10-партияда ақ тастардың қожайыны Дин Лижэнь өз жүрісін сенімді бастады. Қытайлық гроссмейстер бұл жолы да «төрт атпен» ағылшындық жүрісті таңдады. Шахматшылар матчтың 14-ші жүрісіне дейін 2020 жылы Непомнящий – Кардозо арасында өткен тартысты бәсекенің (сол кездесуде Ян жеңіске жеткен болатын) қадамдарын қайталап отырды. Непомнящий 14-ші жүріске келгенде h4 жүрісін жасап, ойын барысын басқа арнаға бұрып жіберді. Бұл кезде де екі ойыншының позициясы тең дәрежеде тұрса да, ақ тастардың патшасы қауіпсіз аймақта еді. Сондықтан Динде бәрібір белгілі бір деңгейде басымдық болды.
Бірақ әрі қарайғы із кесу жүрістерінде Лижэнь өз мүмкіндігін пайдалана алмай, шахматшылар 45 жүрістен кейін бір-бірінің қолын алып, тең нәтижеге келісті. 10-партия үш сағаттан аса уақыт ойналды.
Ал бір күннен кейінгі 11-партияда Непомнящий ақ тастармен ойнап, әзірше өзіне тиімді болып тұрған тең нәтижеге қол жеткізді. Дегенмен 15 жүріске дейін ресейлік шахматшы бірнеше позицияда жақсы мүмкіндіктерге ие болып тұрған-ды. Бәсекені жүргізіп отырған шахматтан 15-ші әлем чемпионы үндістандық Виши Ананд та Янның позициясын жоғары бағалап, «енді оған әрі қарай ойнау жеңіл болады», деген еді. Алайда Непомнящий кейінгі жүрістерінде бұл басымдығын пайдалана алмады. Кездесудің 39-шы жүрісіне келгенде екі шахматшы да тең нәтижеге разы екендіктерін білдіріп, партияны жалғастырудан бас тартты. Бір қызығы, 11-партияда әлем чемпионы атағынан үміткерлер небәрі екі-ақ сағат ойнады. Бұл – биылғы әлем чемпионатындағы ең жылдам ойналған партия және біріншіліктегі қатарынан төртінші, ал жалпы алтыншы тең нәтиже болды.
Әлемнің ең үздік шахматшылары арасындағы жаһандық дода күн өткен сайын өз мәресіне таяп келе жатқан соң соңғы партияларда тең нәтиже жиі тіркеліп жататыны заңдылық. Өйткені бұл кезеңдегі әрбір жүрісті тәжірибелі гроссмейстер «жеті рет ойланып, бір рет жасамаса», ақыр соңында опық жеп қалуы әбден мүмкін. Сондықтан олар соңғы партияларда аса көп тәуекелдерге бара қоймайды. Әсіресе есепте алда келе жатқан ресейлік шахматшы. Оған қазір тең нәтиженің өзі де жеңіспен пара-пар. Ал Дин Лижэнь әлемнің шахмат тәжін өз еліне алып кеткісі келсе, енді соңғы үш ойында барын салып, жеңіске жетуі керек. Әйтпесе, бәсеке тағдыры Непомнящийдің пайдасына шешілетіні анық.