала күтіміне байланысты төлемдер бар;
ә) көпбалалы отбасыларға, 6 және одан көп баланы босанған аналарға және мүгедек баласы бар отбасыларға берілетін жәрдемақылар қарастырылған;
б) тұрмысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беріледі.
Сондықтан Әлеуметтік кодексте балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы жүйесін сақтай отырып, оның негізгі параметрлерін өзгерту қарастырылды. Бұл жаңа параметрлер отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың ауқымын кеңейтуді көздейді.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының тең жартысы 18 жасқа дейінгі балаларға беріле бастайды. Бұл қадам балалар кәмелеттік жасқа толған кезде өмірге жолдама беретін бастапқы капитал іспетті қосымша қолдау болмақ.
Бала күтіміне байланысты төлемдердің мерзімі 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Биылғы жылы мұндай төлемдер 760 мыңнан аса отбасыларға төленеді.
Аз қамтылған отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған натуралды пакет қаржылай, атаулы әлеуметтік көмекке қосымша төленеді.Мұндай қаражат жыл басынан бөлініп, үш айда 115 мыңға жуық бала қамтылды.
Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы қайта сараланып, 90 мыңнан аса «Алтын алқа» иегері атанған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 1-шілдеден көтерілмек.
Сонымен қатар 200 мыңға жуық асыраушысынан айрылған отбасыға төленетін жәрдемақы мөлшерлері жыл басымен қоса есептегенде 23 пайызға арттырылады.
– Соңғы кезде көп көтеріліп жүрген мәселе – зиянды жұмыста істейтін азаматтардың сақтандыру жүйесінен алатын төлемдері және олардың ерте зейнетке шығуына қатысты қандай шешім ұсынылады?
– Бұл да – өзекті мәселе. Жалпы, елімізде өндірісте және зиянды жұмыста еңбек ететін азаматтарды қосымша әлеуметтік қорғаудың арнайы екі түрлі жүйесі бар.
Біріншісі – қызметтік міндеттерін атқару кезінде болуы мүмкін жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесі. Ол 2005 жылдан енгізілген. Өзіңізге мәлім, өндірісте жұмыс істейтін азаматтар кәсіби ауруларға шалдығуы мүмкін немесе жарақат алып, еңбек ету қабілетін 5 пайыздан 100 пайызға дейін жоғалтуы мүмкін. Бұл санаттағы азаматтардың денсаулығына зиян келсе, өтемақыны жұмыс беруші, ал мүгедек болып қалған жағдайда тиісті төлемдерді сақтандыру компаниялары зейнеткерлік жасқа толғанға дейін төлейді.
Екіншісі – зиянды жұмыста істейтін азаматтарға ерте зейнетке шығу мүмкіндігін қамтамасыз ететін кәсіби зейнетақы жүйесі.
Осы жүйе бойынша жұмыс берушілер 2014 жылдан бастап 600 мыңға жуық жұмыскерге өз есебінен ай сайын 5% міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын аударып келеді.
Мемлекет басшысы зиянды жұмыста еңбек ететін азаматтар үшін халықаралық тәжірибені ескере отырып, арнайы төлем енгізу мәселесін қарастыруды тапсырды. Біз бұл бағыттағы халықаралық тәжірибені зерделедік. Көптеген ел зиянды жұмыстарда еңбек етудің шекті мерзімін белгілейді. Сонымен қатар сақтандыру жарналарын үш бағытқа – профилактикалық, реабилитациялық және компенсаторлық шараларға пайдаланады. Швейцария, Финляндия, Франция, Бельгия, Ресей, Беларусь, Италия елдерінде сақтандыру компаниялары 5-10 пайыздан бастап кәсіби еңбек ету қабілетінен айырылған азаматтарға арнайы төлемдер жасайды.
Сонымен еліміздің және шет мемлекеттердің тәжірибелерін салыстыра отырып, тапсырманы орындау мақсатында біз мынадай ұсыныстар жасадық:
Бірінші. Жалпы 35 жыл еңбек еткен, оның ішінде зиянды жұмыста 25 жыл өтілі бар және кемінде 7 жыл бойы кәсіби зейнетақы жарналары төленген азаматтарға зейнетақы төлемдерін тағайындау ұсынылады. Бұл зейнетақыны азаматтардың атына түскен 5% міндетті кәсіби зейнетақы жарналарының есебінен төлеу қарастырылады.
Екінші. Аталған санаттағы азаматтарға 5 пайыз бен 29 пайыз аралығында кәсіби еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі белгіленетін болса, жоғарыда айтылған кәсіби зейнетақыға қосымша арнайы төлем тағайындау ұсынылады. Бұл төлемдердің мөлшері кәсіби еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі мен табысты көбейту арқылы анықталады.
Бұл төлемдер зейнеткерлік жасына жеткенге дейін төленетін болады. Зейнет жасына жеткен кезде арнайы төлем сомасы мен зейнетақы төлемдерінің айырмашылығы ретінде төлем жалғасатын болады.
Үшінші. Өндіріс жағдайын жақсарту мақсатында профилактикалық шараларды жүзеге асыру ұсынылады. Ол үшін жұмыс берушілердің белгіленген шығындарын өтеу қарастырылып жатыр. Бұл мақсатқа жұмыс берушілердің ай сайын сақтандыру компанияларына төлейтін жарналарының 6 пайызына дейін жұмсау көзделеді.
Төртінші. Кәсіби ауруға шалдыққан немесе өндірістік жарақат алған азаматтардың денсаулығын қалпына келтіру үшін реабилитациялық шараларды күшейту ұсынылады. Осы мақсатқа жарналардың тағы 6 пайызына дейінгі түсімін жолдау қарастырылмақшы.
Осындай кешенді шаралардың нәтижесінде зиянды жұмыста еңбек ететін жұмыскердің әлеуметтік қорғалу деңгейі және олардың жұмыс орындарының жағдайы жақсарады деп пайымдап отырмыз.
Қайталай кетейін, бұл тек ұсыныс, жұмыс тобы әлі қарастырып жатыр. Сондықтан топ мүшелерінің ұсыныстарына сәйкес басқа да өзгерістер енгізілуі мүмкін.
– Тағы бір өзекті мәселе азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру мәселесіне қатысты. Қандай өзгерістер күтуге болады?
– Зейнетақы жүйесіне қатысты өзгерістер Кодекстің төртінші жаңалығы дедік.
Қазіргі қолданыстағы жүйе зейнеткерлердің 3 буынын қамтиды.
Біріншісі – аға буын. Бұл санатқа 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққан, толық еңбек өтілі бар зейнеткерлер кіреді. Осы санаттағы 300 мыңнан астам адам базалық және еңбек зейнетақысын мемлекеттік бюджеттен алады. Олардың басым көпшілігіне 120 мыңнан 160 мың теңгеге дейінгі аралықта зейнетақы төленеді.
Екіншісі – бүгінгі буын. Бұл – зейнет жасына 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін жеткен азаматтар. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі болғандықтан, олар да еңбек және базалық зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен алады. Қазір осы топта 1,9 миллион зейнеткер бар. Олардың саны 2030 жылға қарай 2,6 миллионға жетеді деп межелеп отырмыз. Болашақта осы санатқа кіретін, зейнет жасына әлі жете қоймаған азаматтардың 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі азаюына байланысты еңбек (ынтымақты) зейнетақы мөлшері төмен болғалы тұр. Бұл айырманың орнын толтыратын Қордағы зейнетақы жинақтары әлі жеткіліксіз. Оның себептері өздеріңізге мәлім.
Үшіншісі – болашақ зейнеткерлер. Олар зейнетке 2038 жылдан кейін шығады. Бұл санаттағы азаматтар мемлекет тарапынан базалық зейнетақы және Бірыңғай жинақтаушы қорынан өздері жинақтаған қаржының есебінен зейнетақы алады.
Осының бәрін зерделеп қарасақ, бүгінгі буын мен болашақ зейнеткерлер мәселесіне қатысты түйіткілдер туындайтынын байқауға болады.
Сондықтан Кодексте бүгінгі буын зейнеткерлері үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен көбейту қаралды. Оның ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 54%-нан 70%-ына дейін, ал жоғары мөлшері 120%-ға дейін арттырылады.
Сондай-ақ еңбек зейнетақысының көлемін есептеу үшін қолданылатын ең жоғары табыстың көлемі 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін немесе орташа жалақының 70 пайызына дейін ұлғаятын болады.
Бұл өзгерістер бүгінгі буын зейнеткерлері зейнетақы төлемдерінің негізгі бөлігін мемлекеттен алатынын және толық мемлекеттік қолдауда болатынын көрсетеді.
Аталған шаралар 1-қаңтардан бастап іске асырыла бастады, нәтижесінде 2,3 млн. зейнеткерлеріміздің ең төменгі мөлшердегі базалық зейнетақы мөлшері 21%-ға, орташа мөлшері – 16%-ға, ал жоғары мөлшері – 8,5%-ға артты. Ал бұған қоса алатын еңбек зейнетақысының мөлшері барлығына бірдей 10,5%-ға көбейтілді.
Биыл зейнетақының орташа мөлшері 120 мың теңгеден асты, ал жинақтақтаушы зейнетақы алатындар үшін 147 мың теңге болып отыр.
Ал зейнетақысы өз жинақтары есебінен қалыптасатын болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1-қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізіледі.
Бұл жарна қолданыстағы заңда көзделген шартты жинақтаушы зейнетақы жүйесі үшін база қалыптастырады. Осылайша, бұл топтағы азаматтар да зейнет жасына жеткенде қазіргі зейнеткерлер сияқты зейнетақының 3 түрін (мемлекет есебінен – базалық зейнетақы, жұмыс берушілер есебінен – шартты-жинақтаушы зейнетақы, өз жинақтары есебінен– жинақтаушы зейнетақы) алады.
Аталған шаралар азаматтарды лайықты зейнетақымен қамтуға мүмкіндік береді деп пайымдаймыз.
Бұдан бөлек, Кодекс жобасына өз активтерін басқару бойынша салымшылардың құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізіледі.
Енді азаматтар белгіленген жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.
Сондай-ақ салымшыларға зейнетақы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін активтерді басқару компаниясына беру және мұндай компанияны өздері таңдау құқығы беріледі.
Бұл ретте, мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдікті жинақтың Ұлттық банк басқаратын бөлігіне ғана беретінін атап өткен жөн.
Ал жеке басқаруға берілетін зейнетақы жинақтарының сақталуына және оның табыстылығына салымшы таңдап алған компания жауапты болады.
Сондықтан әрбір салымшы басқару жөніндегі жеке компанияны таңдаған кезде ықтимал тәуекелдерді мұқият ескеруге тиіс.
– Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында жұмыспен қамту мәселесіне баса назар аударды. Бұл бағыт Кодексте қарастырылған ба?
– Әлеуметтік кодекс жобасында 3 бағыт бойынша жаңа жұмыс тәсілдерін енгізу көзделген.
Біріншісі – икемді жұмыспен қамтудың барлық түрін, соның ішінде платформалар арқылы жұмысқа тартуды формальды жұмыс деп тану қарастырылды.
Бұл өзгерістер негізінен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыруды, ал тәуекел болған жағдайда әлеуметтік қолдау көрсетуді қарастырады.
Осы мақсатта бұл санаттағы азаматтарды «тәуелсіз жұмыскер» деп атау, олардың жария шарттарын еңбек шарты ретінде тану, платформа операторларын салық агенті ретінде белгілеу сияқты жаңа тәсілдер енгізу көзделген.
Айта кететін бір жайт енгізілетін оңтайлы режімдер бүгінгі «тәуелсіз жұмыскерлерден» қосымша тіркелуді қажет етпейді және оларға қосымша қаржылай жүктеме болмайды. Аударылатын жарналар олардың бүгінгі платформа операторларына аударып жүрген төлемдік пайыздарының есебінен жүргізіледі.
Екіншісі – жұмыс күшінің дағдыларын арттыру. Бүгінгі таңда дипломның болуы жұмысқа қабылдау кезінде біліктілік деңгейінің дәлелі бола алмайтынын мойындау керек. Сондықтан жұмыс берушілердің көпшілігі нақты тәжірибе болғанын талап етеді. Бұл жастардың жұмысқа орналасуына кедергі болып отыр.
Дағдылар мен құзыреттерді бағалау үшін сертификаттау жүйесі енгізіледі. Бұл негізінен еліміздегі жұмыс күшінің біліктілігін көтеру және жұмысқа қабылдауда қолданып жүрген еңбек өтілінің міндеттілігі жөніндегі шектеулерді қысқарту мақсатында қарастырылып отыр.
Үшіншісі – жұмыспен қамтудың цифрлық орталықтары. Бүгінде азаматтардың жұмыс іздеуі, жұмыссыз ретінде тіркелуі, жұмысынан айырылған кезде арнайы төлемдерге өтініш беру үдерістері толық цифрланып, Электрондық еңбек биржасы арқылы жүзеге аса бастады.
Осыған байланысты, аймақтардың ерекшелігін ескере отырып, өңірлік еңбек нарықтарын дамыту жөніндегі барлық бастамалар мен бағдарламаларды үйлестіретін өңірлік мобильді орталықтар және жұмыспен қамтудың цифрлық орталықтарын енгізу қарастырылып отыр.
Бұдан бөлек, Кодексте жаңа көші-қон саясатына да көңіл бөлінген. Оның мақсаты – Қазақстан экономикасын сұранысқа ие және білікті кадрлармен қамтамасыз ету. Мұнда да бірқатар мәселе шешімін таппақ.
Біріншіден, сұранысқа ие шетелдік кадрларды еңбек нарығына тарту қолға алынады. Экономикада сұранысқа ие технологияларды игерген үздік оқытушыларға, мықты ғалымдарға және бізде тапшы мамандарға оңайлатылған визалар мен ел аумағында 10 жылға дейін тұру құқығын беріп, елімізге тарту ұсынылады.
Екіншіден, Қазақстанға 300 мың АҚШ долларынан кем емес инвестиция салған шетел кәсіпкерлеріне «инвестор визасын» беру ұсынылады.
Үшіншіден, шетелде тұратын қазақтардың әлеуетін де ел игілігіне пайдалануға маңызды қадам жасалады.
Ол үшін америкалықтардың Грин-картасы сияқты «Атамекен картасын» енгізу ұсынылып отыр. Ол жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өзі тұратын елде табысты бизнес жобалары бар және оны Қазақстанда жүзеге асырғысы келетін шетелдегі қазақтарға беріледі.
Мұндай азаматтар мерзімі 10 жылдық жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік алады.
Бұл ретте қандастарды қабылдау тетігі де қайта қаралады.Мұндағы басты шарт – көшіп келетін азаматтардың жұмысқа орналасуына және баспаналы болуына жағдай жасау.
Баспана мәселесін шешу үшін тұрғын үй құнының 50% шығынын өтеу құқығын беретін экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру (жұмыс орны бар екендігін растаған жағдайда) көзделіп отыр.
Төртіншіден, біз шетелде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтарын да қорғауымыз керек. Ол үшін көптеген азаматымыз барып жұмыс істейтін мемлекеттерде қазақстандық еңбек мигранттарының құқықтарына кепілдік беретін мемлекетаралық келісімдер жасауды ұсынамыз.
Жұмыспен қамту саласындағы бұл өзгерістер Кодекстің 5-ші жаңалығы.
Кодекстің барлық ұсынылған жаңа новеллалары ең алдымен тараптардың өзара жауапкершілігін іске асыруға бағытталған. Мемлекет уақтылы әлеуметтік қолдау көрсетуі, жұмыс беруші өз қызметкерлерінің әлеуметтік қамсыздандырылуын арттыруға қатысуы, азаматтар жұмысқа орналасу немесе өз ісін ашу арқылы өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін мемлекеттік қолдауды пайдалануға тиіс.
Қорыта айтқанда, Әділетті Қазақстанды құру үшін әділ әлеуметтік саясат жүргізуіміз керек. Біз қолға алған Әлеуметтік кодекс осы саясатты табысты жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам болмақ.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қамбар АХМЕТ,
«Egemen Qazaqstan»