
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Биылғы сессия «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» деген атпен өтеді. Қатысушылар Әділетті Қазақстанды құру мақсаты тұрғысында ұлт бірлігі құндылығын, жүйелі өзгерістерге саяси және қоғамдық серпін беруді, мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде ұлттық саясаттың мәнін, түрлі этностың үлесін, сондай-ақ олардың белсенді рөлін, т.б. мәселелерді талқылайды.
Сессияның секциялы жиыны Назарбаев университетінде өтеді. Онда делегаттар мен сарапшылар пікірталас алаңдарында жоғарыдағы тақырыптарды ортаға салады. Ал 27 сәуірде – сессияның Пленарлық отырысы Бейбітшілік және келісім сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтеді.
1995 жылы 1 наурызда құрылған Ассамблея құрамында қазір 583 адам бар. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыстарда өңірлік ассамблея өкілдігі жұмыс істейді.
Жыл сайын ел Президенті – ҚХА Төрағасының төрағалығымен өтетін сессияның барлық шешімі мемлекеттік органдар үшін маңызды. Сессиялар арасында жұмыс істейтін Ассамблея кеңесіне республикалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, депутаттар, министрлер, облыс әкімдері кіреді. Бүгінде Ассамблея кеңесінің құрамына 84 адам мүше. ҚХА-ның негізгі қызметі Конституция, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңына, сондай-ақ Президент Жарлығымен бекітілген ҚХА-ның 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасына негізделген.
Ал 2022 жылдан бастап ҚХА жоғары заң шығарушы орган – Парламент Сенатына өкілдік етті. Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚХА ұсынысы бойынша 5 депутат тағайындалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі саяси реформаларды жүзеге асырудағы рөлін күшейту қажет екенін айтып, оның Мәжілістегі квотасын Сенатқа ауыстыру туралы ұсынысын білдірген еді.
«Бұл – саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде Мәжілістегі депутаттардың жалпы саны азаяды. «Аз болса да, саз болғаны» жақсы. Мұндай өзгеріс түрлі этностық топтарға мандат беріп, олардың үні жоғарғы палатада естілуіне мүмкіндік жасайды. Жалпы, Сенаттың жоғарғы палата ретінде жұмыс істеуін дұрыс әрі орынды деп санаймын», деді бұл туралы Президент.
Қазіргі таңда республика бойынша 1000-нан астам этномәдени, оның ішінде 14 республикалық бірлестік жұмыс істейді. Оның ішінде 405 этномәдени бірлестік ҚХА-да аккредиттелген (14 республикалық және 391 өңірлік). Сондай-ақ еліміздің 17 өңірінде «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалдары жұмыс істейді, жаңадан құрылған 3 өңірде филиалдар ашу мәселесі қаралып жатыр. «Ассамблея жастарының» құрамында қазірдің өзінде 8000-нан астам мүше бар.
Достық үйлеріне келер болсақ, ол Ассамблеяның көпфункционалды ресурстық бірлестігі болып отыр. Бұған қатысты Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Достық үйлері жиналыстар мен салтанатты жиындар өтетін залға айналмауға тиіс деген еді.
«Достық үйлері ҚХА-ның халықтық бастамалары үшін ресурстық орталықтар және жобалық кеңселерге айналуға тиіс. Этномәдени бірлестіктер де бұл жұмысқа белсенді қатысуы қажет», деді Президент. Осыған орай Мемлекет басшысы бейінді министрліктер әкімдіктер көп адамды қамтитын республикалық жобаларды жүзеге асыру барысында Ассамблеяның, оның құрылымдарының жұмысына қолдау көрсету қажеттігін баса айтты.
Сонымен қатар Ассамблея қызметін ғылыми тұрғыдан бағамдау мақсатында 2009 жылы ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі құрылды. Оның құрамына 58 ғалым енген, оның 35-і – ғылым докторы, 12-сі – ғылым кандидаты. Сондай-ақ зерттеу институттарының басшылары мен қоғам қайраткерлері бар.
Кейінгі жылдары Ассамблея қоғамдағы өзекті мәселелерді де қозғап, оның шешімін табуға зор үлес қосып келеді. Мәселен, ҚХА жанында аналар, ақсақалдар кеңесі, медиация институты құрылды. Ассамблея өкілдерінің айтуынша, бұл мекемелердің барлығы заңға сәйкес ұйымдастырылып отыр. Аталған мекемелердің жиындары мемлекеттік тілде өткізіліп, құжаттары да қазақ тілінде жазылады. Қазір өңірлерде облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық деңгейлерде, сондай-ақ ірі кәсіпорындар ұжымдарында 1 072 ақсақалдар кеңесі, 1 712 аналар кеңесі жұмыс атқарып келеді. Олар жергілікті халықтың өзекті мәселелерін шешуге белсенді қатысып, кез келген жанжалдың алдын алуға тырысады.
ҚХА қызметінің басты бағыттарының бірі – қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласындағы медиация институтын дамытуға көмек беру. Ассамблеяның медиация желісіне 1 республикалық және 19 өңірлік кеңес кіреді. Онда халық, мекеме, екі тарап арасындағы даулы мәселелерді шешуге, тіпті отбасылар арасындағы түсініспеушілікті реттеуге 1 222 медиатор кеңес беріп, татуластыруға атсалысады. Осылайша, Ассамблея елдегі отбасы институтының да дамуына үлес қосып отыр.