Жезқазған, Сәтбаев және Ұлытау аудандарын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары өңірге жаңа серпін береді. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Жезқазғанға жұмыс сапары барысында мәлімдеді.
Облыс басшысы жұмыс сапарының басты мақсаты – Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарының жүзеге асырылу жайымен танысу болды.
Аталған жоспарда «Қазақмыс» корпорациясының минералды-шикізат базасын кеңейту, шағын және орта бизнесті дамыту, тұрғын үйлер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандары құрылысын салу, әлеуметтік және көліктік инфрақұрылымдарды дамыту, табиғатты пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы аумақтарын дамыту мәселелері қамтылған болатын.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі өңірдегі ең ірі өндірістің бірі – Оңтүстік Жезқазған кенішінде болды. Мұнда төрт ірі шахта бар. Тәулігіне жоспар бойынша 22800 тонна кен, сондай-ақ, 148 тонна мыс өндіреді. Кеніште 2200 адам жұмыс істейді. Шахтаға түсіп, кеншілердің жұмыс жағдайын өз көзімен көрген Нұрмұхамбет Қанапияұлы жер астындағы еңбекті ұйымдастыру барысына өз ризашылығын білдірді. Корпорация басшыларымен болашақта кен өндірудің көкжиегін кеңейтуге бағытталған іс-шараларды ортаға салды. Кенді өңірді дамытудың кешенді жоспарында белгіленген Жезқазған кентін, Весовая, Крестовский және ГРП елді мекендерін көшіруге қатысты мәселелерді талқылап, ол жерлерді аралап көрді.
Облыс әкімі Жезқазған қаласында жұртшылықпен кездесуде көтерілген барлық мәселелерді назарға алып, оларды шешуге байланысты шараларды қарастыру үшін орынбасарларына тапсырмалар жүктеді. Нақты жағдайларға байланысты тұшымды түсініктер берді. Сонымен қоса, сапар барысында Н.Әбдібеков Жезқазған мыс қорыту зауытына барып, қазіргі жағдайымен және жөндеу жұмыстарының кестесімен танысты. Аймақтағы индустрияландыру картасына енгізілген «Казтехфильтр» ЖШС кәсіпорнының жұмысын көрді.
Облыс басшысы қалалық әкімдіктің мәжіліс залында Жезқазған, Сәтбаев қалаларының және Ұлытау ауданының әлеуметтік-экономикалық даму барысын талқылаған актив жиналысын өткізді. Оның жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаттары Нұрлан Жазылбеков пен Арман Қожахметов, сондай-ақ, «Қазақмыс» корпорациясының басшылары қатысты. Жиналыста үстіміздегі жылдың бес айының қорытындысына және Үкімет қабылдаған өңірді дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарында белгіленген міндеттерге баса назар аударылды.
Әкімдердің есебін тыңдап, актив жиналысын қорытындылаған облыс басшысы өңірді дамытудың өзекті міндеттерін атап көрсетті.
– Жезқазған – келешегі кемел аймақ. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын әркез өзінің жіті назарында ұстап келеді. Өңірді дамытудың мүмкіндігі де мол. Тек оның көзін тауып, ерекше іскерлікпен жұмыс істей білу керек. Ауқымды шараларды қамтитын кешенді жоспар экономикалық және әлеуметтік бағытта одан әрі дамудың даңғыл жолына түсуде ерекше серпін берері анық. Сондықтан, ол мінсіз, мүлтіксіз орындалуы тиіс. Жұмылған жұдырықтай болып әрекет етсек, Жезқазғанның келешегі кемелдене түседі, – деп түйді сөзін Н.Әбдібеков.
Амандық РАХҰЛЫ,
журналист,
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ЖЕЗҚАЗҒАН.