10 Шілде, 2014

Ақпараттар ағыны

270 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
● «ҚазАгро» биыл Сол­түс­тік Қазақстан шаруаларын қолдауға 8,2 млрд. теңге жұм­сады. Ведомствоның мәлі­ме­тінше, қазіргі таңда холдингтің инвестициялық қоржынында 263,8 млрд. теңгені құрайтын 417 жоба бар. Олардың 308-і пайдалануға берілген. Соның ішінде 15,1 млрд. теңгенің 47 жо­ба­сы осы облыстың еншісінде. Қазір бұлардың 37-сі іске қо­сылды. ● Павлодар облысында автомобиль жолдары сапасының атласы жасалады. Бұл туралы айтқан облыс әкімі Қанат Бо­зымбаев осы құжаттың негізінде жол жөндеу жоспарланып, конкурстар өткізілетінін жеткізді. Аймақта жаңарту жұмыстарына 5,4 млрд. теңге бөлінген. ● Өскеменде белгілі ақын Ұлықбек Есдәулеттің 60 жыл­дығына арналған кеш болды. Оған қатысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев танымал қаламгерді осы мерейтойымен құттықтап, көлік мінгізіп, иығына шапан жапты. ● Ақмола облысының Щу­чье қаласында кәсіпкерлікті қолдау орталығы ашылды. Оның негізгі мақсаты кәсіпкер болуға ынта білдірген ауыл тұр­ғындарына ойға алған ісін жүзеге асыруға, кәсіпкерлердің бизнесін дамытуға қолдау көрсету болып табылады. ● Оңтүстік Қазақстандағы көне Күлтөбе мұражай қала­шыққа айналады. Түркістан қаласындағы мавзолей маңынан табылған бұл шаһарды  мұқият сақтау үшін қазір оның төбесі жабылып жатыр.  Бұл үшін «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде 9 млн. теңге қарастырылған. ● Қызылордада Астана күніне орай 232 пәтер пайда­лануға берілді. Облыс әкімі Қы­рымбек Көшербаев жаңа қоныс иелерін құттықтап, оларға салтанатты түрде кілт табыс етті. Мұнда барлығы 8 көпқабатты үй қатарға қосылды. Енді биыл республикалық және жергілікті бюджеттердің есебінен 5 млрд. 257 млн. теңгеге 24 тұрғын үй салынып, олардың 22-сі жыл соңына дейін бітеді. ● Қостанай қалалық балалар ауруханасы жанынан оңал­ту орталығы ашылды. Онда неврологиялық кеселге шал­дыққан балалар ем қабыл­дайды. Орталықты қажетті жаб­дық­тармен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 8 млн. теңге қаржы шығарылған. ● Ақтөбеліктер полицияға 310 қару тапсырды. Облыс тұр­ғын­дары қазір заңсыз сақталған қаруды тапсыру жөніндегі акцияға белсене қатысуда. Сонымен бірге, азаматтар полицияға 8 мың дана қару-жарақ, 0,5 кило оқ-дәрі мен 4 қылышты ерікті түрде әкеліп тапсырған. Хабарлар «ҚазАқпарат», Аltaynews.kz, Alau.kz, Egemen.kz агенттіктері мен облыстық әкімдіктер сайттарының деректері бойынша дайындалды.