Астана күні мерекесі қарсаңында Тараз қаласында 140 отбасы баспаналы болу бақытына ие болды. Кешегі қасиетті жұма күні тұрғын үй кезегінде тұрған осыншама отбасының көп жылдардан бергі арманы орындалды. Яғни, екі көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Қоныс тойын өткізгендердің ішінде Ұлы Отан және Ауғанстан соғыстарының ардагерлері, көп балалы отбасылар бар. Қаланың іргесінен жаңадан бой көтеріп келе жатқан «Бәйтерек» шағын ауданындағы сәулеті мен сәні келіскен осынау жап-жаңа баспаналарда тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған.
Жалпы алғанда, соңғы жылдары мемлекетіміздің серпінді дамып, тұрғын үймен қамту бағдарламаларының жүзеге асырылуымен халқымыздың пәтерлі болуға деген сенімі күшейді. «Бәйтерек» шағын ауданында осымен 17 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл ауданның болашағы жарқын деп айтуға әбден болады. Мұнда абаттандыру, жол салу, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Қазір мектеп, балабақша ғимараттары салынып жатыр. Балаларға арналған екі аурухана бар.
Жайлы баспанаға ие болғандардың бірі – ауған соғысының ардагері Елібай Баймаханов осы күнді 20 жыл бойы күткенін айтады. Төрт баланың әкесі отбасын қуанышқа бөлеген бұл күнді еш ұмытпайтыны анық. «Астана күні мерекесіне орай баспаналы болып жатқанымызды жақсылыққа балап отырмын. Енді осы шаңырағым Астана секілді қонақжай, несібелі, сәулетті болады деп ойлаймын», дейді ол ағынан жарылып.
Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков баспаналы болғандарды қуанышымен құттықтап, жылдың соңына дейін тағы да үш көп қабатты үй пайдалануға берілетінін жеткізді. Ел экономикасының қарыштап өсуінің нәтижесінде облыста құрылыс қарқыны ерекше. Бекболат Серікбекұлының қолынан алғаш болып пәтер кілтін алған Ұлы Отан соғысының ардагері Бертай Жаскиленов «Ел аман болсын, осы бақытты елдің бағына біткен Елбасына Алла қуат берсін», деп батасын берді.
Қоныс тойы құтты болсын, ағайын!
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.
Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.