Қоғам • 24 Сәуір, 2023

Көркейген мекен – ел келбеті

361 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үкіметте Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен кеңейтілген келелі кеңеске алғаш рет қатысқан облыс­тық және аудандық мәслихаттардың төр­аға­лары қатарында болдым. Бұл қадамды Президенттің өзі айтқандай, саяси өзгеріс­тің бір нышаны деп қабылдаймыз.

Көркейген мекен  –  ел келбеті

Жаңа сайланған депутаттардың жұмысы қоғамды ілгерілетуге барын салып, кем-кетігінің түзелуіне үнемі үн қосуынан көрінеді. Президенттің ел дамуына бастайтын реформаларының да мүлтіксіз жүзеге асуы осы депутаттардың назарында болуы керек. Осылайша, саяси өзгерістер кезеңінде депутаттардың, оның ішінде мәслихат депутаттарының да салмағы арта түседі. Мұның бір көрінісі ретінде Мемлекет басшысы өткізген кеңеске тікелей қатысуымыз деп білемін. Бұл – халықтың бізге жүктеген жауапкершілігін одан сайын сезіне түсуімізге сеп. Өз кезегінде елді мекендердегі мәслихат депутаттары өз өңірінің мәселелеріне сергек қарап, әкімдіктермен тығыз байланыс орнатып, алға жылжуға күш-жігерін салуы керек. Президент айтқандай, мұның бәрі мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Келелі кеңесте Мемлекет басшысы айтқан басым бағыттарды жұмысымызда ұдайы басшылыққа аламыз. Әсіресе, қалалар мен ауыл-аймақтардың абат келбетін қалыптастыруға шақырған ойлары көңілімізден шықты. Расында, елді мекендердің көркеюінен тұтас еліміздің бет-бейнесі көрінеді. Сондықтан әр аймақтың азаматтары өз өңірін гүлдендіруге ерекше мүдделі болғаны ләзім. Бұл мәселеге әрбір жергілікті тұрғын сергек қарауы керек. Өйткені айналымыздың тазалығы ауламыздың тазалығынан басталады. Мысалы, жақында мен жұмыс барысымен Қызылорда өңіріне барып қайттым. Ондағы елді мекендерді аралағанда әрбір үйдің ауласына дейінгі тазалығына ерекше тәнті болдым. Арғы жағындағы Түркістан өңіріне барғанымызда да осындай көрініске куә болдым. Яғни бұл өңірдегі ағайынға ешкім келіп айналасын тазартуға шақырмайды, тұрғындарда сондай тамаша мәдениет қалыптасқан. Дәл осылай еліміздің барлық азаматы өзі тұрып жатқан жердің тазалығына, көркеюіне мүдделі болса, үлес қосса, байтақ даламыз құлпырып шыға келеді.

Жалпы, Президенттің барлық жердегі инфрақұрылымды дамытуды ерекше екпін салып айтқаны қуантады. Бұл ретте 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар түзу туралы сөз қозғалды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының азаматтар тарапынан жиі түсетін қаңғыбас иттерге қатысты үн қатқаны да ерекше назар аудартты. Мұның президенттік деңгейдегі мәселе емес екенін өзі де айтты. Бірақ, бұл мәселенің ұсақ-түйегі болмайтынын, бар­лығы тұрғындардың, әсіресе, балалардың қауіпсіздігі үшін маңызды екенін аңғартады. Аталған жағдайдың реттелуін өз өңіріміз­де біздің назарымызда ұстаймыз, заңдық жағынан шешудің тиімді тұстарын жан-жақты талқылаймыз.

Міне, осындай қадамдармен Әділетті Қазақстанның іргесі нығая түседі. Қолға алынған жаңа реформалардың барлығы халықтың күткен үмітін ақтайды деп сенемін.

 

Рашид ӘБЕУОВ,

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы мәслихатының төрағасы