Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының табиғат қорғау инспекторлары бірлесе киіктер төлдейтін аумақтарды қорғауға алады. Екі облыстың 51 инспекторы 2 тікұшақ, 15 жол талғамайтын көлік, 8 КамАЗ, дроньдармен күндіз-түні рейдтік шаралар өткізеді. Ақбөкендердің төлдеу маусымынан кейін бірден басталатын санаққа ғалымдар да қатысады. Қазіргі кезде барлық инспектор планшеттермен қамтамасыз етілді және олардың көліктеріне бейнежазба жүргізетін қондырғылар орнатылған. Рейд барысында планшеттерде тіркелген мәліметтер бірден орталық органға түседі.
Дүние жүзі бойынша киіктердің 97%-ы Қазақстан аумағында өмір сүрсе, 3%-ы Ресей мен Моңғолия жерін мекендейді. Кейінгі үш жылда еліміздегі киік саны 348 мыңнан 1 млн 318 мыңға дейін өсті. Киік санының өсуіне кейінгі үш жылдан бері кең ауқымда іске асырылып жатқан табиғат қорғау шаралары әсер етті. Елімізде 2024 жылға дейін киіктерді атуға тыйым салынды. Қазақ даласын киіктердің Бетпақдала, Орал, Үстірт тобы мекендесе, олардың ішінде саны жағынан ең көбі – Орал тобының киіктері. Батыс Қазақстан облысы аумағынан Орал тауларының бойымен Башқұртстан жеріне дейін өретін Орал тобының саны бүгінде 801 мыңға жеткен. Маңғыстау облысы, Өзбекстанмен шекара бойын жайлайтын Үстірт тобы киіктерінің саны 28 мыңнан аспайды. Ақтөбе облысында Үстірт киіктерінің тобы Шалқар, Байғанин аудандарында таралған. Орталық Қазақстанды, Арқаны емін еркін жайлайтын, денесі ірі, тұрқы ұзын Бетпақдала киіктерінің саны 80-100 мың аралығында дейді мамандар. Бетпақдала үйірлері Арқадан Торғай арқылы Ырғыз жеріне, одан Әйтеке би ауданы аумағына өтеді де, Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстарынан жортып, Жезқазғанға дейінгі аралықты мекендейді.
«Киік – өте өсімтал жануар. Биыл туған лағы келесі жылы төлдейді. 15 сәуірден бастап киік санағын бастап, күзге таман аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Күзде дала жануарының саны елімізде 2 млн басқа жетеді деген жорамал бар», дейді Марлен Айнабеков.
Ежелгі заманнан қазақ даласын мекен етіп келе жатқан ақбөкендер санының көбеюіне инспекторлардың еңбегі зор. 2019 жылы қаңтар айында Қарағанды облысында заңсыз киік аулаушыларды тоқтатпақ болғанда «Охотзоопром» мемлекеттік кәсіпорнының инспекторы Ерлан Нұрғалиев қаза тапқан еді. Қоғамды дүр сілкіндірген осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев браконьерлерге қатысты жазаны қатаңдатуды тапсырды. Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер бойынша киік атқандарға 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, браконьердің дүние-мүлкі тәркіленетін болды.
Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділкерей Әуелбаевтың айтуынша, бес-алты жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда табиғат қорғаушылардың техникалық жарақтандырылуы жақсарған. Былтыр Әйтеке би ауданының шаруаларынан киік үйірлері егіс алқаптарын таптап тастады деген шағым түскен еді. Әділкерей Әуелбаев жаз кезінде шаруалар егіс алқаптарын қоритын адамдарды жұмысқа қабылдауы керек деген пікірде: «Бұрынғы уақытта жаздағы киік миграциясы кезінде егіс алқаптарын ауыл адамдары қорғап жүретін».
Марлен Айнабековтің пікірінше, аша тұяқты жануарлар үйірі жүріп өткен жерде топырақ құнары жақсарады әрі дала шөптерінің тұқымдары киік тұяғымен тасымалданады. «Осы мәселеге басқаша тұрғыдан қарауға болады. Өйткені көп жағдайда шаруалар мемлекеттен субсидия алу үшін де киіктердің егінді таптауы жайында көп айтады», деді ол.
Дегенмен табиғат қорғаушылары 800 мың бастан асып бара жатқан Орал тобы киіктерінің шектен тыс көбеюіне алаңдаулы. Осы түз жануары қазіргі кезде бұрын онша мекендемейтін Қызылорда, Абай, Павлодар облыстарына таралып жатыр. Табиғат қорғау іс-шараларының нәтижесінде, екі жылдың ішінде киіктерді аулауға қатысты браконьерлік дерегі 90%-ға азайған. «Охотзоопром ӨБ» Ақтөбе өңірлік филиалының басшысы Болатбек Лайықовтың хабарлауынша, екі жылда өңірде заңсыз киік атушылардың 9 дерегі тіркелген. Инспекторлардың міндеті – браконьерді ұстап, қылмысын тіркеп, полицейлер қолына тапсыру.
Биылғы қыста Әйтеке би, Ырғыз ауданында 60-80 мың, Қобда ауданында 5-8 мың бас киік қыстап шықты. Бірер күн бұрын Батыс Қазақстан облысында киіктерден үй малына кене жұғып жатыр деген ақпаратқа қатысты Марлен Айнабеков «Киіктен үй малына кене жұқты деген – негізсіз әңгіме. Кененің көбеюіне күннің күрт ысуы себеп. Қазіргі уақытта кененің көбеюіне байланысты Ветеринария комитеті мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан университеті мамандары бірлесе жағдайды зерттеп, қорытындысын берді. Кене киіктен таралмаған», деп жауап берді.
Ақтөбе облысы