Мырзағали Айтжанов,
бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
– Бұл әлем чемпионатына баратын үміткерлерді біз ұзақ уақыт әрі тиянақты іріктедік. Жыл басынан бері бірнеше оқу-жаттығу жиынын өткіздік, жігіттерді түрлі жарысқа апардық. Әр боксшыға қатысты сараптама жасадық, сондықтан әрқайсысының шамасын білеміз. Әлем чемпионатына бірінші рет қатысатын 4 былғары қолғап шеберіміз бар. Олар жас болса да, тәжірибесі толысқан, бокс әлемінде алар орындары бар. Халықаралық аренада намысты қолдан бермейді деген сенімдемін.
Бокстан әлем чемпионаты 1974 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Алғашқы алты жарыстың бесеуінде Куба құрамасына тең келер команда табылмады. Бостандық аралының өр мінезді ұлдары 1974 жылы Гаванада (5 алтын+1 күміс+2 қола), 1978 жылы Белградта (5+3+0), 1982 жылы Мюнхенде (5+1+1), 1986 жылы Ренода (7+2+2) және 1991 жылы Сиднейде (4+2+3) алдарына жан салмай, жалпы есепте жеке-дара көш бастады. 1989 жылы Мәскеуде шымылдығы түрілген дүниежүзілік додада КСРО құрамасы озды. Ол кезде ринг қожайындары 5 алтын, 2 күміс және 4 қоланы олжаласа, қоржынында 4 алтын, 4 күміс және 1 қоласы бар кубалықтар екінші орында қалып қойды. Жалпы, сол жылдары Куба мен КСРО-дан бөлек, АҚШ, Югославия, Польша, Пуэрто-Рико, Болгария, ГДР, Румыния, Мажарстан және Италия секілді санаулы ғана мемлекеттің өкілдеріне жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілу бақыты бұйырды. Сондай-ақ Уганда, Кения және Нигерияның гүрзі жұдырықты жігіттері бір-бір реттен бас жүлдені олжалады. 1974-1991 жылдар аралығында өзге елдердің өрендері тек күміс пен қола медальді иемденумен шектелді.
Кеңес одағы тұсында Қазақстанның боксшылары өздерінің мықтылығын мойындатқанымен, Мәскеу біздің жігіттерге қырын қарады. Соның салдарынан байрақты бәсекелерге санаулы ғана жерлестеріміз қатысты. Мәселен, 1978 жылы Белградта бақ сынаған Валерий Рачков (67 кило) барлық қарсыласын сыпыра ұтып, әлем чемпионы атанды. 1982 жылы Мюнхенде Серік Қонақбаев (67 кило) күміс медаль иеленді. Неміс жерінде Серік Нұрқазов (57 кило) та күш сынасқан еді. Бірақ ол ширек финалда сүрінді. 1986 жылы АҚШ-тың Рено қаласында Бейбіт Есжанов (51 кило) өнер көрсетті. Алайда қандасымыз алғашқы айналымнан аса алмады. 1989 жылы Мәскеуде жалауы желбіреген жауапты жарыста Игорь Ружников (63,5 кило) теңдессіз деп танылса, Александр Мирошниченко (+91 кило) күміс медаль еншіледі.
Қазақстанның ұлттық құрамасы тұңғыш рет дербес команда ретінде 1993 жылы Финляндияның Тампере қаласында жалауы желбіреген әлем чемпионатына қатысты. Суоми елінде жалғыз ғана Василий Жиров (75 кило) жеңіс тұғырына көтерілді. «Балқаштың барысы» қола медальді қанжығасына байлады. Одан кейінгі екі жарыстағы көрсеткішіміз бірдей болды. 1995 жылы Берлинде Болат Жұмаділов (51 кило) күміс алса, Жиров (81 кило) екінші мәрте қолаға қол созды. 1997 жылы Будапештте Ермахан Ыбырайымов (71 кило) екінші орын иеленсе, Болат үшінші сатыға жайғасты.
Қазақ жанкүйерлері алғаш рет алтын медальдің сыңғырын 1999 жылы естіді. АҚШ-тың Хьюстон қаласында шымылдығы түрілген дүниежүзілік додада Болат Жұмаділов (51 кило) жасындай жарқылдады. Бастапқы бәсекелерінде түркиялық Сүлейман Пекдоған, армениялық Вахтанг Дарчинян және америкалық Джон Мединадан басым түскен қандасымыз жартылай финалда польшалық Анджей Ржаныды жолынан ығыстырды. Финалда аргентиналық Омар Нарваэстен айласын асырған Жұмаділов Америка көгінде Қазақстанның әнұранын шырқатты.
Жалпы 1993-2021 жылдар аралығында әлем чемпионатының жалауы 15 мәрте желбіреді. Біздің боксшылар ең үздік нәтижеге 2013 жылы қол жеткізді. Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен жарыста Біржан Жақыпов (49 кило), Мерей Ақшалов (64 кило), Данияр Елеусінов (69 кило) және Жәнібек Әлімханұлы (75 кило) алдарына жан салмады. Әділбек Ниязымбетов (81 кило) пен Иван Дычко (+91 кило) финалда ұтылса, Қайрат Ералиев (56 кило) пен Берік Әбдірахманов (60 кило) жартылай финалда жеңіліс тапты. Нәтижесінде, 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медальді қоржынға салған жерлестеріміз өз тарихында тұңғыш рет жалпыкомандалық есепте жеке-дара көш бастады.
2021 жылы Сербияның астанасы – Белградта ұйымдастырылған жарыста отандық былғары қолғап шеберлері 2 алтын, 2 күміс және 1 қоланы қанжығаларына байлап, жалпы есепте екінші орынды олжалады. Бұл жарыста Теміртас Жүсіпов (48 кило) пен Сәкен Бибосыновқа (51 кило) тең келер ешкім табылмады. Махмұд Сабырхан (54 кило) мен Серік Теміржанов (57 кило) ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста сүрінді. Ал Абылайхан Жүсіпов (67 кило) қола медаль алды. Белградта алдымызды тек Куба құрамасы орады. Олардың бізден бір алтыны артық болды.
Тағы төрт әлем чемпионатында үздік үштікті түйіндедік. 2003 жылы Бангкокта Галиб Жафаров (57 кило) пен Геннадий Головкин (75 кило) әлем чемпионы атанса, 2005 жылы Миньянда Серік Сәпиев (64 кило) пен Ердос Жаңабергенов (81 кило) дәл сол межеден көрінді. Одан бөлек, Қытайда Біржан Жақыпов (48 кило), Мират Сәрсенбаев (51 кило) және Бақтияр Артаев (69 кило) қола медаль иемденді. 2017 жылы Гамбургте 1 алтын, 2 күміс және 3 қоланы олжаласақ, 2019 жылы Екатеринбургте 1 алтын, 1 күміс және 4 қоланы еншіледік. Ал 1999 жылы Хьюстон және 2007 жылы Чикагодағы жарыстардың командалық есебінде бесінші орын алсақ, 2011 жылы Бакуде алтыншы сатыға тұрақтадық. Міне, бокс өнерін серік еткен Қазақ елінің өрендері үшін ең сәтті жарыстар осылар.
Өз тарихында 15 әлемдік додаға қатысқан Қазақстан құрамасы сол жарыстардың барлығында жүлде алды. Әлемнің әр қиырында сегіз рет әнұранымыз шырқалса, тағы жеті жарыста бас жүлде бұйырмады. Жерлестеріміздің сын сағатта сүрінген кездері де жоқ емес. Мәселен,1993 жылы Тампере мен 2009 жылы Миланда өткен жарыстарда жалқы қоланы қанағат тұттық. Ол жүлденің иегерлері – Василий Жиров пен Серік Сәпиев. 2001 жылы Белфаста жалғыз күміске қол жеткіздік. Солтүстік Ирландияның бас шаһарында Галиб Жафаров жарады. Міне, осы жарыстардың командалық есебінде үздік ондықтың қатарына қосыла алмай, өз жанкүйерлерімізді жерге қараттық.
Қазақ елінің өрендері арасында екі дүркін әлем чемпионы атанған жалғыз ғана боксшы бар. Ол – Серік Сәпиев. Қарағанды облысындағы Абай қаласының тумасы 2005 және 2007 жылдары қарсыластарын қоғадай жапырса, 2009 жылы қола және 2011 жылы күміс медаль олжалады. Даңқты Болат Жұмаділовте аталған жарыстың толық медальдер жиынтығы бар. Жамбыл бокс мектебінің түлегі 1995 жылы – күміс, 1997 жылы – қола және 1999 жылы алтын медаль иеленді. Иван Дычко (2 күміс, 1 қола) мен Абылайхан Жүсіпов (3 қола) үш реттен жеңіс тұғырынан қол бұлғады.
Тағы бір айта кетерлігі, Иван Дычко, Әділбек Ниязымбетов және Қамшыбек Қоңқабаев әлем чемпионатының финалында екі реттен жұдырықтасты. Бірақ олардың үшеуі де бас жүлдеге қол жеткізе алмады. Иван әзербайжандық Магомедрасул Меджидов (2013) пен франциялық Тони Йокадан (2015) ұтылса, Әділбектің Кубаның қабыланы Хулио Сесар ла Крузға (2011, 2013) әлі жетпеді. Ал Қамшыбекті тоқтатқан Меджидов (2017) пен өзбекстандық Баходир Жалолов (2019). Осы жігіттердің арасынан Қоңқабаевтың сол олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндігі бар. Сыр бойының саңлағы санаулы күндерден кейін Ташкентте тұсауы кесілетін дүниежүзілік додада өнер көрсетеді. Әрине, Жалоловтың да қарап қалмайтыны анық.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1974-2021 жылдар аралығында өткен 21 әлем чемпионатының 12-сінде Куба қабыландары (1974, 1978, 1982, 1986, 1991, 1993, 1995, 2001, 2005, 2015, 2017, 2021) жалпыкомандалық есепте жеңіске жетті. Төрт мәрте Ресейдің (1997, 2003, 2007, 2009) мерейі үстем болды. Ал КСРО (1989), АҚШ (1999), Украина (2011), Қазақстан (2013) және Өзбекстан (2019) құрамалары бір-бір реттен теңдессіз деп танылды. Сондай-ақ әр жылдары Польша (1978), ГДР (1989), Германия (1991), Болгария (1991,1993, 1995), Румыния (1993, 1999), Мажарстан (1997), Түркия (2001), Италия (2007, 2009) мен Әзербайжанның (2011, 2013, 2015) өрендері ТОП-3 команданың қатарына қосылды.
Қазақстанның боксшылары әлем чемпионаттарында барлығы 51 жүлде жеңіп алды. Оның 14-і алтын, 15-сі күміс және 22-сі қола. Аталған жарыстағы табысымыз бойынша жерлестеріміз Куба (80+35+28), Ресей (26+21+22) және АҚШ-тан (18+13+19) ғана қалып келеді. Сондай-ақ ТОП-10 команданың қатарына Өзбекстан (10+15+19), Болгария (8+8+19), Украина (7+12+11), Румыния (7+5+17), Әзербайжан (4+4+11) және Италияның (6+3+15) былғары қолғап шеберлері еніп отыр. Тағы бір айта кетерлігі, үздіктер тізімінде келмеске кеткен Кеңес одағы да бар. Олар барлығы 43 (15+11+17) жүлдеге иелік етті.
Әлем чемпионатында жүлде алған Қазақстанның боксшылары
Алтын (14): Болат Жұмаділов (1999), Галиб Жафаров (2003), Геннадий Головкин (2003), Серік Сәпиев (2005, 2007), Ердос Жаңабергенов (2005), Біржан Жақыпов (2013), Мерей Ақшалов (2013), Данияр Елеусінов (2013), Жәнібек Әлімханұлы (2013), Қайрат Ералиев (2017), Бекзат Нұрдәулетов (2019), Теміртас Жүсіпов (2021) және Сәкен Бибосынов (2021),
Күміс (15): Болат Жұмаділов (1995), Ермахан Ыбырайымов (1997), Мұхтархан Ділдәбеков (1999), Галиб Жафаров (2001), Серік Сәпиев (2011), Әділбек Ниязымбетов (2011, 2013), Иван Дычко (2013, 2015), Данияр Елеусінов (2015), Әбілхан Аманқұл (2017), Қамшыбек Қоңқабаев (2017, 2019), Махмұд Сабырхан (2021) және Серік Теміржанов (2021).
Қола (22): Василий Жиров (1993, 1995), Болат Жұмаділов (1997), Ермахан Ыбырайымов (1999), Біржан Жақыпов (2005), Мират Сәрсенбаев (2005), Бақтияр Артаев (2005, 2007), Еркебұлан Шыналиев (2007), Серік Сәпиев (2009), Ғани Жайлауов (2011), Иван Дычко (2011), Қайрат Ералиев (2013), Берік Әбдірахманов (2013), Ержан Жомарт (2017), Абылайхан Жүсіпов (2017, 2019, 2021), Василий Левит (2017, 2019), Сәкен Бибосынов (2019) және Тұрсынбай Құлахмет (2019).