асқанының әдемі үлгісін АҚШ-та өткен Қазақстан мәдениеті күндері көрсетті
Бұл ғұмырда қайталана бермес мұндай сирек сапар үстінде қалайша еске түспессің. Тәубе дерсің, баспаған жерді, атталмаған елдерді барып көруге кәсіптік нәсіп жазыпты. Егемендіктің арғы жағындағы жылдарда «Лениншіл жастың» арқасында кешегі Югославияның бүгінгі Сербиясын, Словениясын, Хорватиясын, Босниясын аралап шығу ұмытылмаса, одан соңғы біраз уақытта «Егемен Қазақстанның» мүмкіндік туғызуымен Үндістанға жол түскені бар-тын. Басылымның тағы бір тапсырмасына орай енді талайдан атақ-даңқы дүрілдеген Америка Құрама Штаттарының өзіне сапарлау көңіл өсіргені рас. Осы жолғы жұмыс бабы Нью-Йорк пен Вашингтондағы Қазақстан мәдениетінің күндерін баяндау болатын. «Өнер көпке де жеткізеді, көкке де жеткізеді» дейді халқымыз. Шынын айтқанда, таңырқауы қиын америкалықтардың ұлтымыздың сан ғасырлық және жаңарған мұрасын тамсана тамашалап, сүйсініске бөленуін ә дегеннен айтпай өте алмаймыз. Өнер атты әсем әлемнің ғажайып сиқырына баураған, қай-қайсысы дара дарын бауырластардың шалқыған шабыты соған үйіргендей еді. МАНХЭТТЕНДЕ ҚАЛЫҚТАҒАН ӘУЕН Алдымен Нью-Йоркке табан тіредік. Тарихы да, тағдыры да қызық әйгілі қала туралы әңгіме бір қозғалса таусылмауы мүмкіндіктен әрі аз уақытта сырына қанықтыра қоятын еместей болғандықтан қысқаша таныстырғанда мынадай жайттарға тоқталып өтуді жөн көрдік. Колумбтың жаңа құрлықты ашуынан кейін ішіне ендей еніп, иелік ету үшін асыққан еуропалықтардың алды болып италиялық теңіз саяхатшысы Джованни де Верразано 1524 жылы шалқар Атлант мұхитымен астасатын бұғазды табады. Біраз жылдардан соң оның ізімен Тынық мұхитына шығатын су жолын іздеуші Голландияның Ост-Үнді компаниясы қызметіндегі ағылшын теңізшісі Генри Гудзон өз атын қойған өзен мен бұғаз бойындағы аралдың тамаша қоныс орны болуға лайық екенін жеткізеді. Еуропа елдерімен солтүстік Америкадағы жерлерді игеруде бәсекелестікте жолы болушы шағын мемлекеттің Жаңа Нидерланд деп аталған отарының губернаторы Петер Минейт бұған дейін оны мекендеуші үндістер тайпасы манахаттадан болмашы ақшаға сатып алады. Бүгінде шаһардың Манхэттен атауымен белгілі әйгілі бөлігі осыдан шыққан деседі. Арадағы біраз жылдарда Англия өктемдігі күшейіп, голландтар іргетасын қалаған қала Нью-Йоркке өзгертіледі. Солтүстік және Оңтүстік Америка арасындағы азамат соғысынан соң біртұтас мемлекетке біріккен елдің бірінші астанасы болады. Кейінде жолын қапталдас Вашингтонға бергенмен, БҰҰ бас кеңсесі орналасқан, ірі қаржылық құрылымдар орын тепкен, биіктігі бір-бірінен асып, көкке шаншылған ғимараттар иін тірескен, ұзындығы 80 шақырымға жуық бір ғана Бродвэй мен дүниежүзілік банктердің ұясы Уолл-стрит көшесі, аспалы Бруклин көпірінің өзі кереметтігін танытатын күндіз-түнгі қыз-қыз қайнаған қала тынысын қай тұсынан да ерекше сезінесіз. Ал осылардың ішінде Қазақстан мәдениет күндері ашылған «Карнеги холл» концерт орталығының орны да өзінше бөлек. Тіпті, оны білмейтін жан жоқтай көрінді. Мейманханамыздан ұзап кетіп, адасуға айналғандай сәттерімізде атын атай қалғанымызда дұрыс жөн сілтенуіне сүйеніп те алдық. Бұдан бір жағынан нью-йорктіктердің өнер өмірінен елеусіз еместігін аңғартса, ғасырлық тарихы бар әсем ғимараттың әркімге таныстығы да байқалды. Классикалық музыканы орындаушыларға әлемдегі ең мәртебелі, талай атақты саңлақтардың дарынын танытушы бұл мәдениет қара шаңырағы сәулетші Уильям Татхиллдің жобасы мен кәсіпкер Эндрю Карнегидің қаржылық қолдауымен салынған екен. Шымылдығы алғаш рет 1891 жылдың 5 мамырында Петр Чайковскийдің дирижерлік етуімен Нью-Йорк симфониялық оркестрінің концертімен түрілген. Содан бері ең айтулы сазгерлер мен өнерпаздардың талантын жаюға талпынтатын киелі орын, ішкі-сыртқы әсемдігінен бөлек тамаша акустикасы орындаушыларын да, тыңдаушыларын да таң-тамаша қалдырады. Міне, осындай рухани ошақта қазақстандық өнерпаздарға сахна ұсынылуы үлкен құрмет екені даусыз. Сәйкесінше, ел өнерпаздары қарым-қабілеттерін барынша көрсетті. АҚШ-тағы аталған іс-шараның ашылуына осы елдегі ҚР Төтенше және өкілетті елшісі Қ.Омаров қатысты. Шараны ҚР Мәдениет министрінің орынбасары А.Бөрібаев ашты. Ол осынау шараға қолдау танытып, екі мемлекеттің мәдени байланыстарын дамытуға ықылас көрсетуші Америка тарабына алғысын білдірді. Бруклин округі мен Нью-Йорк қаласы мэриясының өкілдері мұндай ынтымақтастық нәтижесі жаңа қарым-қатынастарды қалыптастыруын тіледі. Концерттік бағдарламаны тамашалауға БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен бірге осынау халықаралық ұйымның жауапты қызметкерлерінің келуі мәдениет күндерінің мәні мен салтанатын асыра түсті. Мұның алдында өткен баспасөз мәслихатында әріптестеріміздің бірінің сұрағына ТМД елдері арасынан үлкен құрамда бір елдің өнері жан-жақты таныстырылуы сирек оқиға ретінде айтылған еді. Әсілі, өнер құдыреті күшті. Ол уақытпен, заман талабымен, адамзат мақсатымен бірге үндес тапса тіпті зор. Осыны талап етуші Елбасының бастамасымен ел-елде өткізілудегі Қазақстан мәдениеті күндерінің үлгілі маңызын жоғарыдағы жайт байқатпай қалмады. Жалпы алғанда, Америкада қазақ өнері белгісіз емес. Осы жолғы сапардың негізгі көркі болған Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі бұл жақта 2004 жылы болыпты. Оған қосылған Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы, оның сүйемелдеуіндегі жезтаңдай әншілер Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызы, Талғат Мұсабаев өрнек-бедерін өсіре түсірген секілді. Залдағы тыңдаушылардың бейтаныс әуен-саздарды қалай қабылдауына зер салғанымызда, көздеріне етене таныс аспаптардың орнына бұрын-сонды естіп көрмеген домбыра, қобыз, сыбызғы, саз сырнайдың үйлескен үні не шығарманы барлық бояуымен төгілтуі таңқалдырғаны білінді. Майра әсем сопрано дауысымен де, сұлу сәнімен де Кальманның «Ханшайым Чардаша» опереттасынан Сильваның ариясын орындағандағы қошемет Нью-Йоркте де, Вашингтон залын да дуылдатып тұрып алды. Америкалық «Вейвл-вабл» джаз музыкасын ұлттық аспаптардың түрлендіре желпінтуі арқылы хор капелласының ойнақы ырғақпен әуендетуі тіпті ризалық туғызды. Екі ішекті домбыраның сан қырлы құбылысы талайдың аузын аштырып, көңіл тербетуі мына бізді ұлттық мақтаныш сезіміне бөлегенін қалайша айтпаспыз. «Карнеги холлдағы» концерт аяқталысымен де тарқаса қоймаған жергілікті өнерсүйер қауым өкілдерінің бірі Януш Курекпен тілдескенімізде: «Ғажап әсердемін. Өнері осындай болса, Қазақстан мәдениеті биік екен. Осы салаға біршама қатысым бар жан болғандықтан, мәдени ләззат алғаныма қуаныштымын. Ұлттық үрдістің әлемдік ұлы өнердің тереңінен нәрленіп, теңдессіз шеберлікпен ұштасуын көзбе-көз бірінші көруім. Отандастарыңыз жетістігі биікке самғай беруіне сенемін», деген лебізін аудармашысыз түсіндік. Арғы тегі поляк-америкалық ақсақал орысша сөйлеуді ұмытпапты. Қазақтың дәстүрлі мәдениетін жаңаша жаңғыртушы оркестрдің бас дирижері Арман Жүдебаевтың айтуынша, арнайы концерттік бағдарламаға дайындық ерте бастан жүргізілген. Репертуарында 4 мыңға тарта ән мен күй бар бай мұраның, үлкен қордың таңдаулыларын таныстыруға іріктеп алу оңай болмаған. Мұның сыртында Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызы, Талғат Мұсабаев, Айдос Жабағин, Тайыр Тәжіғұлов, Жәмила Жарқынбаева, Айзада Қапағанова, Жанат Бақтай сынды күміскөмей орындаушылардың басын біріктіріп, оркестр сүйемелдеуіне бейімдеу жеңіл тимесе де, жемісі татылғанын көрдік. Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» мен «Бұлбұлын» қосыла шырқаған Жәмила, Айзада, Жанаттың дала құсының сыңғырын саф таза күйінде құйқылжытуы тыңдаушыларды қандайлық тәнті етті десеңізші. Биыл 80 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Ахмет Жұбанов құрған ұя бұған дейін музыканың Меккесі – Венадағы, Бейжіңдегі, Киевтегі өнер байқауларында, «Астана кештері» атты жеке концертте жаңаша бір қырынан танылса, Нью-Йорк пен Вашингтон тұрғындарын одан сайын тамсандырды. Алда алыс-жақын жұртшылықпен талай кездесулер күтіп тұрды. ПОТОМАКА ЖАҒАЛАУЫ ЖАҢҒЫРЫҚТЫ Өмірі өнермен тұтасқан адамдар қашанда толқулы екенін білсек те, жүзбе-жүз сезіну әсері тіпті бөлек екен. Алғашқы концерт сәтті өтуіне көңілдері көтеріңкі әншілер, домбырашылар, скрипкашылар ендігі кезекте Вашингтонға аттанған бетте жолай жүректері қайта лүпіл қағып отырды. Бұлай болмай қайтсін. Ел астанасының талғамы жоғары өнерсүйерлері алдында, оның үстіне бас шаһардың Дж.Ф.Кеннеди атындағы орындаушылық өнер орталығында өнер көрсету қалайша толқытпасын. Мейманханаға жайғаса салысымен іле дайындыққа кірісіп кету де сондықтан еді. Нью-Йоркке қарағанда у-шуы аз, тыныштау, ағаш та, көк те мол, көшелері тап-таза, қайда қарасаң бір-біріне ұқсамайтын сәулетті ғимараттар сұлулығы көз қарықтырған таң-тамашасын, әрине, Ақ үй, Капитолий асырып тұратындығы белгілі. Елдің бірінші президенті Вашингтонға арналған, бәрінен биік шаншыла біткен ақ обелиск асқақ көзге түседі. АҚШ тәуелсіздігі декларациясының авторы Джордж Джефферсонның Потомака өзені жағалауындағы мемориалы алыстан ағараңдайды. Бір қызығы, қолындағы қала картасымен қалаған жеріңді тез тауып ала қоясың. Америкалық үндістер мұражайын көруге шыққан біз де карта мен түсіндіруші, жөн сілтеушілердің көмегімен бірер сағаттай жаяулап дәл түбінен түстік. Сөйтсек, Капитолийден таяқ тастам тұста болып шықты. Кім-кімге де есігі ашық, төрт қабаттағы жәдігерлері қызғылықты, асықпай аралаймын десең барлық жағдай жасалған, мұражайды бір көру аздық етеді екен. Жә, мұны жеке тақырыпта сөз етпек болғандықтан, негізгі әңгімемізге оралайық. Дж.Ф.Кеннеди атындағы өнер орталығы жобалы уақытта жиналушыларға лық тола бастады. 2400 орындық залдағы үлкендер де, жастар да аралас көрермендер алдына Мәдениет вице-министрі А.Бөрібаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия мәселелері бойынша көмекшісі Ниша Бисвал көтеріліп, қатысушыларды Қазақстанның Вашингтондағы мәдениет күндерінің ашылуымен құттықтады. Жүргізушілер Әділ Ахметов пен Кэрен О’Кеннэллдің хабарлауымен сахнадан Құрманғазының «Сарыарқа» күйі төгіле жөнелді. «Парыз», «Армандастар», «Кек» фильмдерінде басты рөлдерді бейнелеген, «Қара шаңырақ» 100 сериялы туындыда спортшыны ойнаушы Әділ Астанадағы «Жастар» театрының актері ретінде де танымал. Орайы келгенде алыс жерде еліміздің мерейін өсірген дәстүрлі әншілер Бейбіт Мұсаев, Айгүл Қосанованың әуелеткен әуендері тыңдаушыларды сүйсіндіргенін жүздерінен аңғару қиын емес-ті. Ұлттық дәстүрдің бұлайша сабақтасуына ризалық сезім көрермендердің бірі Элиот Элиоттың лебізінен білінді. Оның айтуынша, жаһандану дәуірінде жұтылып кетпеуі үшін ұлттық құндылықтарды құнттап, рухани байлықты сақтаудың қазақстандық үлгісі үйренерлік екен. Вивальдидің «Жыл мезгілдерін» оркестрмен бірге скрипкада сызылтқан өрім қыздар Алуа Мақанова мен Нұрия Кәрімбаеваның өнері дәстүр жарасымдылығын танытқандығын да айтып өтті. Айта кету керек, еліміздің мәдениет күндері, әсіресе, осы қалалардағы қазақ қауымына аса қуаныш сыйлаған естен кетпес оқиға болды. Нью-Йорктегі концертке қандастарымызды қатыстыруға жұмылдырушы Америка қазақтары қауымдастығының жетекшісі, НАСА ғалымы Дархан Нұрмағамбеттің залдағы көзге жылы бейнелерді көптеп көрген сайын көңілі өскенін түсіндік. Солардың бірі, тегі қостанайлық Бексұлтан Қалмағамбет бәйбішесімен бірге немерелерін ерте келіпті. Әр ән, әр күй сайын жанарларына жас іркіліп, туған топырақтың сазын сағынып қалғандықтарын жасырмайды. Шіркін, қазақ қай жерде де қазақ қой. «Үйге жүріңіздер, дәм татыңыздар», дейді. Вашингтондағы концерт соңында да бәрімізге жалтақтап қарай берген қазақ әйелімен кездестік. Ол Мәскеуде оқып жүргенінде тағдыр жазуымен америкалық азамат Дэвид Стайнмен табысыпты. Қазақстан мәдениеті күндері өтетінін естіп, Вискансон штатының Брукфил қаласындағы отбасы мүшелерін тегіс жинап, жерлестеріне бас қостырыпты. Жанындағы өзіндей қараторы қызы «Сәлеметсіздер ме» деп ізетпен амандасқанда ішіміз жылып сала бергені рас. «Кэлли деген қызым. Қоярда-қоймай қазақша сөйлеуді үйреніп жүр. Мына Кори есімді ұлым да нағашы жұртының тілін білуге құштар», деген зайыбының таныстыруын аудармашысыз түсінген Дэвидтің де бірқағарына таңданып қалдық. «Бұлардың үйде қазақша сөйлеуі жиілей түскен соң маған қалайша үйренбеске», деп ағылшынша ағынан жарылған азаматтың кісілігі мен кішіпейілдігі бөлек көрінді. «Талдықорған маңындағы Сарқанд ауданындағы Сәрсенбаевтар атты төркіндеріме сәлем айтыңыздар. Тұрмысымыз, көңіл-күйіміз жақсы. Тамызда бәріміз ауылға барып қайтамыз», деген Ләззат Сәрсенбаева-Стайн сәлемі туысқандарының құлақтарына алтын сырға. Вашингтондағы концерт аяқталған соң үлкен құрамдағы делегация Қазақстан Республикасының Елшілік үйіндегі қабылдауда болды. Өз шаңырақтарына келгендей мәре-сәре өнерпаздарға АҚШ-тағы елшіміз Қайрат Омаров мәдениет күндерінің бірыңғай мәдени кеңістікті нығайтуға мүмкіндік беретінін, екіжақты қарым-қатынастың дамуына зор әсерін тигізетінін, қазақ өнеріне деген үлкен қызығушылық туғызатынын айтып, екі елдің мәдени байланыстарын нығайтуға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді. Мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық алтын көпіріндей мұндай ізгілікті іс-шаралар алдағы уақытта жалғаса бермек. Қазақстанымыздың рухани байлығы француздар алдына жайылмақ күн де жақын. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА – НЬЮ-ЙОРК – ВАШИНГТОН – ҚАРАҒАНДЫ. Суреттерді түсіргендер Артур ӘЛІП, Анатолий УСТИНЕНКО.Оқырман ойы: Игі істің дәнекері
Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40
Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35
«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?
Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30
Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25
Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20
ТМД-дағы өзара сенім мен ынтымақтастық
Саясат • Бүгін, 09:15