10 Шілде, 2014

Жақсылыққа үндер шара

362 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жыл сайын маусым айының аяғына таман әлемдік қоғамдастық Нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күнін атап өтуді дәстүрге айналдырған. Ондағы мақсат – жұртшылықты саламатты өмір салтын ұстануға шақыру, жаһандық дертпен жұмыла күресуге үндеу. Осыған байланыс­ты биыл Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Саламатты өмір салтын қалыптастыру» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өңірдің барлық аудандары мен қалаларында «Сенің есірткің – саламатты өмір салты болсын!» ұранымен іс-шаралар өткізілді. БҰҰ-ның соңғы мәліметтері бойынша қазіргі таңда әлемде нашақорлардың саны 185 миллионнан кем емес көрінеді. Оның ішінде нарколог-дәрігерлерді алаңдататын мәселенің бірі – жасөспірімдердің есірткіге тәуел­ділігінің жыл сайын артып бара жатуы. Осыдан үш-төрт жыл бұрын есірткі пайда­лана­тын­дардың ең жасы 16-17-лер шамасында болса, бұл қазір 13-14 жасқа төмендегеніне нақты дәлел келтіріп отыр сарапшылар. Сондықтан да ең алдымен еліктегіш кезеңіндегі жасөспірімдерге бейжай қарауға болмайтынын ұмытпағанымыз абзал. Бұл орайда Оңтүстікте өткен іс-шаралар легінің жасөспірімдерге арналған қойылымнан басталғанын айт­қымыз келеді. Оңтүстік Қазақстан облыстық сатира, әзіл-сықақ театрының нашақорлыққа қарсы дайындаған «Барон» атты драмасы алдымен үш күн қатарынан Шымкент қаласында қойылып, сосын аудандарға жол тартты. Самат Алтаев сахналаған бұл психологиялық драма жазғы лагерьлерде дем алып жатқан балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, «қиын балалар» деп есептелетін жасөспірімдерге көрсетілді. Нашақорлықтың азабын психо­логиялық тұрғыдан жан-жақты бейнелеген драма балаларға үлкен әсер қалдырды деп есептейміз. Саламатты өмір дағдысын балалардың бойына ерте жастан сіңіру, оларды зиянды әдеттерден аулақ болуға үгіттеу мақсатында орталық қызметкерлері Машат шатқалында орналасқан лагерлерьде сан тақырыпты қамтитын іс-шаралар мен байқаулар ұйым­дастырып өткізді. Оның ішінде сурет байқауларын, спорттық жарыс­тарды, «Сенің таңдауың бар ма?» атты шарасын атап айтуға болады. Психологтар балалармен тренингтер жүргізді. Сондай-ақ, орталық «Самал» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне велосипедтер мен спорттық сөмкелер, скейтбордтар табыстап, көңілдерін көтеріп тастады. Содан кейін өңір орталы­ғында облыс әкімдігінің қолдауы­мен, облыстық ішкі істер депар­таментінің, прокуратураның, денсаулық сақтау, білім, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармаларының, қала әкімдігі мен басқа да ұйымдардың, тұрғындар мен қонақтардың, жастардың қатысуымен велошеру болды. Бұл шеруге балалармен қатар қарттар, ұзын саны 300 адам қатысты. Оларды «Наурыз» алаңында көпшілік қарсы алды. Бұл жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов, облыс прокурорының бірінші орынбасары Батырхан Жәнібеков сөз сөйлеп, көпшілікті саламатты өмір салтын ұстануға шақырды. Шеруге белсенді атсалысқан ең жас вело­шеруші мен ең егде ве­ло­шерушіге велосипед сыйға ­тартылды. Мекемеміздегі денсау­лық сақтау орталығының еріктілері және мамандары қала көшелері мен саябақтарын жаяу жүріп өтті. Жастар әсерлі викторина ойындарын жүргізіп, нашақорлықпен батыл күресуге шақырды. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдарға «Есірткіге жол жоқ!» деген жазу жазып, осы кеселден мүлдем бас тартуға үндеу тастады. Осылайша нашақорлықтың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары аймақтың барлық аудандарында жүргізілді. Жанат ТОҒАЙБЕКОВА, «Облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру» мемлекет­тік мекемесінің директоры. ШЫМКЕНТ.